Дон Кихот І - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот І» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Публикация «Дон Кихота» в двух частях состоялась в 1605 и 1615 годах. Благодаря этому произведению автор стал известен во всем мире. С момента публикации книга стала устным романом и первым в литературе современным романом

Дон Кихот І - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Бұрынғылар алтынға балап әспеттеген, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған сол заманға не жетсін, шіркін — әрине, біздің бүгінгі темірге тәуелді боп қалған тұсымызда зор құндылық саналатын алтын сол заманда тегін болды дегеннен емес, сол кезде ғұмыр кешкен жандардың: сенікі және менікі деген екі сөзді білмегендігінен туған ұғым еді бұл. Сол бір құдай жарылқаған заманда барлығы да ортақ болатын. Күндізге қажет азықтан қамсыз болуы үшін адамның қолын созып, еңселі емендерге қарай ұмсынғаны-ақ жетіп жататын, бұтақтары да оған қарай бұрылып, былбырай піскен тәтті жемісін шаш-етектен тарту ететін. Ағысы шапшаң өзендер мен мөлдір бұлақтар қанша ішсең де сарқылмас дәмді де кіршіксіз таза суымен шөлін қандыратын. Данагөй де еңбекқор аралар қуысты жартастар мен кеуекті ағаштарда өз мемлекеттерін орнатып, алақан жайған жанның бәрін айрықша тәтті еңбектерінің тіл үйіретін жемісімен ақысыз-бұлсыз жарылқап жататын. Тығындық жуан емендер өз бойларынан жалпақ та жеңіл қабығын сыдырып беретін — олар мұны басқа бір оймен істемейтін, шарапатын тигізуді көздейтін, сөйтіп адамдар онымен өздерінің қарабайыр бағана-тіреумен ұстатылған құжыраларын жабатын, — жапқанда тек әншейін емес, жауын-шашыннан қорғану мақсатын ғана көздейтін. Ол кезде барлық жерде бірдей достық, тыныштық және келісім үстемдік етіп тұрды. Ауыр соқаның қисық түрені ол кезде әлі түп анамыздың төсін тіліп, шарапат толы ішкі құрылысын зерттеуге тәуекел ете қоймаған еді, өйткені оның құнарлы да кең шалқар аясы сол тұста өзіне иелік еткен балаларын барлық жерде бірдей және ерікті түрде көңілдері не қаласа соның бәрімен тойындырып, ішіндіріп және шаттандырып отырған болатын. Ол кезде биік төбелер мен жазық далаларда үстеріне ар-ұятымыз қашан да бүркеуді талап еткен және бүгін де талап етіп отырған жерді ғана қымсына көлегейлейтін киім киген, жалаң бас, бас киім орнына иманжапырақ пен шырмауықтың балғын жапырақтарынан гүлдесте таққан, — соңғы кезде бұл сәнге айналып, оны әшекейлеуге алуан сипатта құбылта қолданылатын Тир пүліші мен жібек пайдаланылады, — сүйкімді де аңқау бақташы қыздар қыдырыстап жүретін және осындай киім-кешегімен-ақ олар, біздің не істерді білмей ерігіп, не қилы оғаш нәрселерді ойлап тауып, әурешілікке түсіп жүрген зиялы ханымдарымыз секілді паң да нәзік көрінген шығар. Ол кезде сүйген жүректің аңсары қалай ауса солай, жасанды түрде сәндеп-әрлемей-ақ және астарламай-ақ қарапайым да табиғи түрде жеткізілетін. Шыншылдық пен турашылдықта өтіріктің, екі жүзділіктің және жымысқылықтың жұқанасы да болмайтын. Пайдақорлық пен қараулық бүгінгі күні осынша қорлап, қуғынға салып және пендешілікке итермелеп жүрген әділ сот ол кезде өте қаһарлы болатын, әлгі аталғандардың оны басынуға немесе тура жолдан тайдыруға тәуекел етерлік шамасы жоқ-ты. Жазаны көңіл ауанына қарай бере салу деген нәрсе соттың қаперіне кіріп те шықпайтын, өйткені ол кезде біреуді бірдеңе үшін сотқа тарту деген болмайтын. Қыздар болса, әлгінде айтып өткенімдей, базары бойында, тиым да, тексеру де көрмей, әлдебіреудің нәпсіқұмар азғындығы салдарынан жәбір көрем деп те қорықпай, қалаған жеріне барып жүретін, ал егер қыз белгісін жоғалтар болса онда бұл тек өз ықтиярымен және ықыласымен ғана жасалатын. Ал, бүгінгі залымдық жайлаған заманымызда олардың бәрі қорғансыз, тіпті оларды Криттегі секілді шығар жолы шырғалаң әлденендей бір жаңа қапасқа апарып қамап тастасаң да, — өйткені, нәпсіқұмарлықтың құрты әуеде ұшып жүреді, анау әлгі ант атқыр зиялы ортада жүз көрсетуге құштарлықтың қырсығынан ашпайтын есігі, кірмейтін тесігі жоқ, — тіпті, соның өзінде де әлгі қапастан оларға қайран болмас еді. Заман оза келе әлемде зұлымдық көбейген үстіне көбейе түсті, сөйтіп ақыр аяғында оларды қорғау үшін кезбе рыцарьлар ордені жасақталды, оған қыздарды қору, жесірлерге жәрдем беру, қаріп-қасерлер мен жоқ-жітіктерге көмектесу міндеті жүктелді. Міне, сол орденнің бір мүшесі мына мен болам, бақташы бауырларым, сөйтіп енді қазір өз атымнан және атқосшымның атынан сіздерге ас-суларыңыз бен қонақжай көңілдеріңіз үшін алғыс айтуды жөн көріп отырмын. Ақиқатына келгенде, кезбе рыцарьға қол ұшын беру жер бетінде ғұмыр кешіп жүрген барша жанның төл парызы боп табылады, бірақ, осынау өз міндеттеріңізді білмегендеріңізге қарамастан мені ақ көңілмен қарсы алып ішіп-жем бергендеріңізді біліп отырғандықтан, еш жалғаны жоқ ақ пейілдеріңіз үшін еш жалғаны жоқ мақтау айтқым келеді.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий