Knigionline.co » Казахские книги » Дон Кихот ІІ

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот ІІ» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Мистер Дон Кихот полюбил рыцарские романы и решил стать рыцарем. Он отправляется вместе со своим оружейником Санчо Пэнси в путешествие во имя любви к Дульсинеи Тобосской. Это путешествие и в наши дни пленяет читателя.

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Жақсылап басқару жағына келсек, ол жайында маған өтініш айтудың керегі жоқ, — деп мәлім етті Санчо. — Мен өзім иі жұмсақ адаммын, жоқ-жұқаға аузымдағыны жырып берем, ал кімде-кім нанды өзі илеп, өзі пісірсе, оның бір тілімін де ұрлатпайды, және, құдай куә, мен тұрған жерде атышулы ұры да аштан өледі, көре-көре көсем боласың дегендей, мені ешкім тақырға отырғыза алмайды, әр нәрсенің аңысын аңдимын және аңдамай сөйлеген ауырмай өлетінін білем, жалпы, өзім, негізі, ақырын жүріп, анық басқанды ұнатам, мұның бәрін айтып тұрған себебім, жақсылардың алдында жатып жастық, иіліп төсек болам, жамандарды маңайыма да жуытпаймын. Байқауымша, ел басқаруға тәуекел де де тас жұт дегендей, бірден кірісіп кету керек секілді, сонда бірер аптада губернаторлыққа әбден машықтанып, оны диқаншылықтан да артық меңгеріп кетерім кәміл, ал өзім көзімді тырнап ашқалы бері диқанмын ғой.

— Дұрыс айтасың, Санчо, — деп құлаққағыс етті герцогиня, — ешкім іштен ғалым боп тумайды, тіпті епископтардың өзі де ағаштан емес, адамнан жаратылады. Алайда, әлгінде әңгіме еткен жайымызға, атап айтқанда, сеньора Дульсинеяның жадылану жайына, қайта оралайық: мырзасын күлкіге айналдыруға, оны әлгі шаруа әйел — Дульсинея дегенге сендіріп бағуға, ал егер танымастық білдірсе, мұның себебі оның жадылануынан деп ұғындыруға бағытталған Санчоның осынау әурешіліктерінің бәрі, — иә, осының бәрі сеньор Дон Кихоттың қыр соңынан қалмай жүрген сиқыршылардың әлде біреуінің айла-шарғысы екендігі маған еш күмән туғызбайды және мұны даусыз ақиқат деп білем. Олай дейтінім, мәшіге секіріп мінген шаруа әйелдің шын мәнінде де тап сол Дульсинея Тобосская екені және мейірбан Санчоның басқа біреуді алдаймын деп жүріп өзінің алданып қалғаны маған сенімді дерек көздерінен қолмен қойғандай анық мәлім боп отыр. Бұл да көзбен көруімізге жазбаған жайлар секілді шүбә келтіруге болмайтын шындық. Сеньор Санчо Пансаның біліп қойғаны артық етпес, біздің де мұнда өз сиқыршыларымыз бар, олар бізді қадір тұтады және жарық дүниеде нендей оқиғалар болып жатқанын жауып-жасырмай, барынша дәлдікпен, бұлтарыс-жалтарыссыз баяндап тұрады. Сол секіргіш шаруа әйелдің шын мәнінде де дәп сол Дульсинея Тобосская екені, өзіміз қаншалықты жадыланған болсақ, оның да соншалықты жадыланғаны жайындағы бұл сөзіме Санчо сенуге тиіс, күндердің бір күнінде ол бізге өзінің шынайы кескін-кейіпімен көрінеді, қалай қателесіп жүргенін Санчо сонда ғана түсінеді.

— Әбден мүмкін, — деп Санчо қайтадан сөйлеп кетті. — енді қазір мен мырзамның Монтесинос үңгірі жайындағы әңгімелеріне де сенуге бармын: сол жерден ол сеньора Дульсинея Тобосскаяны көрдім дегенді айтып еді ғой, үстіндегі киім-кешегі де сол жолы мына мен Дульсинеяны жолықтырып-мыс, жадылауға аңсарым ауған кездегідей деген; иә, аууын ауып еді-ау, бірақ, айналып келгенде, бәрі басқаша боп шықты ғой, — шамасы, жоғары мәртебелім, жаңағы айтқандарыңыз рас та болар, себебі жартыкеш ақылым ондай қитұрқы қулықты қас қағымда қайдан ғана қиыстыра қойсын, оның үстіне, дүдәмал да шалағай дәлелдеріме қарап анандай адам айтса нанғысыз нәрсеге илана қоятындай мырзам да соншалықты дәнекүс емес шығар деймін. Солай бола тұрғанымен, ақпейіл сеньора, мені қаскөй біреу екен деп қалмаңыз: өйткені, ана қарғыс атқыр сиқыршылардың арам ойлары мен қулық-сұмдықтарын алдын-ала аңғару мен секілді милаудың қолынан келмейді, — мұның бәрін сеньор Дон Кихотқа жамандық жасау үшін емес, одан сөгіс естімеу үшін ғана ойлап тапқам, ал егер керісінше боп шығып жатса, онда көкте құдай бар, пиғылымыз қандай екенін біліп отыр.

— Жөн сөз, — деді герцогиня. — Жаңа сен Монтесинос үңгірі жайында бірдеңе дегендей болып ең, енді маған сол жайында айтып берші, Санчо. Білгім кеп сондай қызығып отырмын.

Сол арада Санчо Панса жоғарыда сипатталған шытырман оқиға жайында егжей-тегжейлі әңгімелеп берді. Герцогиня мұны тыңдап алған соң былай деді:

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий