Knigionline.co » Казахские книги » Дон Кихот ІІ

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот ІІ» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Мистер Дон Кихот полюбил рыцарские романы и решил стать рыцарем. Он отправляется вместе со своим оружейником Санчо Пэнси в путешествие во имя любви к Дульсинеи Тобосской. Это путешествие и в наши дни пленяет читателя.

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Бұл оқиғадан мынадай қорытынды жасауға болады: егер қадірменді Дон Кихот ол жерден Санчо тап сол Тобосо төңірегінен жолықтырған шаруа әйелді көрдім деп бой бермей тұрса, онда, әрине, оның тап сол Дульсинея болғаны, бұдан сиқыршылардың шектен тыс пысық әрі елгезек пәле екенін байқау қиын емес.

— Мен де соны айтып тұр емеспін бе, — деп Санчо Панса іліп әкетті, — егер сеньора Дульсинея Тобосская жадыланған болса — өзіне сол керек, ал мен мырзамның дұшпандарымен дүрдараз болғым келмейді: олар қисапсыз көп және бәрі де шетінен шақар екені анық. Ақ-адал шынымды айтсам, менің көргенім — шаруа әйел, оны шаруа әйел деп таптым және шаруа әйел деп есептеймін де, ал бұл Дульсинея боп шықса, мұнда менің шатағым жоқ және онда ешқандай шаруам да жоқ, әйтпесе ренжіп қалуым мүмкін. Бұл не пәле өзі, расында, соңымнан қалмай сүмеңдеп ереді де жүреді, не істейсің енді бұған. “Пыш-пыш-пыш, пыш-пыш-пыш, Санчо олай деді, Санчо былай қылды, Санчо кетті, Санчо келді”, құдды Санчо құр далақбай біреу секілді, ау ол деген күллі әлем кітаптардан таныс-біліс боп отырған Санчо Панса емес пе, — қалай болғанда да, әйтеуір, бакалавр Самсон Карраско маған солай деген-ді, ал ол кісі Саламанкада бакалаврлардың бакалавры саналады, мұндай адамдар әдетте өтірік айтпайды, тек өздері өте бір құштар болмаса немесе өте бір мұқтаждық туып қалмаса. Сондықтан маған жармаса бергендерін қойсын, ал енді өзім осындай абыройға жетіп отырсам, — адамның абыройы қандай байлықтан да бағалы дегенді мырзамнан естігем, — онда маған губернаторлықты ыңғайлап жіберіңіздер, сонда көресіздер қолымнан не келетінін; әлбетте, жақсы атқосшы жаман губернатор бола алмайды.

— Мейірбан Санчоның қазіргі айтқанын, — деп құлаққағыс етті герцогиня, — Катонның қанатты сөздері немесе, аз дегенде, florentіbus occіdіt annіs33 Микаэле Верринодан алынған үзінділер деуге келеді. Ақыр аяғында, мұның өз сөзімен айтсақ, жақсы маскүнем жаман плащ бүркенер, деудің қисыны бар.

— Тауып айттыңыз, сеньора, — деді Санчо, — арам ниеттің арбауымен өмірі бірдеңе ішіп көрген емен, — шөлдеген шақтарда ішкенім рас, өйткені көлгірсу дегеннен атымен аулақ жанмын: мен өзім зауқым соққан кездерде ішем, сондай-ақ біреу сый көрсеткенде бұлданшақ немесе кісәпір атанбас үшін зауқым соқпай тұрған кездерде де ішем. Өйткені, дос-жар адамың денсаулығың үшін стақан көтеріп жатса, жүрегің тастан жаралған жан болмасаң, оның денсаулығы үшін ішпей қалай тартынып қаласың? Дегенмен, шамамды білем, оның үстіне, кезбе рыцарь атқосшылары көбіне-көп қара су ұрттайды, себебі олар бар уақытын тоғайларда, ормандарда, шалғындарда, таулар мен жартастарда өткізеді, ал мұндай жерлерден бір жұтым шарапты емге де таба алмайсың.

— Әлбетте! — деді герцогиня. — Ал, енді қазір, Санчо, барып демал, қалған жайды бұдан да гөрі толығырақ, егжей-тегжейлі әңгіме ете жатармыз және саған губернаторлықты мүмкін болғанынша тезірек, өзің айтқандай, ыңғайлап жіберу жағын қарастырармыз.

Санчо герцогиняны тағы да қолынан сүйді, сосын айрықша көрсеткен жақсылығыңыз болсын, сұр жорғама қамқорлық жасаңызшы, өйткені оны көзімнің қарасындай көрем, дегенді айтты.

— Қандай сұр жорғаға? — деп сұрады герцогиня түсінбей.

— Есегіме, — деп жауап қатты Санчо. — Мұндай сүйкімсіз сөзбен атамау үшін мен, әдетте, оны “сұр жорға” деймін. Қамал-сарайға келіп кірген кезімде мына отырған сеньора дуэньядан оған көз қырын салуды өтінгем, ол болса, бейне бір мен оны кеспірсіз әйел немесе кемпір деп атағандай ал келіп байбалам салды дейсің, шынтуайтына келгенде, дуэньяларға сарайда сән түзегенше мал жайғау көбірек үйлесімді әрі ұнасымды ғой. Ойпырай, бір идальго, менің селоласым, бұларды иттің етінен жек көруші еді-ай!

— Шамасы, можантопай біреу болды ғой, — деп сөз қыстырды донья Родригес, — егер ол тәрбиелі идальго болса, мен сияқтыларды әулие тұтар еді.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий