Knigionline.co » Казахские книги » Дон Кихот ІІ

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот ІІ» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Мистер Дон Кихот полюбил рыцарские романы и решил стать рыцарем. Он отправляется вместе со своим оружейником Санчо Пэнси в путешествие во имя любви к Дульсинеи Тобосской. Это путешествие и в наши дни пленяет читателя.

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

Осындай және осы тектес басқа да қызғылықты жайлар төңірегінде әңгімелесумен болған олар шатырдан шығып, орманға қарай бет алды, мұндағы аңшы үйшіктері мен тұрақтарын аралап көрумен жүргенде күн де кешкірді, сөйтіп байқаусызда қараңғы түсіп кетті, алайда бұл — маусымның осы мезгіліне тән айы сүттей жарық, тып-тыныш түн емес-ті; ал айнала-маңайдағы заттың бәрін бүркеген түнек герцог пен герцогиняның ойға алған ісінің орындалуына керемет жақсы жағдай жасаған еді, сөйтіп қараңғылық қоюланған кезде ойда жоқта орманның барлық жерінен бірдей дерлік лап етіп өрт шықты да, іле-шала, құдды бір орман ішімен қалың қол келе жатқандай, оңнан да, солдан да, аннан да, мыннан да сансыз көп мүйіз сырнай мен басқа да әскери аспаптардың дауысы естілді. Оттың жарқылы мен әскери музыканың әуені сол арада тұрғандардың, соның ішінде тіпті осыны ұйымдастырушы сыбайластардың да, көзін қарықтырып, құлағын тұндырды. Одан соң жан-жақтан маврлар ұрысқа кірген кездегі дағдылы: “Алла ил алла!” деген айқай естіле бастады, кернейлер мен кларнеттер тартылды, барабандар дүңкілдеді, флейталар боздады және бәрінің бір мезгілде дерлік, тоқтаусыз әрі қатты дауыспен үн қосқаны соншалық, осынша аспаптың беталды шыққан жүйесіз дыбысынан тек есі жоқ адам ғана есін жоғалтпастай еді. Герцог мелшиіп қалды, герцогиня не дерін білмей аңырды, Дон Кихот қайран болды, Санчо Панса қалтырап кетті, тіпті сыбайластардың да жүрегі түршікті. Қорқыныш буып тастауы себепті ешкім қыңқ ете алмады, осы сәт олардың қарсы алдынан шабарман бой көрсетті: үстіне қара түсті киім киіпті, ал корнеттің орнына қырылдаған үрейлі үн шығаратын, тесігі аумақты, алабөтен үлкен мүйіз сырнай ұстапты.

— Ей, қадірменді шабарман! — деп айқайлады герцог оған. — Сен кім боласың, қайда барасың және орман ішімен лек-лек боп келе жатқандай әсер етіп тұрған неғылған әскер?

Бұған шабарман құлақ жарардай қатты әрі жағымсыз жарғақ дауыспен былай деп жауап қатты:

— Мен — ібіліспін, Ламанчалық Дон Кихотты іздеп жүрмін, ал орман ішімен сиқыршылардың алты отряды салтанатты күймемен жан тең келмес Дульсинея Тобосскаяны әкеле жатыр. Ол мұнда жадыланған күйде жаужүрек француз Монтесиноспен бірге келеді, ал Монтесинос Дон Кихотқа жадыны қалай қайтаруға болатынын хабар етпекші.

— Өзің айтқаныңдай және сиықсыз сұрқыңа қарап-ақ шамалап тұрғанымдай, шын ібіліс болсаң, қарсы алдыңдағы мына менің рыцарь Ламанчалық Дон Кихот екенімді әлдеқашан аңғара қоймас па едің, — деді Дон Кихот шамданып.

— Құдайдың атымен және ар-ұятымның атымен ант етейін, байқамай қалдым, — деді ібіліс, — басымның қатып кеткені сонша, ең елеулі тұлғаға назар аудармаппын.

— Ендеше, бұл шайтанның — құрмет тұтуға лайық, мейірімді христиан болғаны, — деп құлаққағыс етті Санчо, — әйтпесе ол құдай мен ар-ұятын айтып ант бермес еді ғой. Осыған қарап, тозақтан да абзал жандарды жолықтыруға болады екен-ау деген ой келіп тұр маған.

Ат үстінде отырған шайтан сол арада Дон Кихотқа қарап жүзін бұрып, былай деді:

— Беу, Арыстан Рыцары (өй, арыстан талап жегір!), мені саған бақытсыз болғанымен көзсіз батыр, рыцарь Монтесинос жіберді және маған өзіңмен қай жерде кездессем сол жерде өзін күтіп тұруың керегін айтуға әмір етті: ол өзімен бірге Дульсинея Тобосская деген біреуді алып келе жатыр және саған оның жадысын қайтару үшін не істеу керегін хабарламақшы. Ал, енді саған айтар басқа ештеңем болмағандықтан, маған бұл арада қала берудің қисыны жоқ. Жә, сонымен, сені тап өзім сияқты шайтандар айналдырсын, ал сіздерді, сеньорлар, — ақ ниетті періштелер ғана төңіректесін.

Соны айтып, адам шошырлық сырнайын бажылдатып-бажылдатып жіберген ол атының басын бұрып алды да, зым-зия жоғалды.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий