Knigionline.co » Казахские книги » Дон Кихот ІІ

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот ІІ» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Мистер Дон Кихот полюбил рыцарские романы и решил стать рыцарем. Он отправляется вместе со своим оружейником Санчо Пэнси в путешествие во имя любви к Дульсинеи Тобосской. Это путешествие и в наши дни пленяет читателя.

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

Сосын әрмен қарай асты. Үш арба да былайырақ барып тоқтады, доңғалақтардың маза кетірген шиқылы тиылды, орманда мүлгіген тыныштық орнады, осы сәт музыканың жанды баураған әдемі әуезі құлаққа шалынды, соны естіген Санчоның бойын қуаныш кернеді, өйткені мұны жақсы ырымға жорыған-ды; осы жағдаятқа байланысты ол өзі қасынан әліге шейін бір адым былай жырақ шықпаған, қас қағым сәтке көз таса қылмаған герцогиняға қарап:

— Сеньора! Музыка ойнап жатқан жерде жамандық болуы мүмкін емес, — деді.

— Оттың жарқылы көрініп, жарық түсіп тұрған жерде де солай, — деп қоштай кетті оны герцогиня.

Санчо оған қарсылық білдірді:

— Жарқыл — оқ атылғаннан, ал жарық — дәл қазіргідей айналамызда лаулап жанған алаудан болады және бұл бізді оңдырмай үйтіп те жіберуі мүмкін, ал музыка ойналып жатқаны — ол жердегі жұрттың ойын-сауық өткізіп, көңіл көтеріп жатқанының белгісі.

— Бал ашпай қоя тұр, — деді бұл әңгіменің бәрін естіп тұрған Дон Кихот.

Оның айтқаны рас-ты, ал мұны келесі тараудан білуге болады.

ХХХҮ тарау

Мұнда Дон Кихоттың Дульсинея жадысын қайтару әдісін қалай білгені жайындағы, сондай-ақ басқа да таңғаларлық оқиғалар төңірегіндегі әңгіме әрмен жалғасады.

Сол кез жұрттың бәрі осынау жанға жағымды музыка әуенінің жебеуімен сән-салтанатқа арналған алапат арба тәрізді бірдеңенің өздеріне қарай жақындап келе жатқанын көрді: оған аппақ жабу жабылған алты торы қашыр жегіліпті, әр қашырға қолына жарқырай жанған үлкен балауыз шырақ ұстаған бір-бір тақуа мініпті. Бұл арба бұрынғыларынан екі, тіпті үш еседей дерлік аумақты болатын; арбаның өзінде және жиектерінде аппақ киім киген, қолына жанған шырақ ұстаған тағы он екі тақуа отыр еді: бұл әрі қайран қалдырарлықтай, әрі зәрені аларлықтай көрініс-тұғын; ал биік орынтақта, күмістей көркем матадан тігілген сан қатпар жамылғының астында, нимфа отырған-ды, жамылғының бәрі алтын түсті жылтырауықпен көмкерілгендіктен бұл әшекей қыздың қарапайымдау киім-кешегіне ерекше сән беріп тұрған-ды. Бикештің беті мөлдір де жұқа торғынмен бүркеулі болатын, әйтсе де қыртыстарының қатпарынан жас қыздың сүйкімді сиығы айқын аңғарылатын, ал оған жарық түсіріп тұрған қыруар шырақ ажарлы әлпеті мен он жетіден асқан, бірақ жиырмаға әлі жете қоймаған жас шамасын бажайлауға мүмкіндік беретін. Оның жанында ұзын сүйретпесі бар, етегі тобығына дейін жететін киім киген, қара жамылғы бүркенген тағы біреу отыр еді. Арба герцог пен герцогиняның және Дон Кихоттың тура қарсы алдына кеп тоқтады, сол сәт ондағы гобойлардың, лютнялар мен арфалардың да үні өшті, әлгі отырған белгісіз біреу орнынан тұрып шұбатылған киімін айқара ашып, жамылғысын серпіп тастады, сол арада жұрт мұның сүйегі арсиған, сұрықсыз Ажалдың тап өзі екенін көрді. Соған көзі түскенде Дон Кихоттың бойы дір ете қалды, Санчоның зәресі зәр түбіне кетті, тіпті герцог пен герцогиняның да құты қашты. Орнынан тұрып, бойын тіктеп алған осынау тірі Ажал ұйқылы-ояу дауыспен әрі тілі күрмеліңкіреп былай деп сөйлеп кетті:

Әкесі Шайтан делінетін аңызда

Мерлин деген мен болам.

(Жалған сөз бұл келе жатқан бағзыдан!)

Сиқыршылық серісі, ежелгі Зороастр

Ілімінің бас абызы һәм қазынасымын.

Уақытпенен ұстасып келем әдейі,

Сендер ұмыт қалдырмасын деп,

Кезбе рыцарьларды айбынды:

Өжеттігі үшін ардақ тұтам оларды.

Жұрт айтады: сиқыршы, дуагер мен

Жәдігер шетінен қызғаншақ,

Зымиян әрі зұлым жандар деседі.

Ал мен жуас, мейірбан, ақпейілмін,

Жақсылық жасауға дәйім талпынам.

Диттің үрейлі үңгірінде болғанмын,

Шеңбер, ромбы және басқа да

Құпия белгі сап жүргенмін.

Кенет сүйкімді Тобосолық Дульсинеяның

Қайғылы үнін құлағым шалды.

Сиқыршылық оны ақсүйек ханымнан

Шаруа әйелге айналдырғанын түсініп,

Жаным ашып кетті де, өз рухымды

Діңкелеп қалжыраған тәннің

Құр сүлдеріне әкеп енгіздім.

Сиқыршылық құпиялары сақталған

Жүз мың кітапты қарап шықтым.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий