Knigionline.co » Казахские книги » Дон Кихот ІІ

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот ІІ» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Мистер Дон Кихот полюбил рыцарские романы и решил стать рыцарем. Он отправляется вместе со своим оружейником Санчо Пэнси в путешествие во имя любви к Дульсинеи Тобосской. Это путешествие и в наши дни пленяет читателя.

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Достым Санчо! Ол шайтан — нағыз надан әрі барып тұрған алаяқ: оны мырзаңа Монтесиностың атынан емес, өз атымнан жібергем, ал Монтесинос болса сол баяғы үңгірінде отыр және жадымды қашан қайтарар екен деп тағаты таусылып бара жатқанын да айта кету керек, жұмаққа барғым-ақ келеді, бірақ күнәм жеңімнен тартады, деген ғой. Егер ол саған қарыздар болса немесе оған әлденендей ісің түсіп жатса, саған оны ән сағатта жеткізіп бере алам және қайда алып кел десең сол жерге әкелем. Ал әзірше дүреге тезірек келісіміңді бер, — қара да тұр, бұл сенің жаныңа да, тәніңе де өте пайдалы болады: жаныңа пайдалы болатын себебі — жақсылық жасайсың, ал тәніңе пайдалы болатын себебі — байқап тұрғанымдай, сен тым етженді адамсың, сондықтан аздап қан алғанның саған еш зияны жоқ.

— Бұл дүниеде не көп — емші көп: тіпті сиқыршылардың өзі емші боп кеткен, — деп құлаққағыс етті Санчо. — Жә, енді, өзім басқаша пікірде болғаныммен, жұрттың бәрі жалынып қоймай тұрғандықтан, келісейін бұған, өзімді өзім үш мың үш жүз рет қамшымен шықпыртайын, алайда бір ғана шартым бар: өзімді қашан көңілім соқса, сонда шықпыртатын болам және ешкім маған оның күні мен сағатын көрсетпеуге тиіс, ал мен өз тарапымнан жұрт сеньора донья Дульсинея Тобосскаяның сұлулығын тамашалауға мүмкіндік алуы үшін, — ол, шамасы, күткендегідей емес, шынымен-ақ керемет көрікті шығар, — мұны тезірек тындыруға тырыспақпын. Бұған қоса айтар тағы бір шартым: өзімді қан-жоса ғып қамшылауға міндетті емеспін, сондай-ақ кейбір соққым шыбын үркітерліктей боп шықса да, бәрібір, есепке алынуға тиіс. Сол сияқты, әгәрәки есептен жаңылып қалғандай болсам, онда жердің асты мен үстіндегінің бәрін білетін сеньор Мерлин санап шықсын да, қаншасы жетпей тұрғанын немесе артылып қалғанын маған хабарлауды өз міндетіне алсын.

— Артылып қалғаны жайында хабарлаудың қажеті болмайды, — деп қарсылық білдірді Мерлин, — соққының белгіленген мөлшері толық өтелген бойда сеньора Дульсинея жадысынан аяқ асты арылады да, жасаған жақсылығы үшін мейірбан Санчоға келіп алғыс айтады және тіпті оған ізгілікті ісі үшін сыйлық та береді. Сол себепті, артылып қалуы немесе кем шығуы жайында уайым жемей-ақ қой, оның үстіне саған зәредей болсын қаралық жасауға маған көктегі құдіреттің өзі де жол бермейді.

— Ендеше, жаратқан ием жар болғай! — деп дауыстап жіберді Санчо. — Тағдыр-талайым тап болған тақсіретке бой ұсынам, яғни мына епитимьяны әлгінде аталған шарттар бойынша қабыл алам.

Санчо осыны айтып үлгеруі мұң екен, кернейлер қайтадан ойнап кетті де, аркебуздың сансыз көп тарсыл-гүрсілі қайтадан құлақ тұндырды, ал Дон Кихот болса, Санчоны мойнынан құшақтай алып, маңдайы мен бетінен шөпілдетіп сүйе бастады. Герцог, герцогиня және басқалары мәз-майрам болды, іле арба да орнынан қозғалды; кетерінде Дульсинея герцог пен герцогиняға бас иіп тағзым етті, ал Санчоға басын тіптен еңкейтіңкірей иді.

Ал, бұл екі аралықта қуанышты да көңілді таң шапағы аспан аясын үсті-үстіне әрлендіріп, даланың әсем гүлдері басын көтеріп, жылға атаулының мөлдір суы ақ және сары түсті малта тастар арасымен сылдырай жүйткіп, өзін күткен өзенге сыбаға ала жөнелген еді. Шаттыққа толы қара жер, ажарлы аспан, мөлдір ауа, өткір сәуле — осының бәрі, тұтастай алғанда да, жекелей алғанда да, Аврораға ілесе жеткен күннің тымық та ашық болатынын аңғартып тұрған. Герцог пен герцогиня болса, аңшылықтың ойдағыдай өткеніне, сондай-ақ өз мақсаттарына осынша жарасымды да ұнамды жолмен жеткеніне риза көңілмен және жаңа бір істі қолға алмақ ниетпен өз қамал-сарайларына келді: не қилы қитұрқыны ойлап табу оларға орасан зор қуаныш сыйлайтын.

ХХХҮІ тарау

Мұнда дуэнья Құсавананың, қосалқы есімі бойынша графиня Үшфальдидің, басынан кешкен адам айтқысыз шытырман оқиғасы жайында әңгімеленеді, сондай-ақ зайыбы Тереса Пансаға Санчо Пансаның жазған хаты келтіріледі.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий