Knigionline.co » Казахские книги » Дон Кихот ІІ

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот ІІ» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Мистер Дон Кихот полюбил рыцарские романы и решил стать рыцарем. Он отправляется вместе со своим оружейником Санчо Пэнси в путешествие во имя любви к Дульсинеи Тобосской. Это путешествие и в наши дни пленяет читателя.

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Сиқыршылар өзін дуэнья Құсавана деп атауға мәжбүр етіп жүрген жоғары мәртебелі графиня Үшфальдидің басына түскен бақытсыздық жайындағы хабардың, қадірменді Үшфальдин Ақ Сақал, бізге жеткеніне де біраз болды, сол себепті, алабөтен қызметші, одан ішке кіруін өтін және жүрегінің мейірімділігі сонша, қандай да болсын көмек беруге және қанатының астына алуға дайын жаужүрек рыцарь Ламанчалық Дон Кихоттың осында екенін айт. Бұған қоса менің атымнан оған мынаны жеткіз: егер ол менің де қамқорлығыма мұқтаж болса, мен де қарап қалмаймын, өйткені рыцарь атағым өзіме осындай міндет жүктейді, ал әйел атаулыға, әсіресе қуғын көріп, қайғы шегіп жүрген жесір дуэньяларға, — жоғары мәртебеліні сондай халде деп ойлауға болатын секілді, — қамқорлық жасау рыцарь біткеннің борышы және парызы боп табылады.

Герцогтың бұл сөзінен кейін Үшфальдин оның алдына барып тізесін иді де, барабаншылар мен флейташыға белгі берді, сосын баққа келіп кіргенде естілген музыканың жебеуімен және тап сондағыдай алшаңдай басқан адыммен шығар есікке қарай бет алды, ал сол жерде тұрғандар оның кескін-келбеті мен түр-пішініне тағы да таңырқаушылық білдірді. Герцог болса, Дон Кихотқа қарап былай деді:

— Сонымен, айбынды рыцарь, надандық пен зымияндықтың қара түнегі ізгілік пен тектіліктің жарық сәулесін тұншықтыруға дәрменсіз боп шықты. Мұны айтып отырған себебім, қамал-сарайымда тұрып жатқаныңызға аптаға да толмас уақыт өткеніне қарамастан қиырдағы жат өлкелерден жұрт сізге қарай ағыла бастады — күймемен де, түйемен де келіп жатқан жоқ, нәр сызбастан әрі жаяу-жалпылап жетіп жатыр; олардың бәрі де — аса құдіретті айбынды білегіңіздің арқасында барша уайым-қайғысы мен әуре-сарсаңынан арылатынына анық сенетін жапа шеккендер мен жәбір көргендер, ал бұл өзіңіздің қастерлі қарекетіңіздің нәтижесі, ол жайындағы қауесеттің бізге мәлім елдердің бәрін түгел құстай ұшып аралап шыққаны мәлім.

— Ана жолы дастарқан басында отырып, — деп сөйлеп кетті Дон Кихот, — кезбе рыцарьлар жайында соншалықты жақтырмаушылық пен соншалықты жек көрушілік танытқан құрметті діни қызметшінің тап қазір осы арадан табылғанына қарсылық білдіре қоймас ем, сеньор герцог: аталмыш рыцарьлардың жұртқа қажеті бар ма, жоқ па — бұған қазір өзі-ақ кәміл көз жеткізген болар еді. Қайткен күнде де, әйтеуір, шектен тыс жәбір көрген және тығырыққа тірелген жандардың, өмірде айтып жеткізгісіз ауыр қасіретке душар болған шақта жанға пана іздеп соттардың үйіне де, селолық псаломшы үйіне де, қожалығынан ешқашан қарыс адым былай шығып көрмеген дворянға да, не жаңалық барын тіміскілеп тауып, оны басқа біреулерге жария қылуды және айтып беруді ұнататын, бірақ басқа біреулердің әңгіме етуіне және жазуына татитын әрекеттер мен ерліктер жасауға аттап баспайтын қалалық жатып ішерлерге де бармайтынына иланар еді. Бәледен құтқаруға, қиналғанда қол ұшын беруге, бойжеткендерді қорғауға және жесірлерді жұбатуға кезбе рыцарьлардан артық ептейлі ешкім жоқ, осы себепті өзімнің рыцарь болғаным үшін құдайға айтар алғысым шексіз және осынау құрметті салада өзіме жолығатын қандай тақсірет пен теперішке де налымаймын. Келсін әлгі дуэнья, сұрасын менен өзіне не керегін: білегімнің қуаты мен мәңгі сергек рухымның бет қаратпас батылдығы оны нендей қырсықтан да құтқара алады.

ХХХҮІІ тарау

Бұл тарауда дуэнья Құсаванаға қатысты айтулы шытырман оқиға өз жалғасын табады.

Өздері ойластырып іске асырған осынау әурешілікке Дон Кихоттың имандай сеніп қалғанына герцог пен герцогиняның қуанышында шек болмады, бірақ сол арада Санчо сөйлеп кетті:

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий