Knigionline.co » Казахские книги » Дон Кихот ІІ

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот ІІ» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Мистер Дон Кихот полюбил рыцарские романы и решил стать рыцарем. Он отправляется вместе со своим оружейником Санчо Пэнси в путешествие во имя любви к Дульсинеи Тобосской. Это путешествие и в наши дни пленяет читателя.

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Қадір-қасиетімнің, сеньора, атқосшыңыздың сақалындай көптігі мен кереметтігі мені мүлдем дерлік толғандырмайды. Тек ана дүниеге ауысқан кезде жанымның сақалы мен мұрты болсын деңіз, — міне, мен үшін ең маңыздысы осы, ал мына жақтағы сақалдарда шаруам аз, дәлірек айтқанда, шаруам тіптен жоқ. Алайда, мұндай алдап-сулау мен тілемсектенусіз-ақ мырзамнан сізге қолынан келгенінше көмек көрсетіп, қамқорлық жасауын өтіне алам (оның мені, әсіресе қазір, өзіне мәлім бір шаруаны атқаруым қажет боп тұрған шақта, айрықша жақсы көретінін білем). Қандай бәлеге тап болғаныңызды айтып беріңіз бізге, бәрін рет-ретімен баян етіңіз және құр босқа абыржымаңыз: сіз бен біздің бірдеңе ғып тіл табысарымыз кәміл.

Герцог пен герцогиняға бұл шытырман оқиғаның астары жақсы мәлім-ді, сондықтан қазір олар күлкіден езу жия алмай қалған және графиня Үшфальдидің аңғарымпаздығы мен аярлығына іштей дән риза боп отырған, ал графиня бұл екі арада қайтадан креслоға барып жайғасты да, әңгімесін бастап кетті:

— Атақты Трапобана мен Оңтүстік теңіз аралығында, Коморин мүйісінен екі мильдей жерде орналасқан әйгілі Кандайя корольдігінде Архипелаг есімді корольдің жесірі королева Майнция билік құрды, ол марқұм жұбайы мен әміршісінен тақ мұрагері боп табылатын Метонимия деген қызды жарық дүниеге әкелген-ді. Аталмыш инфанта Метонимия менің қадағалауыммен және бақылауыммен бағым көріп, тәрбиеленді, өйткені мен анасының ең байырғы және ақсүйек әулеттен шыққан дуэньясы болатынмын. Сөйтіп жүргенде кішкентай Метонимия он төртке толды және сүйкімділігі сонша, бұдан асқан кереметті сомдау табиғаттың қолынан келмейтіндей көрінетін. Бірақ ақыл-ой жағы олқылау болған екен деп ойлап қалмаңыздар! Жоға, әлпеті қандай ажарлы болса, ақылы да сондай зерек еді, ал сұлулығы жағынан әлемде оған ешкім тең келмейтін, егер іші тар жазмыш пен қатыгез тағдыр өмірінің қылын үзіп жібермесе, ешкім тең келе де алмайтын. Алайда, олай болуы мүмкін емес: жер бетінде мұндай зұлымдықтың орын алуына, дүниедегі ең тәуір жүзім сабағының пісіп-жетілмей тұрған шағында үзілуіне жаратқан иеміз жол бере қоймас. Жеріне жеткізе дәріптеуге ебедейсіз тілім дәрменсіздік көрсетіп тұрған оның сұлулығы жергіліктісі бар, шет жерден келгені бар, жоғары лауазымды сансыз көп князьды дәмелендірген-ді, солардың ішінде қыздың айдай сұлу ажарының аспанына көз тігуге әлдебір қарапайым кавальеро да тәуекел еткен болатын; ол өзінің жастығы мен жүректілігін, сан салалы қабілеті мен дарынын, ойының ұшқырлығы мен алғырлығын арқа тұтқан еді, оған қоса, егер әңгімем сіздерді әлі жалықтырмаса, мынаны да біліп қойғандарыңыз артық болмас, жоғары мәртебелілерім: оның қолына түскен гитара адамша сөйлеп қоя беретін, сондай-ақ, ол өлең шығаратын, керемет жақсы билейтін және құстарға арналған тор жасай білетін, егер ерен мұқтаждыққа тап болса, осы торларымен-ақ нанын тауып жей алатын, — тоқ етерін айтқанда, мұндай қасиеттер мен қабілеттер балауса қыздың басын айналдырмақ түгіл, тау қопаруға да жарайтындай еді. Алайда, бұл бұзақы, бұл ұятсыз әуелі мені өзіне қаратып алуды жөн көрмегенде оның күллі сүйкімділігі мен жанды баурайтын жайдарылығының, сол сияқты күллі дарын-қабілетінің тәрбиемдегі қыздың бейнесіндегі бекіністі өзіне қаратарлық дәрмені аз еді, немесе, тіпті, түк ештеңе істей алмайтын. Осынау мүттайым, осынау ардан безген алаяқ ең әуелі оңбаған комендант — менің аузымды майлауға, көңілімді аулауға ниет қылды, сөйтіп қорғап отырған бекінісімнің кілтін қолына түсірмек болды. Қысқасын айтқанда, не түрлі жарамсақтықпен ақылымнан адастырды ғой, не түрлі бұйымдармен, ұсақ-түйек әшекейлермен жүрегімді жібітті ғой. Ақыры бір күні түнде тұйық көшеге қарайтын терезе алдында отырып оның әнін естіген кезімде қарсы тұрарлық әддім қалмай, ақи-тақи беріліп тындым; ал, ұмытпасам, ол мынадай әнді айтқан болатын:

Жек көретін бір сұлу

Жаралады жүрегімнен.

Ең ауыры бәрінен —

Үнсіз шыдап, тұншығу.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий