Knigionline.co » Казахские книги » Дон Кихот ІІ

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот ІІ» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Мистер Дон Кихот полюбил рыцарские романы и решил стать рыцарем. Он отправляется вместе со своим оружейником Санчо Пэнси в путешествие во имя любви к Дульсинеи Тобосской. Это путешествие и в наши дни пленяет читателя.

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Кім дейсіз бе? — деді Санчо саспай. — Өз мектебіңізде әдептілік қағидаларынан дәріс алған атқосшы ретінде араласуға қақым болғандықтан араласып тұрмын, ал сіз болсаңыз — айрықша кішіпейіл, айрықша тәрбиелі рыцарьсыз, әдептілердің ішіндегі ең әдептісісіз, оған қоса, өзіңіз айттыңыз емес пе, тақсыр: бұл ыңғайда көбірек тұздықтасаң да, азырақ тұздықтасаң да — нәтиже біреу демедіңіз бе? Жә, осымен доғарайын, — ұғынықты қып жеткіздім-ау деймін.

— Санчоның сөзі орынды, — деді герцог, — әуелі графиняның түрін көріп алайық, қандай құрмет көрсетуге лайық екенін сосын жобалай жатармыз.

Осы арада, дәп сол алғашқы реттегідей боп, флейта мен барабандар жүз көрсетті.

Қысқа ғана бұл тарауды автор осымен аяқтайды да, баян етіліп жатқан шытырман оқиға одан әрі жалғасын табатын жаңа тарауды бастайды, ал бұл оқиға бүкіл хикаямыздағы назар аударуға тұрарлық ең тәуірлерінің бірі боп табылады.

ХХХҮІІІ тарау

Мұнда дуэнья Құсавананың өз тақсіреті жайындағы әңгімесі келтіріледі.

Жабырқау музыканттардың соңында қос қатар боп тізіліп, қолпылдаған кең және, сірә, әжептәуір тығыз шұғадан хламида киген, оның сыртынан канекендік ақ жамылғы жамылған, — ал мұның ұзындығы сонша, хламида етегінің тек жиегі ғана көрініп тұрған-ды, — он екі дуэнья келе жатыр еді. Бұлардың арт жағында атқосшы Үшфальдин Ақ Сақалдың қолына сүйеніп, кербездене басып графиня Үшфальдидің өзі келе жатты; үстіне сапалы қара бәйкеден тігілген киім киіпті, бәйке түгінің ұзындығы сондай, егер шиыршықтаса әр қылшығының өзі кәдімгі мартос бұршағындай боп шығар еді. Сүйретпесінің, басқаша айтқанда — құйрығының (мұны олай да, бұлай да атай беруге болады) үш тарамға бөлінген ұшын қара жамылған үш паж көтеріп келеді: оның үш сүйір бұрыш құрап тармақталған ұштары геометриялық көркем фигура жасап тұрған-ды; үшкірлене бітетін осы сүйретпеге көзі түскен кез-келген адам оның неліктен графиня Үшфальди, яғни Үш Фалда графинясы атанғанын сол бойда-ақ аңғара қояр еді; мұның шынында да солай екенін, ал өзінің төл әулет есімі — графиня Бөруана екенін Бен-Инхали да растайды, өйткені оның графтығында бөрі өте көп болған, егер де сол графтықта бөрі емес, түлкі өте көп болса, онда ол графиня Түлкиана атануы мүмкін еді, дейді ол; себебі иелігінде нендей нәрсе немесе нәрселер молынан ұшырасса билік басындағы князьдар да өз әулет есімін жергілікті дәстүр бойынша соның атауынан туындатып отырған; алайда біздің графиня сүйретпесінің алабөтен ерекшелігін ескерту үшін Бөруана деген әулет есімін Үшфальди деп өзгертіпті.

Графиня да, оның он екі дуэньясы да кербездене адымдап жүріп келе жатты; дуэньялардың беті қара шілтермен кіреукеленген еді, бірақ Үшфальдин шілтері секілді селдір емес-ті, керісінше, тығыздығы сонша, түк ештеңе көрсетпей тұрған. Дуэньялар тобы бақ ішімен бермен жақындаған бойда герцог, герцогиня және Дон Кихот, сондай-ақ оларға ілесіп осынау шабандау шеруді тамашалап тұрғандардың бәрі түгел орындарынан тұрды. Ақыры он екі дуэнья тоқтап орталарынан жол ашты да, сол бұрынғыша Үшфальдиннің қолына сүйенген Құсавана солардың арасымен өтті, ал герцог, герцогиня және Дон Кихот үшеуі оған он екі адым қарсы жүрді. Графиня тізерлей кетіп, жіңішке де нәзік деуден гөрі қатқыл да қырылдақ деуге келіңкірейтін дауыспен сөйлей жөнелді:

— Өздеріңізді айрықша қадір тұтатын құлға, айтпақшы, күңге мұншалықты қошемет көрсетпеуіңізді өтінем, жоғары мәртебелілерім: олай дейтінім, мен қазір ерен қайғы үстіндемін, соның салдарынан сіздерге қарымтасын қайтара алмаймын, өйткені бұрын-соңды көз көріп, құлақ естімеген бақытсыздығым ақыл-ойымды санамнан ажыратып тастады және әлдебір жаққа алып кетті, шамасы, өте алысқа әкетті-ау деймін, себебі қанша іздегеніммен ақыл-ойымды әліге шейін таба алмай жүрмін.

— Біздіңше, ақыл-ойдан шын мәніндегі ада адам — бойыңыздағы асыл қасиеттерді бір қарағанда-ақ тани алмаған адам, сеньора графиня, — деді герцог, — ал бұл қасиеттеріңіз ең жоғары деңгейдегі қошемет пен ең жоғары дәрежедегі салтанатты рәсімге лайық.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий