Knigionline.co » Казахские книги » Дон Кихот ІІ

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот ІІ» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Мистер Дон Кихот полюбил рыцарские романы и решил стать рыцарем. Он отправляется вместе со своим оружейником Санчо Пэнси в путешествие во имя любви к Дульсинеи Тобосской. Это путешествие и в наши дни пленяет читателя.

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

Герцог, герцогиня және Дон Кихот осындай әңгімемен отырған кезде кенет есік сыртынан әлденендей дабыр-дұбыр мен айқай-шу шығып, іле-шала ішке үрейі ұша үргелектеніп Санчо кіріп келді: мойнына майлықтың орнына сілті құйылған дорба іліп алыпты, соңынан топырлап бір топ малай, дәлірек айтқанда — аспазға көмекші балалар мен басқа да міскіндер қуып келеді; айта кетерлігі, біреуі қолына су құйылған шылапшын ұстап жүр, түсіне және ласқа былғанған түріне қарағанда онда ыдыс-аяқ жуғанға ұқсайды; аспаз бала Санчоның қыр соңынан қалмай қыдыңдап, шағын ағаш астауды иегінің астына тосуға жанын салып, екіншісі оның сақалын жуып бермек боп арпалысып жүр.

— Сендерге не болған, достарым-ау? — деп сұрады герцогиня. — Не болған сендерге? Мына мейірбан жанды неге мазалап жүрсіңдер? Оның губернатор боп тағайындалғанын білмеуші ме едіңдер?

Бұған сақал жуғыш аспаз бала былай деп жауап қатты:

— Бұл сеньор жуынғысы келмейді, ал біздегі дәстүр сондай, — герцогтың өзі де және мұның мырзасы да әлгі әзірде ғана жуынды ғой.

— Жоға, неге жуынғым келмесін, — деді қатты ашу үстінде тұрған Санчо, — бірақ маған сүлгінің тазалау, судың мөлдірлеу болғаны және бұлардың қолы мұншалықты лас болмағаны керек: өйткені мырзам екеуіміздің арамыздағы айырмашылық онша үлкен де емес қой, ал бұлар оны қастерлі сумен жуындырады да, мені мына қарғыс атқыр жуынды сумен шомылдырғысы келеді. Түрлі елдер мен князь мекен-жайларының дәстүрі ешкімге зиянын тигізбесе ғана бағалы, ал мұнда орныққан жуындыру дәстүрі өзіңді өзің қамшымен шықпыртудан да жаман. Сақалым таза, бұл секілді жуынуға мұқтаж емеспін, ал енді кімде-кім мені жуындырмақшы болса немесе басымдағы шашыма, яғни сақалыма, қолын тигізетін болса, мен оның, әбестеу айтылса айып санамаңыздар, басын басқа жаққа қаратып бұрап қоям, себебі сабындауға қатысты мына рәсуа ма, рәсім бе қонақтарға күтім жасаудан гөрі оларды келемеш қылуға көбірек ұқсаңқырайды.

Санчоның шат-шәлекейі шығып ашуланған түрін көріп, айтқан әңгімесін естіген герцогиняның күлкіден ішегі үзіле жаздады, алайда Санчоның иығына сүлгінің орнына лас шүберек ілінгеніне, ас үйде жүретін малайлардың оны келеке етіп тұрғанына Дон Кихот күйініп кетті, сондықтан сөз айтқысы келетінін білдіріп, жоғары мәртебелілерге еңкейе бас иді де, шешімі нық адамның дауысымен әлгі әңгүдік тобырға қарап былай деп сөйлеп кетті:

— Әй, сендер, мархабатты мырзалар! Бұл жігітті жайына қалдырыңдар да, келген жақтарыңа немесе қайда беттерің ауса, сол жаққа қайқайыңдар! Менің атқосшым басқалардан артық нас емес, ал мына ағаш астау — оған мүлдем келіссіз әрі оны кемсітетін ыдыс. Ақылымды алыңдар — оны жайына қалдырыңдар, өйткені ол да, мен де мұндай қалжыңды жаратпаймыз.

Санчо оның ойын іліп әкетіп, әрмен қарай өрістетті:

— Үй-күйсіз жүрген қаңғыбастарды ғана осылай мазақ етуге болады. Мұндайға төзер болсам, Санчо Панса деген атым өшсін! Тарақ немесе соған ұқсас бірдеңе әкеліп, сақалымды тарап көріңдерші, егер одан тазалықтарыңызға нұқсан келетін әлдене тапсаңыздар, онда шашымды “саты-саты” қылып қырқып-ақ тастасын.

Осы арада күлкіден әлі аузы жиылмай отырған герцогиня сөйлеп кетті:

— Санчо Пансаның айтқанының бәрі жөн және не демесін мейлі, оның айтқаны қашан да жөн болады. Ол — таза және, өзінің айтуынша, жуындыруға мұқтаж емес, ал егер біздің дәстүріміз оған ұнамаса, онда ерік өзінде. Ал, сендер, тазалық сақтағыштар, мұндай кісіге және анандай сақалы бар кісіге таза алтыннан жасалған леген мен құмыраны, немістердің сүлгісін берудің орнына, қайдағы-жайдағы ағаш астау мен ыдыс-аяқ сүртетін сүлгіні ұсынып, қиямпұрыстық демесем де, ағаттық әрі жаңсақтық жасағансыңдар. Жалпы, сендер түкке тұрғысыз адамсыңдар және теріс тәрбие алғансыңдар, сондай-ақ, ардан безгендерің сонша, кезбе рыцарь атқосшыларына деген өшпенділіктеріңді де іште сақтай алмайсыңдар.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий