Knigionline.co » Казахские книги » Дон Кихот ІІ

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот ІІ» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Мистер Дон Кихот полюбил рыцарские романы и решил стать рыцарем. Он отправляется вместе со своим оружейником Санчо Пэнси в путешествие во имя любви к Дульсинеи Тобосской. Это путешествие и в наши дни пленяет читателя.

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Жоғары мәртебелім! Біліп қойғаныңыз сірә да артық қылмас, әрдайым немесе әрдайым дерлік менің басымнан кезбе рыцарьлар тап болатын үйреншікті ахуалдарға мүлдем ұқсамайтын не қилы жайлар өтіп жатады және бұл — оқиғаларды жазмыштың болжап болмас бұйрығы ма әлде қызғаншақ сиқыршының айла-шарғысы ма, кімнің бағыттап отыратынына да байланысты емес. Олай дейтінім, даңқты кезбе рыцарьлардың бәрінің немесе бәрінің дерлік өзіндік бір алабөтен ерекшелігі болғаны анықталып отыр ғой: бірі жадылау амалдарына берілмесе, екіншісін, мысалға, Францияның Он екі Пэрінің бірі, айбынды Роландты, терісінің найза тесе алмайтын, семсер кесе алмайтын қасиетіне байланысты жарақаттау мүмкін болмаған, — ол жайында мынадай аңыз бар: оны басқа еш жерінен емес, тек сол аяғының өкшесінен ғана мүрдем кетіруге болады екен, онда да басқа ешқандай қарумен емес, тек жуан түйреуішпен ғана түйреу қажет көрінеді, сол себепті Бернардо дель Карпьо Ронсевальда одан үстем шыққан кезде, құрыш қарудың оған дәрменсіз екенін көргеннен кейін және Геркулестің Антейді, Жер перзенті делінетін қаһарлы дәуді, қалай мерт қылғанын есте ұстап, Роландты қолына көтеріп алады да, тұншықтырып өлтіреді. Бұдан, бәлкім, өзімнің де осындай әлденендей бір ерекшелігім бар шығар, деген тұжырымға келдім, алайда менде зақым келмейтін қасиет жоқ, — терімнің мейлінше нәзік те осал екеніне өз тәжірибемде талай көз жеткіздім, — сондай-ақ арбаушылық айла-амалдарға беріспейтін де қасиеттен құралақан қалған адаммын; өйткені бір жолы мені торға отырғызып қойды, ал мені онда сиқыршылықтан басқа еш құдірет қамай алмас еді, алайда ұзамай, қайткенде де, әйтеуір, бостандыққа шықтым ғой, енді қандай да бір жаңа арбаушылық маған зардап тигізе алмайды деген ойдамын, міне осы жағдаятқа байланысты, арамза әрекеттерінің өзіме зәредей әсері жоғын көрген сиқыршылар, дүниедегі ең қымбат адамымнан өш алу арқылы қарымта қайтаруға кірісті: олар Дульсинеяға, — бұл жалғанда мен тек сол үшін ғана ғұмыр кешіп жүр емеспін бе, — ойына не келсе соны істеп жатыр, сөйтіп мені осындай жолмен көрге апарып тықпақ, ал, мұның бәрі атқосшым арнайы тапсырмам бойынша барған кезде олар Дульсинеяны шаруа әйелге айналдырып, дән елеу секілді ерен қара жұмыспен айналысуға мәжбүр еткен деп ойлауыма ерік береді. Дей тұрғанмен, орайы келгенде бұрын да бір айтқанымдай, ол дән емес, Шығыстың інжулері еді және осының ақиқат шындық екеніне дәлел ретінде сіздерге, жоғары мәртебелілерім, мынаны айтқым келеді: жақында Тобосода болдым, бірақ Дульсинеяның сарайын таба алмадым, ал ертеңіне оның өзі атқосшым Санчоға туа бітті әлпетімен, яғни аспан асты, жер үстіндегі жан тең келмес сұлудың әлпетімен, бой көрсетті, ал менің алдыма әдепсіз, сұрықсыз және ақылы да аздау шаруа әйел кейпінде келді, ал шын мәнінде ол өз бойына күллі әлемнің даналығын жинақтаған жан ғой. Ендеше, өзім жадыланбаған болсам және, бажайлап қарағанда, жадылана алмайтын болсам, онда, әрине, жадыланған, қорланған, айналдырылған, бұрмаланған және ауыстырылған сол болып шықпай ма — осылайша дұшпандарым менен ала алмаған өшін содан алған; міне, қашан ол алдыма әу бастағы қалпында қайтып оралғанша күні-түні жоқтау айтып жыламақ себебім де сол. Мұның бәрін мен дән елеп және ұшырып жатқан Дульсинея жайындағы Санчоның әңгімесі ешкімді ыңғайсыз жағдайда қалдырмасын деп айтып отырмын: өйткені, егер ол маған алмастырылған қалпында бой көрсетсе, атқосшыма да бұрмаланған түрде көрінгеніне таңырқауға болмайды. Дульсинея — ақсүйек те текті әулеттен шыққан, ал тағдыр-талайы, әлбетте, Тобосодағы толып жатқан байырғы әрі аса қадірлі дворян әулетінің тағдыр-талайынан әсте кем емес, өйткені Елена — Трояның, Кава — Испанияның даңқын шығарғаны секілді, жан тең келмес Дульсинеяның арқасында бұл қаланың да атағы алысқа тарап, ғасырдан ғасырға кетеді, бірақ тек Дульсинеяның даңқы олардан да зор әрі ұнамдырақ болады. Сіздерге тағы бір айтайын дегенім, мәртебелілерім, Санчо Панса — кезбе рыцарьларға бұрын-соңды қызмет еткен атқосшылар ішіндегі барып тұрған күлдіргісі. Оның аңқаулығы кей-кейде өте жарасымды боп тұрады, сол себепті ол аңқаулау ма әлде есебі түгел адам ба, мұның құпиясын ашпақ боп әлектенудің өзі бір ғанибет нәрсе. Кейбір қулығы оның алаяқ екенін көрсетеді, ал басқа бір шалыс қадамдарына қарап оны кеще ме деп қаласың. Ол бәріне күдікпен қарайды және бәріне сенеді. Кей-кейде дүниеде бұдан асқан су мый жоқ шығар деген ойға келесің, бірақ аяқ астынан әлденендей бір салиқалы сөзді сақ еткізгенде таңғалғаннан талып түсе жаздайсың, — бір сөзбен айтқанда, үстіне тұтас бір қаланы қосып берем десе де, оны басқа ешбір атқосшыға айырбастамас едім. Әйтсе де, оны өзіңіз тарту еткен аралды басқаруға жіберген қалай болар екен деген күдігім де жоқ емес; дегенмен, оның билік жүргізуге қабілетті екенін де білем, — тек жетесіне жеткізе ұғындыру қажет, сонда алым-салықты жаратудың жолын король қалай меңгерсе, ол да кез-келген губернаторлықты солай меңгеріп кетеді. Оның үстіне, ұзақ мерзімдік тәжірибемізден жақсы білеміз: губернатор болу үшін керемет ептілік те, керемет білімпаздық та қажет емес, — әр сөзді ежіктеп оқитын, бірақ басшылық жасауға келгенде бақайына шаң жұқтырмайтын губернаторлар қаншама! Ең бастысы, олар ізгі ниет арқалаған жан болсын және іске жауапкершілікпен қарасын, ал кеңесшілер мен тәлімгерлер оларға қашан да табылады: өйткені дворян текті оқымаған губернаторлар өкім шығарған кезде кеңесшілер көмегін пайдаланатыны белгілі ғой. Өз тарапымнан Санчоға пара алмауға, бірақ алым-салықтан құр қалмауға кеңес берген болар ем, кейінге сақтап отырғаным тағы бар, оның бәрін Санчоның пайдасы үшін және ол билік жүргізетін аралдың игілігі үшін кезінде баян етермін.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий