Knigionline.co » Казахские книги » Дон Кихот ІІ

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот ІІ» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Мистер Дон Кихот полюбил рыцарские романы и решил стать рыцарем. Он отправляется вместе со своим оружейником Санчо Пэнси в путешествие во имя любви к Дульсинеи Тобосской. Это путешествие и в наши дни пленяет читателя.

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

Санчоны тыңдап отырған герцогиняның күлкіден ішек-сілесі қатты, сол арада бұл оған мырзасынан да гөрі күлкілі, одан да гөрі есалаңдау секілді көрінді, басқалар да сол кезде осындай ойда болды. Ақыр соңында Дон Кихот сабасына түсті, түскі ас ішілді, сосын, ыдыс-аяқ жинап әкетілгеннен кейін, төрт қыз бой көрсетті: бірінің қолында күміс леген, екіншісінде күміс құмыра бар еді, үшіншісі иығына әппақ қардай әрі керемет сәнді сүлгі іліпті, ал төртіншісі жеңін шынтағына шейін түрініп алып, әппақ қолында (оның қолы шынымен әппақ еді) неапольдық домалақ сабын ұстап тұр еді. Бірінші қыз әсем де әбжіл қимылмен легенді Дон Кихоттың сақалының астына тоса қойды, ал Дон Кихот болса, бұл рәсімге үн-түнсіз таңырқанып, қолды емес, сақалды жуу, шамасы, жергілікті дәстүр шығар деп ойлап қалды; сол үшін мойнын барынша алға созды, іле-шала құмырадан да су құйыла бастады, ал сабын ұстап тұрған қыз қардай әппақ көбікті бұрқыратып (сабынның көпіршігі осындай ақ шаңқан болатын), неге болса да көнген рыцарьдың тек иегін ғана емес, сонымен бірге бетін, тіпті көзін де бар күшін салып ысқылай бастады: анау амалсыздан көзін тарс жұмып алды. Болып жатқан бұл қызық пен шыжықта герцог пен герцогиняның айыбы жоқ-ты, сондықтан олар мына ерекше жуындырудың ақыры немен тынарын ыңғайсыздана тосып отырды. Сол арада Дон Кихотты әбден сабындап болған сақал жуушы қыз су бітіп қалғандай түр жасады, сөйтіп құмыралы қызды суға жіберді де, Дон Кихотқа күте тұруына тура келетінін айтты. Құмыралы қыз су әкелуге кетті, Дон Кихот күтіп отырып қалды; оның дәл осы сәттегі түріндей оғаш та күлкілі кейіпті тіпті көз алдына елестетудің өзі қиын еді.

Сол жерде тұрғандардың бәрі, ал бұлар біраз адам еді, оған тесірейе қарап қалды, Дон Кихот болса, көзі жұмық, сақалы сабын-сабын боп, күнге тотығып қоңырайып кеткен мойнын жарты кездей алға ұмсындырған қалпы отырды да қойды, — осыны көріп ешкімнің күліп жібермегені адам сенбес жағдай болды әрі олардың аса бір сыпайыгершілігін де байқатты; сотанақ қыздар қожайындарына көз тоқтатып қараудан қашқақтаумен жүрді, ал не жыларын, не күлерін білмей қалған қожайындар: әдепсіздік жасағандары үшін оларды жазалау керек пе әлде Дон Кихоттың осындай күлкілі жағдайда қалған кейпін тамашалау қызығына кенелткені үшін алғыс айту керек пе — не істеуге болатынына басы жетпей іштей арпалысқа түсіп отырған-ды. Ақыры суға кеткен қыз келіп, Дон Кихотты жуындыру аяқталды да, сүлгі ұстап тұрған қыз бетін әбден құрғатып сүртіп берді, одан соң төрт қыздың төртеуі де иіліп құрмет көрсетіп, шығар есікке қарай бет алды, алайда мұның әзіл екенін Дон Кихот сезіп қалмауы үшін герцог леген ұстаған қызды шақырып алып:

— Қане, енді мені жуындыра ғой, тек байқа, суың таусылып қалмайтын болсын, — деді.

Аңғарымды да тындырымды қыз оның қасына келіп, дәп сол Дон Кихотқа тосқанындай етіп герцогқа легенін тоса қойды; басқалары оның бетін ылдым-жылдым әрі ықыласты түрде сабындап, жақсылап жуып шықты, сосын құрғатып сүртті де, иіліп-бүгілген соң жөндеріне кете барды. Кейін герцог бір сөзінде егер қыздар өзін де дәп сол Дон Кихотты жуындырғандай етіп жуындырмаса, оларды шалдуарлығы үшін жазаламаққа ниеттенгенін айтқан еді, бірақ олар естілік танытып, герцогты да сабынмен жуындыру арқылы айыбын өтепті.

Жуындыру рәсімін зер сала бақылап тұрған Санчо өзіне-өзі былай деді:

— Бұл не деген керемет! Кім біледі, бәлкім, мұнда тек рыцарьлардың ғана емес, сонымен бірге атқосшылардың да сақалын жуып беретін дәстүр бар шығар? Құдайдың атымен ант етейін, оллаһи-белләһи ақ-адал шыным, бұл мен үшін үлкен дәреже болар еді және олар осынау ізгілікті істерін ұстарамен сырғытып өту арқылы тәмамдаса, тіптен тамаша ғой.

— Сен не деп міңгірлеп тұрсың, Санчо? — деп сұрады герцогиня.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий