Knigionline.co » Казахские книги » Дон Кихот ІІ

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот ІІ» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Мистер Дон Кихот полюбил рыцарские романы и решил стать рыцарем. Он отправляется вместе со своим оружейником Санчо Пэнси в путешествие во имя любви к Дульсинеи Тобосской. Это путешествие и в наши дни пленяет читателя.

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Мына өзім келіп тұрған шаңырақ, мәртебелі адамдардың қатысып отыруы, сондай-ақ діни дәрежеңізді қашан да құрмет тұтқаным және қазір де құрмет тұтатыным әділетті ашуымды ауыздықтап, шектен шығармай тұр. Ендеше, осы айтқандарыма орай және жұрттың бәріне мәлім жайды, атап айтқанда: ғалымдар әйел қаруынан, яғни тілден басқа ешқандай қаруды қолдана алмайтынын қаперде ұстай отырып және тап осы қаруды пайдалана отырып өзіңізбен, — айта кеткеннің артығы жоқ, сізден тұрпайы балағат сөз емес, басалқалы ақыл-кеңес естуім керек еді, — терезем тең жағдайда айқасқа түскелі тұрмын. Күнәдан арылтуды көздейтін және ізгі ниеттен туындаған жазғыруға мүлдем басқа жағдай мен басқа уақыт қажет, — қалай болғанда да, мені дүйім жұрттың алдында және барынша қатаң түрде айыптау арқылы ізгі ниетті жазғырудың шеңберінен шығып кеттіңіз, өйткені бұл мақсат қатыгездік емес мейірімділік арқылы іске асады, осы себепті мән-жайынан мүлдем хабарыңыз жоқ күнәларды айыптай отырып, күнәкарды әй жоқ, шәй жоқ ауыш, дәлдүріш атандырғаныңыз тіптен орынсыз боп шықты. Шын мәнінде де, мені әшкерелеп, масқаралап, шаруашылықпен айналысу үшін, әйелім мен балларымды бағып-қағу үшін, — ал менде әйел мен бала бар ма, оны да білмейсіз, — үйіме аттандандырып жібергіңіз келетіндей қандай ақымақтықтарымды көріп отырсыз, міне, осыған жауап беріңізші? Апырай, осылайша төбеден түскендей боп кезбе рыцарьлыққа жөн-жоба көрсету үшін, кезбе рыцарьлар жайында үзілді-кесілді пікір айту үшін тәлімгер қақын пайдаланып біреудің отбасынан орын тауып алу, әлденендей бір арзанқол пансионда тәрбиеленіп, аумағы жиырма-отыз миль ғана өңірден алысқа ұзамай өмір өткізу жеткілікті болғаны ма? Әлде, ойын-күлкіден жерініп жиһан кезу және айбындылар ғана мәңгілік даңқ отауына көтеріле алатын қия беттермен тіке өрлеу — болымсыз шаруа, қызық қуумен күн оздыру ма сонда, сіздіңше? Егер мені рыцарьлар немесе айдыны асқан, болып-толған шонжарлар ауыш атандырса, онда мұны ар-намысымды аяққа таптау деп бағалаған болар ем, ал енді өздері ешқашан кезбе рыцарьлық жолымен жүрмеген, көргенінен көз жазбайтын әлдебіреулер мені кемақыл деп жатса, онда бұған ешқандай мән бермеймін: мен — рыцарьмын және, құдай соны хош көріп жатса, дүниеден рыцарь боп өтемін де. Біреулер ісіп-кебінген атаққұмарлықтың даңғыл жолымен талтаңдайды, енді біреулер әркімге арын сатқан жарамсақтық жолымен жорғалайды, үшіншілер — есебі түгел екіжүзділік жолымен жылмаңдайды, төртіншілер — шынайы діни сенім жолымен жүреді, ал мен болсам, жұлдызым белгілеген бағдар бойынша кезбе рыцарьлықтың тар соқпағымен келе жатырмын, сол үшін тіршіліктегі барлық жан рақатынан бас тарттым, бірақ ар-ұятымнан бас тартқам жоқ. Мен қорланғандарды қорғадым, қисық-қыңырды түзеттім, қиямпұрыстың жынын қақтым, дәулерді тізе бүктірдім және құбыжықтардың мысын бастым. Менің ғашық болу себебім де мәлім: кезбе рыцарьлар әйтеуір біреуге ғашық болуға тиіс, бірақ мен ләззатқұмар ғашықтар санатынан емеспін, менің махаббатым — сырттай ұнатып, сырттай сүйсінуден аспайтын бейкүнә махаббат. Мен қашан да тек ізгі мақсаттар жетегінде жүрем, атап айтқанда: әркімге жақсылық жасауды және ешкімге залал тигізбеуді көздеймін. Ал, енді неғылдейсіздер, мейірбан мырзалар, асыл туған герцог пен герцогиня, осылай ойлайтын, осылай әрекет ететін және осылай сөйлейтін жанды ақымақ деуге бола ма?

— Құдай ақы, жақсы айтты! — деп дауыстап жіберді Санчо. — Енді бар ғой, сіз, сеньорым әрі қожайыным менің, ақталмақ боп босқа ауыз ауыртпаңыз, бәрібір бұдан артық айту да, ойлап табу да, сендіру де қиын. Одан соң, кезбе рыцарьлар бұрын болмаған және қазір де жоқ деп бой бермей тұрған мына сеньор өзі, әуелі, мұның жайынан бірдеңе бағамдай ма екен?

— Ал, сен, құрметтім, әлгі Дон Кихот арал сыйлауға уәде етті деп жазылған Санчо Панса емеспісің? — деп сұрады тәлімгер.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий