Knigionline.co » Казахские книги » Дон Кихот ІІ

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот ІІ» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Мистер Дон Кихот полюбил рыцарские романы и решил стать рыцарем. Он отправляется вместе со своим оружейником Санчо Пэнси в путешествие во имя любви к Дульсинеи Тобосской. Это путешествие и в наши дни пленяет читателя.

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

Мырзасының бұйрығын бұлжытпай орындау мақсатында Санчо аузына қақпақ қоюға, ендігі жерде орынсыз әрі ойланбай айтылған бір сөз аузынан шықса тілін кесіп тастауға уағда берді; енді ештеңеге алаңдамаңыз: менің мінез-құлқыма қарап неғылған адам екенімізді ешкім сезбейтін болады, деді.

Дон Кихот киімін ауыстырды, семсерін беліне байлады, иығына алқызыл мантияны ілді, қызметшілер ұсынған жасыл атлас беретті басына киді, сөйтіп осындай кейіпте кең залға шықты: мұнда оны екі қатарға тізіліп, қол шаятын сауыт ұстаған қыздар тосып тұр еді; осынау салт-жоралғының бәрі толып жатқан иіліп-бүгілу және басқа да рәсімдермен қоса қабат атқарылды. Одан соң Дон Кихотты қамал-сарай иелері күтіп отырған асханаға ертіп бару үшін сарайдың аға малайы бастаған он екі паж келді. Дон Кихотты айнала қоршап алған паждар оны салтанатты түрде және мейлінше зор құрметпен дастарқаны көз жауын алардай жайнап тұрған, бірақ бар болғаны төрт-ақ адамға арнап жайылған, екінші бір залға өткізді. Табалдырық алдынан оны герцог, герцогиня және дәрежелі бір священник қарсы алды; бұл өзі мұрагерлік билікке ие болу құқы бар князьдарда діни тәлімгер қызметін атқаратындар санатындағы, өзі князь боп жаралмағандықтан туа бітті князьдарды осы атаққа қалай лайық болуды үйретуге қауқарсыздар санатындағы, рухани таяздықтарын жоғары лауазымды адамдардың заңғар бейнесінің өлшеміне айналдыруға тырысып бағатындар санатындағы, рухани шәкірттерін қанағатшылдыққа үйретем деп жүріп оларды тас сараңға айналдыратындар санатындағы священник еді, — ерлі-зайыпты герцогтармен бірге Дон Кихоттың алдынан шыққан дәрежелі священниктің адами бейнесі, асылы, осындай болса керек. Герцог Дон Кихотқа орынды төрден ұсынды, анау әуелде тартыншақтағанымен, ақыры амалсыз көнді. Дон Кихоттың қарсы алдына діни тәлімгер жайғасты, герцог пен герцогиня оның оң және сол жағынан орын алды.

Сол арада тұрған Санчо мынадай ақсүйек адамдардың мырзасына көрсетіп жатқан құрметіне аң-таң боп аңтарыла қарап қалды; Дон Кихотты төрге отыруға көндіру үшін герцогтың қанша әуреге түскенін көрген ол:

— Мырзалар рұқсат етсе, бір жолы селомызда үстел басына отыру жайында айтыс туа қалғанда не болғанын айтып берейін, — деді.

Бұл сөзді естігенде Дон Кихот селк ете қалды, — шамасы, Санчо өрескел бірдеңені былш еткізе ме деп қауіптенсе керек. Санчо оған көз тастап, бәрін түсіне қойды да, былай деді:

— Ауа жайылып кетеді-ау немесе қолайсыз бірдеңе айтып қояды-ау деп қорықпаңыз, мархабатты мырзам, көп пе әлде аз ба, мақтап па әлде даттап па — қалай сөйлеуім керектігі жөнінде манағы айтқан кеңесіңізді әлі ұмыта қойған жоқпын.

— Ондай нәрсе есімде жоқ, — деді Дон Кихот, — не айтқың келсе де айта бер, тек қысқа сөйле.

— Ендеше, — деп сөзін жалғады Санчо, — сіздерге ақиқат шындықты айтып бергім келеді, оның үстіне, осы арада отырған Дон Кихот мырза бәрібір өтірік айтуыма жол бермейді.

— Маған салсаң, Санчо, — деп іліп әкетті Дон Кихот, — өтірікті қанша суқитқың келсе де суқита бер, саған қой демеймін, бірақ алдымен не айтатының жайында ойланып ал.

— Ойланғанда қандай, әбден иін қандырдым, жеті рет өлшедім, тек сегізіншіде ғана кесіп отырмын және бұған қазір-ақ көзіңіз жетеді.

— Мына мұндарды қуып жібергендеріңіз жақсы болатын еді, әйтпесе оның не жайында оттайтынын бір құдайдың өзі біледі, — деді Дон Кихот үй иелеріне.

— Күйеуімнің өмірімен ант етейін, — деді герцогиня, — Санчо жанымнан бір адым да жырақ кетпейді. Оны сондай жақсы көрем және өте ақылды адам деп білем.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий