Knigionline.co » Казахские книги » Дон Кихот ІІ

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот ІІ» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Мистер Дон Кихот полюбил рыцарские романы и решил стать рыцарем. Он отправляется вместе со своим оружейником Санчо Пэнси в путешествие во имя любви к Дульсинеи Тобосской. Это путешествие и в наши дни пленяет читателя.

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

Осындай өте жағымды жауап алған Санчо аса қанағаттанғандық сезіммен мырзасына қарай жөнеп берді, ақсүйек сеньораның айтқанын оған түп-түгел баян етті және оның сұлулығын, ерекше сүйкімділігі мен сыпайылығын деревнялық қарапайым тілімен аспанға шығара әспеттеді. Дон Кихот өзінше маңызданып үзеңгіге шіренді, бет бүркеуішін жөндеп қойды, сосын Росинантты шпормен тебініп жіберіп, мардымсып-мығымсыған кейіпте герцогиняны қолынан өбуге аттанды; ал герцогиня болса, Дон Кихот келіп жеткенше, герцог күйеуін шақырып алып, елшіліктің жай-жапсарын әңгімелеп үлгерген еді. Дон Кихот хикаяларының бірінші бөлімін оқыған, одан мұның оғаш құлықтарына әбден қаныққан ерлі-зайыптылар онымен танысуға ынтығып, рыцарьды зор қуанышпен тосып тұрды; сондай-ақ оның қандай қылтың-сылтыңын да көтеріп, не айтса да бас шұлғи беруге және мейман боп жатқан кезінде оны кезбе рыцарь ретінде құрметтеп, өздері айрықша ұнатып оқитын рыцарьлық романдарда егжей-тегжейлі суреттелетін барлық рәсімді сақтауға алдын-ала келісіп те қойған-ды.

Сол екі аралықта бет бүркеуіші ашық Дон Кихот та шоғырға таяп келіп, Санчоға аттан түспегін білдіретін белгі берді; Санчо оның үзеңгісін ұстап тұрмаққа ұмтылған, бірақ, сұр жорғасынан ырғи бергенінде, қас қылғандай, ерге байланған жіпке бір аяғынан ілініп қалды; аяғын жіптен ақыры босата алмай, кеудесімен және бетімен жер қапқан күйі салбырады да қалды. Өзі аттан түскенде біреу үзеңгісін ұстап тұратынына Дон Кихот әбден дағдыланып алған еді, сөйтіп, Санчо келіп те тұр ғой деп ойлаған ол жанына қарай жантайған бойда аяқ асты ауып түсті де, Росинанттың ерін өзімен бірге ала кетті; ерді бекітетін айыл, шамасы, бос тартылса керек, өйткені жерге сол ермен бірге гүрс етіп құлады; бұдан қатты ыңғайсызданып, әбігері шыққан ол аяғы әлі тұзақта жатқан сормаңдай Санчоға іштей қарғыс жаудырумен болды. Герцог аңшыларына рыцарь мен атқосшыға көмектесуге бұйрық беріп, олар Дон Кихотты орнынан тұрғызды; Дон Кихот болса, құлағанда аяғын қатты ауыртып алғандықтан ақсаңдап қалған-ды, соған қарамастан герцог пен герцогиняның алдында өзін-өзі күштеп тізерлемекке тырысты, бірақ герцог бұған үзілді-кесілді қарсы болды — атынан секіріп түсіп, Дон Кихотты құшағына алып, былай деді:

— Иелігімдегі жерге басқан қадамыңыз осынша сәтсіз болғанына қатты өкініп тұрмын, сеньор Қайғылы Бейне Рыцары. Айта кетерлігі, атқосшылардың құнтсыздығы кей-кейде жанға бұдан да ауыр тиетін оқиғаларға себепші болатыны бар.

— Өзіңіз секілді айтулы шонжармен кездесуге байланысты орын алған оқиғаны әсте сәтсіз деуге болмайды, — деп қарсылық білдірді Дон Кихот. — Тіпті құрдымның ең түбіне құлап түссем де, ол жерден мені өзіңізбен жүздесуімнің құрметі құтқарып, жоғары көтеріп алар еді. Менің атқосшым, құдай сазайын бергір, орнықты тұруы үшін ерді дұрыс салып, айылды қаттырақ тартудан гөрі, қыршаңқы қалжыңдарды тоғыту үшін тіліне ерік беруге шебер. Алайда, қандай кепке тап болмайын мейлі, құлап жатайын немесе қайта тұрайын, жаяу болайын немесе атты болайын, сізге және сеньора герцогиняға, қадірменді зайыбыңызға, сұлулық әлеміндегі таңдаулылардың таңдаулысы һәм әдептіліктің үлгі-өнегесін қалыптастырушылардың маңдайалды мақтанышы деп атауға әбден лайықты ханымға, қызмет етуге қашан да дайынмын.

— Тұра тұрыңыз, сеньор Ламанчалық Дон Кихот, тұра тұрыңыз! — деді герцог. — Сеньора донья Дульсинея Тобосская әмір жүргізетін жерде басқа біреудің сұлулығын мадақтауға болмайды.

Бұл екі арада Санчо Панса бұғаудан аяғын босатқан да еді, сөйтіп бермен келген ол мырзасының орнына жауап қатып үлгерді:

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий