Knigionline.co » Казахские книги » Дон Кихот ІІ

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот ІІ» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Мистер Дон Кихот полюбил рыцарские романы и решил стать рыцарем. Он отправляется вместе со своим оружейником Санчо Пэнси в путешествие во имя любви к Дульсинеи Тобосской. Это путешествие и в наши дни пленяет читателя.

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Бері қара, Санчо: Кадисте кемеге отырып, Ост-Индияға сапар шегетіндерде әлгінде өзім айтып кеткен күн мен түннің теңесу белдеуін артқа салғандарын анықтайтын бір ерекше белгі бар: өздерінде қанша бит болса, соншасы түгел жаппай қырылып қалады екен, сөйтіп оны бүкіл кемеден қанша іздесең де емге таппайсың. Сондықтан, Санчо, саныңнан қарап көрші, егер әлденендей бір тірі жәндік тапсаң, онда күдігіміз өзінен өзі сейіледі, ал таппасаң, онда аталмыш белдеуден асып кеткен боп шығамыз.

— Бұған не десеңіз де сенбеймін, — деп мәлім етті Санчо. — Әрине, бұйрығыңызды бұлжытпай орындаймын ғой, бірақ мұндай тәжірибенің неге қажет бола қалғанына басым жетпейді, себебі жағалаудан бес шынтақтан алысқа ұзамағанымызды, жануарларымыз тұрған нүктеден екі шынтақтай да ауытқымағанымызды өз көзіммен көріп отырмын ғой, өйткені, әне тұр, әне, Росинант пен сұр жорғам, сол баяғы орындарында тұр, ал егер, дәл қазір өзім өлшеп отырғандай, көзбен мөлшерлеп көрсек, онда, олла-біллә, алға қарай құмырсқа секілді қыбырлап келе жатқанымызда еш күмән қалмайды.

— Сен, Санчо, абзалы, жаңа өзім айтқан тәжірибені іске асыр, ал қалған нәрседе шаруаң болмасын: өйткені сенің үлкен шеңберлер, белдеулер, параллельдер, зодиактар, эклиптикалар, полюстер, күн тоқырауы, күн мен түннің теңесуі, планеталар, белгілер, ғаламшарлардың аспан мен жер сфераларында орналасу және қиылысу нүктелері дегеннен хабарың жоқ қой. Егер мұның бәрін немесе, құрығанда, бір бөлігін білген болсаң, онда қанша параллельді кесіп өткенімізден, қанша белгіні көргенімізден, қанша шоқжұлдызды артта қалдырғанымыздан, алда әлі қаншасы бар екенінен толық хабардар болар едің. Саған тағы да қайталап айтам: іздестір бойыңнан және ұстап ал — қазір сенің әрі әппақ, әрі тегіс парақтан да таза екеніңе сенімім кәміл.

Санчо іздестіруге кірісті; сол аяғын қолымен жәймен сипалап, тізесінің астыңғы жағын ұстап көрді де, басын көтеріп, мырзасына қарап:

— Не мына тәжірибенің түк пайдасы жоқ, не біз өзіңіз айтқан орыннан әлі тым-тым жырақта жүрміз, — деді.

— Неғылдейді? — деп сұрады Дон Кихот. — Ең болмаса біреуін таптың ба?

— Біреуін емес, барлығын ! — деп айқайлап жіберді Санчо.

Соны айтып, әлденені саусағынан сілкіп қалған ол, сумен қолын шайды; бұл екі аралықта қайық өзен бойымен баяу сырғып келе жатты, оны әкетіп бара жатқан әлденендей бір құпия күш немесе көзге көрінбейтін сиқыршы емес, сол мерзімдегі әншейін тыныш та тымық ағым болатын.

Дәл осы мезетте олар өзеннің қақ ортасында тұрған дырау диірмендердің сұлбасын байқап қалды, соны көрген бойда Дон Кихот қатты дауыстап Санчоға былай деді:

— Анаң қара, анаң қара! Әне жерден, достым, қала ма, қамал-сарай ма, бекініс пе, бірдеңе көрініп тұр, сонда тұтқын рыцарь жатқанына еш күмән жоқ, мұның тіпті әлдебір жапа шеккен королева, инфанта немесе принцесса боп шығуы да ғажап емес, міне, мен де соларға көмектесу үшін осында жеткізіліп отырмын.

— Ау, құрып кеткір, қайдағы қала, қайдағы бекініс, қайдағы қамал-сарай турасында айтып отырсыз, мархабатты мырзам-ау? — деп бақырып жіберді Санчо. — Бұлардың ұн тартатын су диірмені екенін көріп тұрған жоқпысыз?

— Өшір үніңді, Санчо, — деді Дон Кихот, — олар тек сырт көзге ғана диірмен сияқты көрінеді, бірақ бұлар диірмен емес. Арбаушылық айла-амалдар кез-келген заттың шынайы болмысын басқамен ауыстырып және бұрмалап жібере алады деп мен саған айтпап па едім. Әрине, мен бір зат шын мәнінде екінші затқа айналып кетеді деп отырғам жоқ, әсте олай емес, мұндай ауысу тек біздің ой-қиялымызда ғана болады: Дульсинеямды, —асыл арман, үкілі үмітім ғой ол, — алмастырып жіберген жағдай соған мысал.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий