Knigionline.co » Казахские книги » Дон Кихот ІІ

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот ІІ» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Мистер Дон Кихот полюбил рыцарские романы и решил стать рыцарем. Он отправляется вместе со своим оружейником Санчо Пэнси в путешествие во имя любви к Дульсинеи Тобосской. Это путешествие и в наши дни пленяет читателя.

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Тапқан екенсіз бытыстырғышты! — деп қарсылық білдірді Санчо. — Құр босқа абыржымаңыз! Құдайға шүкір, жоғары лауазымды кербез сеньораларға елшілікпен бара жатқаным бір бұл емес.

— Өзіңді сеньора Дульсинеяға жібергенім болмаса, — деп құлаққағыс етті Дон Кихот, — бұрын-соңды елшілік міндет атқарғаның есімде жоқ, әйтеуір өзімде қызметте жүргенде ондаймен айналысқан емессің.

— Оныңыз рас, — деді Санчо, — бірақ, солай бола тұрғанымен, тиянақты төлемшіге кепілден қорқатын дәнеңе жоқ және дәулетті үйдің дастарқаны да дайын. Айтайын дегенім, маған анау олай, мынау бұлай деп түсіндірудің, үйт-бүйт деп алдын-ала ескертудің қажеті аз: өзім де тәп-тәуір епсектілік таныта алам, бұл істердің ыңғайын өзім де әжептәуір білем.

— Бұл сөзіңе сенем, Санчо, — деді Дон Кихот. — Жарайды, ендеше, аттана бер, бір ретін табарсың!

Санчо сұр жорғасын көсілте тапырақтатып тартып берді; әдемі аңшы әйелге таяп келіп есегінен түсті де, тізерлей кетіп, былай деді:

— Сүйкімді сеньора! Арыстан Рыцары есімді анау тұрған рыцарь — менің қожайыным, ал мен оның атқосшысымын, үй-ішім мені Санчо Панса деп атайды. Сөйтіп, осы таяу уақытқа дейін Қайғылы Бейне Рыцары дейтін лақап есімді иеленіп келген тап сол Арыстан Рыцары мені сізге, мәртебелі ханым, өз рұқсатыңыз, пұрсатыңыз һәм келісіміңіз бойынша осы араға келуге және тілегін орындауға мейірімді мүмкіншілік жасауыңызды өтініп сұрауым үшін жіберіп тұр, ал оның тілегі, өзінің айтуынша, және өзім де солай ойлаймын, тек біреу ғана: сіздің биікке самғар сұңқарлығыңызға, сұлулығыңыз бен сән-салтанатыңызға қызмет ету ғана, ал енді осындай мейірімді мүмкіндік жасала қалса, онда сіз, мәртебелі ханым, бұдан тек ұтпасаңыз ұтыла қоймайсыз, ал ол мұны өзіне көрсетілген ерен де ерекше мейірім-қайырым һәм айтып жеткізгісіз жан рақаты деп білмек.

— Шын мәнінде де жақсы атқосшы екенсің, — деп жауап қатты сеньора, — мұндай тапсырмаларды орындау кезінде қажет болатынның ештеңесін де қалыс қалдырған жоқсың. Тұра ғой орныңнан, — есімі мұндағы бәрімізге жақсы мәлім Қайғылы Бейне Рыцары секілді атақты рыцарьдың атқосшысына тізерлеп отырған жараспайды. Тұра ғой, достым, қожайыныңа барып айта ғой: ол мұнда өте бір оңтайлы уақытта келіп тұр, күйеуім герцог екеуіміз оны жазғы сарайымызға шақырамыз.

Санчо бойын тіктеді; мейірбан сеньораның сұлулығы да, ізеттілігі мен кішіпейілдігі де оны қатты таңдандырды, бірақ бәрінен бұрын оның Қайғылы Бейне Рыцары жайында бұрыннан хабардар екендігі қайран қалдырды; рас, оны Арыстан Рыцары деп атаған жоқ, бірақ, бұл, шамасы, әлгі атауды Дон Кихоттың таяуда ғана алғандығынан шығар. Сол арада герцогиня (есімі кім екені әзірге белгісіз боп тұр) Санчоға мынадай сұрақ қойды:

— Сен мынаны айтшы, құрметті атқосшы: Айлакер идальго Ламанчалық Дон Кихот деп аталатын кітап сенің қожайының жайында жазылған ба және оның жүрегінің әміршісі әлдебір Дульсинея Тобосская деген бе?

— Бұл рыцарь соның тап өзі, сеньора, — деп жауап қатты Санчо, — ал ана кітапта бейнеленген немесе, қайткен күнде де, әйтеуір, бейнеленуге тиіс болған және Санчо Панса деп аталатын атқосшы мына мен болам, егер тек мені бесігімде жатқан жерімде, — яғни, кітап басу кезінде дегенім ғой, — ауыстырып жіберіп жүрмесе.

— Мұның бәрі мені айрықша қуантып тұр, — деп мәлім етті герцогиня. — Ендеше, достым Панса, мырзаңа барып айт: өз иеліктерімде оған аса қадірлі де сыйлы қонақ ретінде құрмет көрсетіледі және мен үшін бұл дүниеде оның мейман болуынан артық рақат-қызық жоқ.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий