Knigionline.co » Казахские книги » Дон Кихот ІІ

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот ІІ» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Мистер Дон Кихот полюбил рыцарские романы и решил стать рыцарем. Он отправляется вместе со своим оружейником Санчо Пэнси в путешествие во имя любви к Дульсинеи Тобосской. Это путешествие и в наши дни пленяет читателя.

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

Сол екі аралықта қайық өзеннің ағысы қатты жеріне тап болды да, алға қарай бұрынғыдан әлдеқайда жылдам жүйтки жөнелді. Диірменде жұмыс істеп жатқан ұн тартушылар өзенде қайық келе жатқанын және ағыстың оны тұп-тура диірмен доңғалақтары тұрғызған үйірімге қарай апара жатқанын көріп, ұзын-ұзын сырықтарын алып, қайықты тоқтату үшін бөгетке жүгіріп шықты: бет-әлпеті мен киімі ұнға былғануы себепті түрлері тым қорқынышты болатын. Олар бар дауыспен былай деп айқай сап жатты:

— Әй, антұрғандар! Қайда ентелеп барасыңдар? Немене, өмір сүруден жалықтыңдар ма? Не керек сендерге? Суға батып өлгілерің келе ме әлде доңғалақтың астына түсіп, ұнға айналмақпысыңдар?

— Айбынды білегімнің қайраты қандай екенін көрсетуге тура келетін жерге жеттік деп айтпап па ем саған, Санчо? — деді сол арада Дон Кихот. —Көрдің бе, маған қарсы қаншама азғын мен арсыздың жүгіріп шыққанын; көрдің бе, қаншама сұрықсыз сұмпайының жолыма көлденең тұрып алғанын; көрдің бе, мына жарымжандардың бізге бет-ауызын қалай қисаңдатып жатқанын. Тұра тұрыңдар, жексұрындар, көрсетермін сендерге!

Сол арада ол орнынан көтеріліп, бойын тіктеді де, дауысын қатайтып, ұн тартушыларға қоқан-лоқы көрсете бастады:

— Қатыбас та қаскүнем тобыр! Мына бекіністеріңде ме әлде абақтыларыңда ма қамауда жатқан ханымды — тегі мен лауазымына, тағдырының татымды әлде татымсыздығына қарамай — бостандыққа шығарыңдар және толық еркіндік беріңдер. Мен — Ламанчалық Дон Кихотпын, лақап есімім — Арыстан Рыцары және маған жаратқанның өзі осынау шытырман оқиғаны жеңісті нәтижеге жеткізуді жазған.

Осыны айтып, семсерін суырып алды да, ұн тартушылардың тұмсығы алдынан оңды-солды сермей бастады, аналар оның шатты-бұтты сандырақ сөзін естігенімен, не деп тұрғанын түсіне алмаған және диірмендер доңғалағы астындағы шұңғыма мен үйірімге қарай бой бермей тартылып бара жатқан қайықты бәрі жабылып сырықпен тіреп тоқтатуға жан салып жатқан.

Санчо тізерлей кетіп, осынау анық қатерден өзін құтқаруын сұрап, құдайға құлдық ұрып жалбарына бастады, ұн тартушылардың ептілігі мен ыждағаттылығы арқасында солай болып та шықты: олар қайыққа сырықтарын бар күшпен тіреп, ақыр соңында оны тоқтатты; әйткенмен қайық аударылып қалды да, Дон Кихот Санчомен бірге суға құлады; Дон Кихоттың бір артықшылығы — балықтай жүзетін, бірақ сауыт-сайманының салмағынан, бәрібір, екі мәрте су түбіне шөгіп үлгерді, егер ұн тартушылар сол бойда суға қойып кетіп, екеуін қолдарына көтеріп дерлік алып шықпағанда, бұл орын олар үшін Трояға айналған болар еді. Суға кеңірдектеп тойғандары сонша, ендігі жерде су ішуге ешқашан тәбеті шаппастай көрінген екеуді құрғаққа шығарғаннан кейін, Санчо жерге тізерлей кетті де, қолын кеудесіне айқастырып, көзін көкке қадап тұрып, құдайдан алдағы уақытта мырзасының батыл да өжет ой-ниеттері мен бастамаларынан құтқаруды сұрап, құлдық ұрып ұзақ мінәжат етті.

Осы кезде қайықтың иесі боп табылатын балықшылар да келіп жетті, — айта кететін жай: диірмен доңғалақтары қайықты быт-шыт қып жаңқаға айналдырып жіберген-ді. Қайықтың талқаны шыққанын көрген олар Санчоға тап беріп, оны шешіндіруге кірісті, ал Дон Кихоттан шығынның орнын толтыруды талап етті. Дон Кихот, түк ештеңе болмағандай, мейлінше сабырлы да салиқалы кейіпте ұн тартушылар мен балықшыларға қайықтың құнын төлейтінін, бірақ бір ғана шарты барын — қамал-сарайларында тұтқында жатқан ханымды немесе басқа құрметті адамдарды түлкі бұлаңға салмай, бірден азат етулері керегін мәлім етті.

— Оу, қайдағы құрметті адамдар мен қамал-сарайлар жайында шатып тұрсың, дәлдүріш-ау? — деп айқайлап жіберді ұн тартушылардың бірі. — Әлде осында ұн тарттыруға келгендерді алып кеткің кеп тұр ма?

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий