Knigionline.co » Казахские книги » Дон Кихот ІІ

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот ІІ» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Мистер Дон Кихот полюбил рыцарские романы и решил стать рыцарем. Он отправляется вместе со своим оружейником Санчо Пэнси в путешествие во имя любви к Дульсинеи Тобосской. Это путешествие и в наши дни пленяет читателя.

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Сөз арасына әлде бір әдемі мәтелді қыстырып жібермесең, бұған не көрінді деп қалар едім, Санчо, — деді Дон Кихот. — Жарайды енді, тәубеге келсең кешірейін сені, алайда мынадай шартым бар: алдағы уақытта тек қара басыңның ғана қамын күйттегенді қой, — қайырымдылау бол және қуанышты көңілмен, шыдамдылықпен өзіңе берген уәдемнің орындалуын күт — рас, ол кішкене кідіріңкіреп жатыр, бірақ іске асатындығына әсте шәк келтіруге болмайды.

Санчо бұған ешқандай күмәні жоқтығын және өзінің міндетті түрде жөнге келетінін айтып жауап берді.

Сол екі арада олар тоғайға келіп кірді, Дон Кихот шегіршіннің, ал Санчо шамшаттың түбіне жайғасты, — басқа да барлық ағаш секілді бұларда да аяқ әрқашан болғанымен, қол ешқашан болмайтын. Санчо түні бойы азап шегіп шықты, өйткені сойыл дарыған жерлері түнгі шықтан одан әрмен қақсап ауырған еді, ал Дон Кихот дағдылы әдетінше арманға берілді, алайда ақыр соңында екеуін де ұйқы меңдеді; ал таң ағарып атқан соң олар атақты Эбро өзенінің жағалауына қарай бет алды, сол жерде екеуі келесі тарауда әңгімеленетін бір жағдайға душар болды.

ХХІХ тарау

Жадыланған қайыққа қатысты бір ғанибет шытырман оқиға жайында.

Тоғайдан шыққаннан кейін Дон Кихот пен Санчо бірқалыпты жүріспен асықпай аяңдап отырып арада екі күн өткенде Эбро өзеніне келіп жетті. Өзенді тамашалау Дон Кихотқа зор бақыт сыйлады: көрікті жағалауына, сырғыған мөлдір суына, айнадай жалтырап, арнасын керней толықсып аққан ағысына сүйсіне көз тікті, көңілді шаттыққа бөлейтін бұл көріністен Дон Кихоттың жадында көптеген қуанышты естелік оянды. Әсіресе, Монтесинос үңгірінде көрген жайлары көз алдынан кетпей қойды; маэсе Педроның маймылы оған бұл оқиғалардың тек бір бөлігі ғана шындық, қалғаны өтірік дегенімен, оның өзі, бәрібір, мұның бәрін даусыз ақиқат деп қана бағалауға бейім-ді, ал Санчо болса, керісінше, мұның бәрін бос қиял деп білетін. Олар осылай су жағалап жүріп келе жатып кенет жағалаудағы ағаштың діңіне байлаулы тұрған, ескегі де, басқа жабдығы да жоқ кішкене қайықты көріп қалды. Дон Кихот жан-жағына қаранғанымен, тірі жан баласы көзіне шалына қоймады; сөйткен соң, көп ойланып тұрмастан, Росинанттан секіріп түсті, сосын Санчоға да есегінен ырғуға, көліктерін жағалаудағы теректің бе әлде талдың ба діңіне байлап қоюға әмір етті. Санчо одан осынау асығыс-үсігіс түсу мен байлаудың себебін сұрады. Дон Кихот оған былай деп жауап берді:

— Біліп қой, Санчо, мына тұрған қайық көпе-көрнеу және ашықтан-ашық мені өзіне тартып тұр және соған отырып, әлдебір рыцарьға немесе басқа бір зор бақытсыздыққа ұшырап, тақсірет тартып жатқан ақсүйек ханымға көмекке аттануға мәжбүр етіп тұр, өйткені бұл рыцарьлық романдардың және сол романдарда ой тұжырып, әрекет ететін сиқыршылардың үрдісіне сай келеді: рыцарьлардың біреу-міреуі қырсыққа ұшырап, оны тек басқа бір рыцарь ғана құтқара алатын жағдай тап келсе, бірақ олар бір-бірінен екі-үш мың, тіпті одан да көп миль жырақта жүрсе, сиқыршылар әлгі екінші рыцарьды бұлтқа отырғызады не болмаса оның қарамағына қайық береді, сөйтіп оны әуемен немесе теңіз арқылы көмегі қажет боп жатқан жерге қас пен көздің арасында алып барады. Айтайын дегенім, Санчо, мына қайық бұл жерге тап сол мақсат үшін әкеп қойылған және мұның бәрі тап қазір түн емес, күндіз екені сияқты шындық, ал енді есегің мен Росинантты тез байлай ғой, кешкірмей тұрғанда тартып кетейік; мен қайыққа қайтсем де отырам, тіпті жалаңаяқ ағайындардың жалынғанына да қарамаймын.

— Олай болса, — деп сөйлеп кетті Санчо, — өзіңіз адым аттаған сайын, айып көрмеңіз, ақымақтық жасауға ниет қылсаңыз, онда маған тек: “Мырзаңа қарсы келмесең — ас-судан тарлық көрмейсің” деген мәтелді ескеріп, бағыну мен бас ию ғана қалады. Алайда, арым таза болуы үшін құлаққағыс етіп қояйын, меніңше, бұл қайықтың иелері ешқандай жадыланған жандар емес, кәдімгі жергілікті балықшылар: өйткені, қарақаптал балықтың ең тәуірі осы өзенде.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий