Knigionline.co » Казахские книги » Дон Кихот ІІ

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот ІІ» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Мистер Дон Кихот полюбил рыцарские романы и решил стать рыцарем. Он отправляется вместе со своим оружейником Санчо Пэнси в путешествие во имя любви к Дульсинеи Тобосской. Это путешествие и в наши дни пленяет читателя.

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

“Егер мырзам шынымен дін маманы болмаса, онда мені шайтандар алып-ақ кетсін, — деді Санчо сол арада өзіне өзі, — неғылғанда да, ол дін маманына егіздің сыңарындай ұқсас”.

Дон Кихот кідіріп, азды-кем тыныс алды, бірақ тұнжыраған қалпында қалған тобырдың өзін одан әрі тыңдауға ынталы екенін байқап, сөзін әрмен жалғауға оқталған және, оған тіптен күмән жоқ, одан әрі жалғап та кетер ме еді, бірақ мырзасының тыныс алып тұрғанын көрген Санчо өзіне тән ақыл-ой ұшқырлығын танытып, оның орнына өзі сөйлей жөнелді.

— Бұрын өзін Қайғылы Бейне Рыцары деп атаған, енді қазір Арыстан Рыцары атандырып жүрген мырзам Ламанчалық Дон Кихот — өте білімді идальго, — деді Санчо. — Латын мен испан тілі жөнінен кез-келген бакалаврдан кем түспейді, қазіргі айтқан барлық сөзі мен кеңесінен айтулы сарбаз екені айқын сезіліп тұр, жекпе-жектің ереже-заңдарын жатқа біледі, сондықтан сендерге тек оның ақыл-кеңесіне құлақ қою ғана қалады, — өкінбейтіндеріңе кепілдік берем. Оның үстіне, әлгінде естідіңдер емес пе: тек әншейін есектің ақырғанына бола ашу шақыру деген ақымақтық қой. Әлі есімде, бала кезімде өзім де есекше ақыратынмын, қашан және қанша ақырғым келсе сонша, оның үстіне өз ықтиярыммен ақырушы едім, әрі керемет шеберлікпен, айнытпай салатыным сондай, менің ақырғаныма селомыздағы есек атаулының бәрі түгел үн қататын, солай бола тұрғанымен, мені ешкім азғын біреуге балаған жоқ, өз ата-анасының, қадірлі адамдардың ұлы деп білді. Рас, өнерімді деревнядағы біраз сәнқой көре алмай жүрді, бірақ оларға түкіргенім бар. Ал, егер өтірік айтып тұрмағаныма көз жеткізгілерің келсе, онда сәл сабыр етіп, құлақ түріңдер. Бұл өнер де бір — жүзу де бір: үйреніп алсаң өмірбақи ұмытпайсың.

Осыны айтып Санчо қолымен мұрнын қалқалап жіберіп, ақырып қалды, қатты ақырғаны сонша, дауысы айнала-маңдағы күллі алқапты жаңғырықтырды. Алайда, жанында тұрған шаруаның біреуі мынау өздерін мазақ қып тұр екен деп ойлап, оған сойылын сілтеп кеп қалды, қатты соққаны сондай, Санчо Панса тәлтіректеп барып жерге гүрс етіп құлап түсті. Санчоны қалай жәбірлеп жатқандарын көрген Дон Кихот найзасын көлденең ұстап бұзақыға тұра ұмтылды, алайда қас қағым сәтте сонша көп бұзақы жолын бөгеп тұра қалды да, кек қайтарудың мүмкіндігі болмады; бұл да аз: тастың бұршақтай жауып кеткенін және өзін нысанаға алған қисапсыз көп садақ пен аркебуздың ажал төндіріп қалғанын көрген Дон Кихот Росинанттың басын бұрып алды да, тапырақтата шаптырып тобырдан сытыла қашты және қатерден сақтап қалуын сұрап құдайға іштей жалбарынумен болды, өйткені Дон Кихот кеудесін оқ тесіп өтеді-ау деп дегбірі қалмай келе жатқан және сәт сайын демін ішке тартып, оқ жанап өткен жоқ па деп тың тыңдаумен болған. Алайда, жасақшылар оның бас сауғалап қашқанын тамашалағанды қанағат тұтып, ақыры оқ атқан жоқ. Сормаңдай Санчоны олар есін жиған бойда есегіне көлденең артты да, мырзасының соңынан ілесуіне мүмкіндік берді, бірақ Санчоның есекті жолға саларлық жағдайы жоқ-ты, сондықтан оның өзі Росинанттың соңынан тепеңдеп тартып кетті, себебі одан қас қағым сәтке болсын жырақ қалу ол үшін соншалықты ауыр ақирет болатын. Бұл екі аралықта Дон Кихот әжептәуір жерге ұзап кеткен-ді, сәлден кейін тоқтап, артына бұрылып қарап, Санчоның соңынан еріп келе жатқанын көрген соң қуғынның жоқтығын байқап, оны тоса тұруды ұйғарды.

Жасақшылар сол арада қараңғы түскенше тұрғанымен, дұшпандары ақыры шайқасқа шықпады, бұлар соған мәз-мәйрам боп масайрап, улап-шулап селоларына қайтты; егер ежелгі гректердің дәстүрінен хабардар болғанда, олар сол жерге міндетті түрде трофей тұрғызар еді.

ХХҮІІІ тарау

Бен-инхалидың айтуынша, мұны оқып шыққан және оқығанда бар ынтасымен оқыған адамға мәлім болатын оқиғалар жайында

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий