Knigionline.co » Казахские книги » Дон Кихот ІІ

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот ІІ» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Мистер Дон Кихот полюбил рыцарские романы и решил стать рыцарем. Он отправляется вместе со своим оружейником Санчо Пэнси в путешествие во имя любви к Дульсинеи Тобосской. Это путешествие и в наши дни пленяет читателя.

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Құдай деп айтайын, күдігімді қалай ғана оп-оңай сейілтіп жібердіңіз және қандай керемет әдемі түсіндіріп бердіңіз, тақсыр! — деп дауыстап жіберді Санчо. — Олла-біллә оңбай кетейін, арқамның неліктен ауыратыны соншалықты жұмбақ па еді, сосын неге арқамның сойыл дарыған жерінің бәрі түгел ауыратынын да түсіндіріп жату қажет пе? Егер тобығым ауырса, онда, бәлкім, ойға батуыма болар еді, неліктен ауырды екен деп, ал енді соққы тиген жерімнің не себепті ауыратынына бас қатырудың қажеті бар ма? Апырай, қадірменді сеньорым-ай, жаны ашымастың қасында балтырың сыздамасын деген, сізбен бірге жүріп опа таппайтыным күн өткен сайын бұрынғыдан да анық мәлім бола бастады ғой: бүгін мені соққыға жығуға жол бердіңіз, ал ертең тағы да сол таз кепеш: көрпеге салып қақпақылдау мен басқа да сондай балалар ойыны басталады, бүгін арқамды беріп құтылдым, ертең сорым қайнап көзімді беріп құтылмасам нетті. Ішетін сусын аз, жейтін тамақ мүлдем жоқ, бағытсыз бағыттармен, жолсыз жолдармен соңыңыздан құр босқа салпақтап жүргенше үйіме, зайыбыма, балларыма қайтып оралсам, соларды бағып-қақсам, нәсібіне бұйырған нәпақамен асырап-сақтасам қандай ғанибет болар еді, шіркін, — бірақ мен барып тұрған рақымсыз адаммын ғой, менен жақсылық күтуге болмайды. Ал, енді ұйқы жайында айтып жатудың өзі артық! Жеті сүйем жер өлшеп алыңыз, құрметті атқосшы, қаласаңыз тағы да сондай жер ала қойыңыз, бұл арада өзіңізге өзіңіз қожайынсыз, сөйтіңіз де, рақаттанып жатып демалыңыз. Кезбе рыцарьлық жолына бірінші боп қадам басқан адам, немесе, тым құрығанда, осындай нақұрыстарға, — шамасы, бұрынғы кезбе рыцарьлар сондай болған шығар, — атқосшылыққа баруға тілек білдірген алғашқы адам алауда күл боп өртеніп, күлі желге ұшып-ақ кетпейді екен. Ал бүгінгі кезбе рыцарьлар жайында ештеңе айтпаймын: сіз, тақсыр, солардың қатарынансыз ғой, ендеше, оларға құрметпен қарауым керек, өйткені ақыл-парасатыңыз бен шешендігіңіз жағынан сіз шайтанның өзін шатастырып жібересіз.

— Тап осы қазір, Санчо, тыным таппай мылжыңдап келе жатқан кезіңізде, — деді Дон Кихот, — еш жеріңіздің еш те бір ауырып тұрмағанына өзіңізбен бәс тігуге бармын. Аузыңызға келгеннің және тіліңіздің ұшында тұрғанның бәрін айта беріңіз түк қалдырмай, батыр-екесі, — тек еш жеріңіз ауырмаса болғаны, ал мен дөрекілігіңізге үн-түнсіз шыдап бағам. Иә, сөйтіп, үйіңізге, әйеліңіз бен балларыңызға қайтып оралуға асығып тұр екенсіз ғой — құдай сақтасын, ешқандай қарсылығым жоқ, ақшам өзіңізде, селодан үшінші мәрте аттанғалы бері қанша күн өткенін санап жіберіп, айына қанша алуыңыз керегін есептеп шығарыңыз да, тиісті ақшаны өзіңізге өзіңіз төлей салыңыз.

— Өзіңізге бек жақсы мәлім бакалавр Самсон Каррасконың әкесі Томе Карраскода қызмет еткенімде, — деді Санчо, — ішетін тамағымды есептемегенде, айына екі дукат алып тұрғам, ал сізден қанша алуым керек — одан тіптен хабарым жоқ, тек әйтеуір деревнядағы малайдан гөрі кезбе рыцарь атқосшысының жұмысы көбірек екенін білем; шынында да солай ғой: малайлықта жүргенде күндіз қанша көп жұмыс істегенімізбен, қанша шаршап-шалдыққанымызбен, кешкісін, әйтеуір, ыстық тамақ ішеміз, төсекте жатып ұйықтаймыз, ал енді өзіңізге қызметке тұрғалы бері төсек-орын дегеннің де не екенін ұмыттым. Егер дон Дьего де Миранданың үйінде өткізген бірнеше күнді, Камачо қазандарынан тиген сүйек-саяқпен жасаған той-думанымды, Басильоның шаңырағында кеңірдегімнен келгенше ішіп-жеп, ұйқы соққанымды есептемегенде, қалған уақыттың бәрінде ашық аспан астында, тақыр жерде ұйықтадым, алуан қилы, жұрт айтатындай, табиғи апат қатерін бастан кештім, сүтсірненің құйтымдай құрышымен және нанның қатқан қабығымен қоректендім, өзімізге ну жыныстан жолыққан жылғалар мен бұлақтардың суын іштім.

— Ақиқат шындықты айтып тұрғаныңызды мойындаймын, — деді Дон Кихот жуаси сөйлеп. — Сонда өзіңізге Томе Карраско төлегеннен қаншалықты көбірек төлегенімді қалайсыз?

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий