Knigionline.co » Казахские книги » Дон Кихот ІІ

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот ІІ» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Мистер Дон Кихот полюбил рыцарские романы и решил стать рыцарем. Он отправляется вместе со своим оружейником Санчо Пэнси в путешествие во имя любви к Дульсинеи Тобосской. Это путешествие и в наши дни пленяет читателя.

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

Дон Кихоттың беті қызыл теңбілденіп кетті, қоңырқай тартқан өңінен бұл анық көрініс беріп тұрды; Санчоның ишаратын Дон Кихоттың бек жақсы түсінгенін сезген, сондықтан атқосшысымен қоса өздеріне де реніш білдіріп жүрмесін деп қауіптенген үй иелері бұл екі аралықта күлкіні қойып, байсалды кейіпке енген еді. Әңгіме тақырыбын өзгерту үшін және Санчоның шатты-бұтты сөзіне тыйым салу мақсатымен герцогиня Дон Кихоттан сеньора Дульсинеядан хабар алып тұрасыз ба, соңғы уақытта оған сыйлыққа қанша дәу мен зұлымды аттандырдыңыз, өйткені, сірә, талайына жер қаптырып үлгерген де шығарсыз, деген сауал қойды. Дон Кихот оған былай деп жауап қатты:

— Сеньора! Бақытсыздығымның басталған кезі мәлім болғанымен, аяқталар кезі беймәлім. Мен дәулерді де жеңгенмін, оған сыйлыққа жаналғыштар мен жауыздарды да аттандырғанмын, бірақ ол жадыланып қойылса және сұрқынан адам шошитын шаруа әйелге айналдырылса, олар оны қайдан іздеп таппақ?

— Әй, білмеймін-ау, — деп Санчо Панса сөзге араласты, — маған әлемде одан асқан сұлу жоқтай көрініп еді. Қалай болғанда да, әйтеуір, ширақтығы мен секіруге бейімдігі жағынан керілген арқанда билейтін даршылардың кез-келгенін жолда қалдырады. Шын айтам, сеньора герцогиня, ол аумаған мысық құсап мәшіге жерден бір-ақ секіріп міне алады.

— Сен, немене, оны жадыланған кезінде көріп пе ең, Санчо? — деп сұрады герцог.

— Көрмегенде ше! — деп жауап қатты Санчо. — Сиқырлау деген пәленің қармағына жұрттан бұрын мен ілікпегенде, шайтан іліксін бе? Жо-жоқ, ол шынымен-ақ жадыланған... тура сіз бен біз сияқты!

Дәулер, жаналғыштар мен сиқыршылық жайындағы бұл әңгіменің бәрін естіп отырған тәлімгер мынау Ламанчалық Дон Кихоттың тап өзі екенін ұқты, оның бастан кешкен хикаясын герцог қолынан тастамай оқып жүретін, сол үшін тәлімгер оған талай мәрте реніш білдіріп, мұндай пәтуасыз нәрселерді оқу пәтуасыздық саналатынына оны сендіріп баққан-ды. Енді қазір жорамалының дұрыстығына көзі анық жеткеннен кейін қолма-қол ашу шақырып, герцогқа қарап долдана сөйлеп кетті:

— Шарапатты мырзам! Мына бұзықтың қиямпұрыс істері үшін құдайдың алдында жауап беруіңізге тура келеді. Байқауымша, мынау әлгі Дон Кихот па, Дон Дәлдүріш пе немесе тағы қалай аталушы еді, өзіңіз ойлайтындай соншалықты бір алып бара жатқан ауыш емес секілді, сондықтан оның ақымақтықтары мен есалаңдықтарына көз жұма қарауыңызға болмайды.

Одан соң ол Дон Кихотқа қарай еңсе бұрып, былай деді:

— Ал, айтыңызшы, әумесер неме: кезбе рыцарьсың деп, дәулерді жеңіп, жауыздарды тұтқынға алып жүрсің деп иландырған кім сізді? Ақылға келіңіз де, мына сөзімді есте ұстаңыз: үйіңізге қайтыңыз, бар болса балаларыңызды бағыңыз, шаруашылықпен айналысыңыз, дүние кезіп тентіреп, көктегі тырнаға қол созғанды, таныс-бейтаныс абзал жандардың күлкісіне қалғанды қойыңыз. Бәле-жаласы өз басынан ауыспағыр кезбе рыцарьлар дүниеде болған және қазір де бар дегенді қайдан таптыңыз? Дәулер — Испанияның, жаналғыштар — Ламанчаның қай жерінде жүр, сондай-ақ анау әлгі жадыланған Дульсинеялар мен өзіңіз жайында жазылған не шұрайлы пәтуасыз хикметтер қайда қанеки?

Дон Кихот қадірменді тәлімгердің сөзін зер сала тыңдады, ал анау айтарын айтып үнсіз қалған кезде, ерлі-зайыпты герцогтарға деген құрметіне де қарамастан, орнынан атып тұрды да, тұла бойын кернеген ашу-ызадан жүзі түтігіп, сөйлеп қоя берді...

Алайда, оның жауабына жеке тарау арнаған лайық.

ХХХІІ тарау

Өзін кінәлаушыға Дон Кихоттың қандай жауап қайтарғаны жайында, сондай-ақ маңызды да қызықты басқа да оқиғалар жөнінде.

Сонымен, Дон Кихот орнынан атып тұрды, тұла бойы қалш-қалш етіп, қатты толқығаннан демі тарылып, былай деп сөйлеп кетті:

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий