Knigionline.co » Казахские книги » Дон Кихот ІІ

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот ІІ» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Мистер Дон Кихот полюбил рыцарские романы и решил стать рыцарем. Он отправляется вместе со своим оружейником Санчо Пэнси в путешествие во имя любви к Дульсинеи Тобосской. Это путешествие и в наши дни пленяет читателя.

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Шығарма кемшіліктерінің бірі, — деп бакалавр әңгімесін жалғады, — автордың оған Пәруайсыз әуестік аталатын хикаятты енгізгені делінеді, — әңгіме хикаяттың жеке өзінің татымсыздығында немесе нашар жазылғандығында емес, әңгіме оның бұған қисынсыз қиыстырылуында және сеньор Дон Кихоттың басынан өткен жайларға ешқандай қатысы жоқтығында болып тұр.

— Бәс тігуге бармын, бұл иттің баласы бәрін ботқадай былықтырған ғой, шамасы, — деп салды Санчо.

— Ендеше, — деп сөйлеп кетті Дон Кихот, — сіздерге ашығын айтайын: өзім жайындағы кітаптың авторы әсте білімпаз біреу емес, әншейін жүрген бір дүмше мылжың, ана кітапты да әйтеуір түбі бірдеңе шықпас деймісің деген тәуекелшілдікпен және қалай болса солай жазған — дәп сол Убедадан шыққан суретші Орбанеха секілді; “не салып жатырсың” деп сұрағандарға ол: “Әйтеуір бірдеңе шықпас деймісің” деп жауап береді екен. Бір жолы ол әтештің суретін салыпты және өте нашар әрі кеспірсіз етіп салғаны сонша, астына: “Бұл — әтеш” деп жазып қоюына тура келіпті. Сірә, менің де бастан кешкендерім сондай кепке душар болған шығар, оны ұғындыру үшін түсініктеме қажет болар.

— Жоға, о не дегеніңіз, — деп қарсылық білдірді Самсон, — онда ешқандай күлбілте жоқ, бәрі де айқын, анық, түк қиындық келтірмейді: балалар одан бас көтере алмайды, жас жігіттер ынта қойып оқиды, ересектер түсіністікпен қарайды, қарттар жағы мақтайды. Қысқасы, қандай дәреже, атағы барына қарамастан жұрт оны бас алмай құмарта оқып жатыр және жатқа да біледі, осы себепті бір көтерем мәстек көздеріне шалынса болды: “Мә, Росинантты қара!” деседі. Оны әсіресе малайлар айрықша ұнатады — кез-келген бай мен балпаңның ауыз үйінен Дон Кихотты табасың: біреуі оны бір сәтке былай қойса болды, екіншісі сол бойда-ақ қағып кетеді, кейде бір-бірімен сол үшін шекісіп те қалады, кейде бір-бірінен жалынып-жалпайып сұрап алып жатқаны. Тоқ етерін айтқанда, аталмыш хикая — өзіме мәлім дүниелердің ішіндегі зияны мейлінше аз туынды және оны оқыған адам уақытты барынша көңілді өткізеді, өйткені кітаптың өне бойынан бірде бір болмашы былапыт сөз бен католиктер сеніміне сай келмейтін бір де бір ой-тұжырымды кезіктіре алмайсың.

— Басқаша жазу — шындықты емес жалғанды жазу боп шығады, — деп тұжырды Дон Кихот, — ал өтірік қосып жазуға дағдыланған тарихшыларды жалған ақша жасаушылармен қабат отқа өртеу қажет. Менің бір нәрсеге ақылым жетпей отыр: өзім жайында соншалықты көп нәрсе жазуға болатынына қарамай, автордың бұған басқа біреулер жөніндегі хикаяттар мен әңгімелерді тықпалауының не қажеті бар еді? Шамасы, ол: “Шөп таппасаң сабан же, тоймаса қарның амал не” деген мақалды басшылыққа алған ғой. Шын мәнінде де, ой-толғамдарым, ауыр күрсінісім, төккен жасым, ізгі ниеттерім мен айқастарымның өзі-ақ оған шығарған кітабынан да қалыңырақ немесе, тым құрығанда, тап сол анау Тостадо шығармалары құрағандай қалың томға әбден жетерлік емес пе еді. Ашығын айтсам, сеньор бакалавр, хикаяларды немесе, жалпы, қандай да болсын әйтеуір бір кітапты жазу үшін тұжырым дәлдігі мен ақыл-ой кемелдігі қажет-ау деп ойлаймын. Әзіл-қалжыңы мол, тапқыр да ұтқыр дүние туындату — ұлы адамдардың парасат-пайымына тән қасиет: комедиядағы ең ақылды тұлға — сайқымазақ, себебі өзін өзі ақымақ қып көрсетуге құмбыл адам шын мәнінде ондай болмауға тиіс. Тарих — айрықша қастер тұтуға лайық нәрсе, өйткені ол шыншыл болуға міндетті, ал шындық қайда болса құдай да сонда, өйткені құдай дегеніміздің өзі — шындық, алайда кітапты құймақ құйғандай тоғыта беретін адамдар барын да білеміз.

— Тіпті нашар деген кітаптың өзінен де әлденендей тәуір бірдеңе табылады, — деп қосарланды бакалавр.

— Оған сөз бар ма, — деп келісе кетті Дон Кихот, — алайда мынадай жағдай да жолығады: кей адамдар қолжазбалары арқылы әділетті түрде зор даңққа қол жеткізіп, құрметке бөленеді, бірақ шығармалары баспа жүзін көрген бойда бұрынғы атақ-абыройы көзінен бұлбұл ұшады жә болмаса әжептәуір солғын тартып қалады.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий