Knigionline.co » Казахские книги » Дон Кихот ІІ

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот ІІ» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Мистер Дон Кихот полюбил рыцарские романы и решил стать рыцарем. Он отправляется вместе со своим оружейником Санчо Пэнси в путешествие во имя любви к Дульсинеи Тобосской. Это путешествие и в наши дни пленяет читателя.

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Сеньор Самсонның айтуынша, сұр жорғамды кімнің қалай және қашан ұрлап кеткенін білуге құмар көрінеді, оның бұл сауалына мынадай жауап қайтармақпын. Каторгаға жіберілгендерге және Сеговияға әкетіп бара жатқан өлікке қатысты қырсықты оқиғалардан, — иә, айтқандайын, шытырман оқиғалардан, — кейін Қасиетті ағайындықтан бас сауғалай қашып, Сьерра Моренадан бір-ақ шыққан түні қожайыным екеуіміз орманның қорысына барып тығылған едік; сілеміз қатып таяқ жеп, ұрыс-керістен әбден титықтаған екеуіміз сол арада: мырзам — найзасына сүйеніп тұрған қалпы, ал мен сұр жорғама мініп отырған күйімде бейне бір құс төсекке жайғасқандай жан рақатын тауып ұйықтап кетіппіз. Әсіресе менің қатып ұйықтап қалғаным сонша, әлдекім ұрлана басып келіп, ерді төрт жағынан таяқпен тіреп қойыпты да, астымдағы есекті білдірмей босатып әкетіпті, ал мен сол бұрынғыша ерде отырған күйімде қала барыппын.

— Бұл аса қиын шаруа емес және жаңадан ойлап табылған бірдеңе де емес, Альбраканы қоршауға алған кезде Сакрипанттың басында да тап сондай жағдай болған: атышулы қарақшы Брунел оның астындағы атын дәл осындай айлакерлік амалмен алып кеткен.

— Таң ағарып атқан шақ еді, — деп Санчо сөзін жалғады, — сәл-пәл қозғалақтағаным сол, таяқтар ұшып кетті де, мен бар салмағыммен жерге былш ете қалдым. Сұр жорғам қайда деп жан-жағыма қарандым, есегім зым-зия жоқ. Егіл-тегіл еңіреп жыладым-ай кеп, көзімнің жасын күңірене көлдеткенім сонша, егер біз туралы кітап жазған кісі осы жоқтауымды оған енгізбесе, онда оның бұл кітапқа жөнді ештеңе енгізбегеніне күмән келтіруге болмайды. Одан соң қанша күн өткені есімде жоқ, әйтеуір сеньора принцесса Микомиконамен бірге келе жатқам, қарасам: есегім, міне, қарсы алдымда тұр, ал үстінде сығанша киініп алған, мырзам екеуіміз шынжырдан босатқан әлгі алаяқ, барып тұрған сұрқия Хинес де Пасамонте жарбиып отыр.

— Ағаттық онда емес, ағаттық автордың есек табылардан біраз бұрын Санчо сол баяғы сұр жорғасын мініп келе жатыр деп аңдаусыз айтып қалғанында боп тұр, — деп құлаққағыс етті Самсон.

— Бұған қандай жауап қайтарарымды білмеймін, — деді Санчо, — шамасы, шығармашы қателескен болар, жә теруші шалағайлық жасаған шығар.

— Асылы, солай болғанында күмән жоқ, — деді Самсон. — Ал, ана жүз эскудоның жайы не болды? Құрттың ба көзін?

Санчо былай деп жауап қатты:

— Мен ол ақшаны өз қажетіме, жұбайым мен балаларымның мұқтажына жұмсадым. Қожайыным Дон Кихотқа қызметке кіріп, жер-дүниені шарлап кеткенім үшін әйелімнен тек осы ақшаның арқасында ғана сөгіс алғам жоқ, әйтпесе арада осынша уақыт өткенде үйіме әрі есек жоқ, әрі құр қол оралсам халым аянышты-ақ болар еді. Әгәрәки өзім жайында тағы бірдеңе білгіңіз келсе сұрай беріңіз, мен дайынмын, тіпті корольдің тап өзіне, өз пресонасына жауап беруге де әзірмін; одан соң үйге ақша әкелдім бе, әкелмедім бе, оны жараттым ба, жаратпадым ба — мұнда ешкімнің шатағы жоқ, өйткені саяхатымның барысында жеген соққыларымның өтеміне, әрқайсысы үшін құрығанда төрт мараведиден ақша төлейтін болса, онда тек соның жартысының ғана ақысына жүз дегенің не тәйірі, тіпті екі жүз эскудо да аздық еткен болар еді, онан соң әркім әуелі өз ар-ұятына жүгініп алсын, содан кейін барып ақты — қара, қараны — ақ деп атай берсін: себебі бәріміз де құдай өзімізді қандай ғып жаратса, сондай жандармыз, ал кейде тіпті одан да нашар боп шығуымыз мүмкін.

— Ақпейіл Санчо осы қазір ғана ағынан жарыла айтқан әңгімені кітабының екінші басылымына енгізу жайын ұмытпауды автордан өтінермін, — деді Карраско, — кітаптың көркемдігін арттыра түсуге бұның септігі тиері кәміл.

— Бұл кітапқа басқа да бір түзетулер енгізу қажет пе, сеньор бакалавр? — деп сұрады Дон Кихот.

— Сірә, ептеген түзету енгізу керек те шығар, бірақ ол айтарлықтай мәнді бірдеңе бола қоймас, — деп жауап қатты ол.

— Апырай, автор екінші бөлімін жарыққа шығармақ ойдан сау ма екен? — деп сұрады Дон Кихот.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий