Knigionline.co » Казахские книги » Дон Кихот ІІ

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот ІІ» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Мистер Дон Кихот полюбил рыцарские романы и решил стать рыцарем. Он отправляется вместе со своим оружейником Санчо Пэнси в путешествие во имя любви к Дульсинеи Тобосской. Это путешествие и в наши дни пленяет читателя.

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Сен қызықсың, Санчо, — деді Тереса, — кезбе рыцарьдың оң қолына айналғалы бері тұспалдап сөйлеуге дағдыланып алғаның сонша, жан баласы сөзіңді түсінбейтін болды.

— Жаратқан иеміз түсінетіндігінің өзі-ақ жетіп жатыр маған, ал бұл дүниеде ол түсінбейтін ештеңе жоқ, — деді Санчо налыңқырап. — Жә, мұны қоя тұралық. Әңгіме былай, жарығым, сапарға аттануға сақадай сай болуы үшін сұр жорғаға үш күн бойы жақсылап күтім жасауың керек: жемге беретін сұлыны екі есе көбейт, ер-тұрманды тексер — себебі біз тойға бара жатқан жоқпыз ғой, бізге жер-дүниені шарлау қажет болады, дәулермен, андриактармен және құбыжықтармен айқаста дес бермеу керек болады, ысылдаған, ырылдаған, ақырған және ышқынған дыбыстарды естуге тура келеді, әйтсе де янгуастықтармен және жадыланған маврлармен салыстырғанда мұның бәрі түкке тұрғысыз нәрсе.

— Кезбе атқосшылар өз нанын, — деді Тереса, — маңдай терін төге жүріп табатынын байқап тұрмын, әкесі; сондықтан сені ондай ауыр азаптан құтқаруын сұрап құдайға күні-түні жалбарынатын болам.

— Саған ашығын айтайын, шешесі, егер таяу мерзімде бір аралдың губернаторлығына орналасудан үмітім болмаса, мен үшін бұл өмірдің еш қызығы қалмас еді, — деді Санчо.

— О не дегенің, құрымағыр, — деді Тереса келіспей. — Қой, қоразым, үйдеме, тіліңе шыққыр түйнеме, сен ғұмырды кеше бер, ал жер бетіндегі губернаторлық атаулыны шайтан алып жоқ қылсын: анаңның құрсағынан губернатор боп шыққан ештеңең жоқ, күні бүгінге дейін губернатор боп дәурен кешкен емессің, құдай өзі мақұл көрген мезгілде табытқа да губернатор боп түспейсің, дәлірек айтқанда, салмайды. Жер бетін жайлаған жанның бәрі бірдей губернатор емес қой — бірақ, одан олардың бірдеңесі құрып қалған жоқ: бұйырған несібесін жеп, тірлігін жасап жатыр. Ең күшті дәмдеуіш — аштық, кедей-кепшіктерде бұл қашан да молынан табылады, сондықтан олар тамақты жақсы жейді. Бірақ, сен байқағын, Санчо: егер әлдеқалай губернаторлыққа қол жеткізіп жатсаң, мені де, балаларды да ұмытып кетіп жүрме. Есіңде болсын, ұлың Санчико он беске толды, енді оған мектепке бару керек, өзіне нағашылығы бар монастырь бастығы оны дін жолына бағыттамаққа уәде етті. Тағы да есіңде болатын бір жай, қызың Марисанча күйеуге шығуға тіптен де кетәрі емес, — меніңше, сен губернаторлық жайында қандай армандасаң, ол да болашақ күйеуі жайында сондай арман кешіп жүрген тәрізді; ол да орынды ғой енді: бойжеткен қыз үшін жақсы достан, жаман күйеу артық қой.

— Арыммен ант етейін саған, сүйікті қосағым, — деп сөйлеп кетті Санчо, —жаратқан ием өзіме губернаторлыққа ұқсас бірдеңе бұйыртса, Марисанчаны аса жоғары лауазымды адамға ұзатам, одан соң оны жұрт мәртебелі ханым деп атайтын болады.

— Жоқ, бұл қисынсыз әңгіме, — деді Тереса келіспей, — оны өз теңіне бер, ең дұрысы сол, әйтпесе егер ағаш шәркейдің орнына әдемі туфли, арзанқол көйлектің орнына — жібек, әрі фижмасы8 бар көйлек кисе, одан соң Марика, сен, деудің орнына жұрттың бәрі оны бәленше донья және мәртебелі ханым деп атайтын болса қыз бала мүлдем абдырап қалады ғой, адым аттаған сайын қолайсыз жағдайға ұшырай береді ғой, міне осы арада иірілген жібі мұның қалың да қарабайыр кендір мата екенін байқатып қояды.

— Жап аузыңды, милау, — деді Санчо, — оған екі-үш жылдай бойын үйретуге тура келеді, байларға тән әдет-қылықтар мен мардымсу оған, міне, содан кейін ғана құп жарасатын болады, ал жараспаса — не шара? Әйтеуір тек мәртебелі ханым атанса болды емес пе, қалғанының бәрі бос былшыл.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий