Knigionline.co » Казахские книги » Дон Кихот ІІ

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот ІІ» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Мистер Дон Кихот полюбил рыцарские романы и решил стать рыцарем. Он отправляется вместе со своим оружейником Санчо Пэнси в путешествие во имя любви к Дульсинеи Тобосской. Это путешествие и в наши дни пленяет читателя.

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Сұрқия һәм жексұрын Бәлеқұмардың бізге берген жазасы, міне, осындай болды: бетіміздің үлбіреген жұп-жұмсақ терісін қатты қылшықпен көмкеріп қойды. Әттең, әлпетіміздің күн сипатты ажарын бетімізді басқан қалың жүн көз таса қылғанынан, жаратқан иеміз хош көріп, әлгінің сала құлаш наркескенімен басымызды шауып тастағаны жақсы еді! Олай дейтінім, егер ой жіберіп көрсеңіздер, мархабатты мырзаларым (шіркін-ай, осы сөздер аузымнан шыққанда көз жасым көл боп ақтарылса қандай ғанибет болар еді, бірақ тақсіретіміз жайында күндіз-түні бірдей уайым шегу мен ағыл-тегіл еңіреп жылау көзімнің жасын суалтып, оны сабан секілді құрғатып қойды, сондықтан маған көзден жас төкпей-ақ айта беруге тура келеді), — міне, сіздерден сұрайтыным да осы: сақалды дуэнья кімге қажет? Қандай әке мен қандай шеше оған аяушылық білдіреді? Оған кім көмекке келеді? Тіпті бет терісі татаусыз кездің өзінде де, бетке арналған не қилы жағатын мен майлайтынды пайдаланып жүрген кездің өзінде де дуэньяға көз салатындар өте сирек болатын, ал енді бетінде тұтас бір орман өсіп тұрғанда қайтпек? Қайран, құрбыларым менің, дуэньялар! Бұл дүниеге мезгілді уақытымызда келмеппіз, ата-аналарымыз бізді бақытты шақтарында жаратпапты!

Осыны айтып ол талып кеткендей болды.

XL тарау

Осы шытырман оқиға мен есте қаларлық бұл хикаяға қатысты нәрселер жайында.

Бұл секілді хикаяларды ұнататындар оның алғашқы авторы Сид Ахметке әуесқойлық қасиетінің арқасында бұған қатысты жәйттердің ұсақ-түйегіне дейін анықтап, тіпті елеусіздеу көрінетін нәрселерін де назардан тыс қалдырмай айшықты суреттеп бергені үшін шын жүректен ырзашылық білдіретін шығар. Ол ой-түйіндерді қайта тірілтеді, арман-мақсаттар сырын ашады, іште жатқан сұрақтарға жауап береді, күдіктерді сейілтеді, нендей наразылық болатынын алдын-ала біліп отырады, қысқасы, қандай бір әуесқой жанның да күллі көңіл ауанын тап басып таниды. Беу, мақтауға тұрарлық автор! Беу, диуана Дон Кихот! Беу, атақты Дульсинея! Беу, күлкілі Санчо Панса! Тірлік кешіп жүргендердің қуанышы мен алданышына айналып, бәрің бірге және әрқайсың өз алдыңа ұзақ жасайтындарың анық сендердің!

Одан әрі хикаяда талып қалған Құсаванаға көзі түскен бойда Санчоның былай дегені айтылады:

— Жөні түзу адамның ар-ұяты және марқұм болған күллі Пансалар жанының жаһаннамнан амандығы атымен ант етем, өмірі мұндай ештеңені көрген де, естіген де емен, мұндай шытырман оқиға жайында мырзам да ешқашан ештеңе айтқан емес, оның үстіне мынадай нәрсе оның ойына кіріп те шықпас еді. Қазір менің ұрсысқым келіп тұрған жоқ, сондықтан айтарым тек мынау ғана: әй, атың өшкір сиқыршы, антұрған дәу Бәлеқұмар! Апырай, мына күнәкар қатындарға сақалдандырудан басқа жаза таба алмағаның ба? Бұлардың сақалын өсіргенше, мұрнының жоғары бөлегін шекіп алып, пұшық еткенің, — мыңқ-мыңқ етіп жүре берер еді ғой, — жақсы емес пе еді және өздеріне әбден үйлесіп тұрмас па еді? Бәс тігуге бармын, бұлардың шаштаразға төлейтін ақшасы да жоқ шығар.

— Тауып айттыңыз, сеньор, — деп қоштады оны он екі дуэньяның бірі, — сақал қыруға төлейтін ақшамыз жоқ екені рас, сондықтан кейбіріміз мынадай арзан әдіс қолданып жүрміз: жабысқақ пластырь немесе әлденендей бір жапсырманы аламыз да, бетімізге басамыз, сосын бар күшпен тартып кеп қаламыз, сонда жағымыз тас келінің түбіндей тап-таза, теп-тегіс боп шыға келеді. Айтқандайын, Кандайяда үй аралап жүріп шаш қиятын, қас тегістейтін, ханымдарға қажетті әртүрлі сыланып-сипанатын нәрсе әзірлейтін әйелдер бар, бірақ біз, мәртебелі ханымның дуэньялары, олардан ешқашан көмек сұраған емеспіз: өйткені, олар бізге туған сіңлі де, тіпті өгей сіңлі де емес, — олар жүрген әншейін жеңгетайлар, сондықтан егер сеньор Дон Кихот ара түспесе, біз ана дүниеге де сақалды күйімізде кете барамыз.

— Сақалдарыңыздың өсуіне ерік бергенше, маврлардың өз сақалымды жұлып алуына ерік бергенім жақсы, — деп мәлім етті Дон Кихот.

Ол осыны айтқанда Үшфальди есін жиып алды да, былай деді:

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий