Knigionline.co » Казахские книги » Дон Кихот ІІ

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот ІІ» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Мистер Дон Кихот полюбил рыцарские романы и решил стать рыцарем. Он отправляется вместе со своим оружейником Санчо Пэнси в путешествие во имя любви к Дульсинеи Тобосской. Это путешествие и в наши дни пленяет читателя.

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Берген уәдеңіз, айбынды рыцарь, талықсып жатқан кезімде құлағыма алыстан талып естілді, мені оятып, есімді жиғызған да сол. Сонымен, сізге, кезбе рыцарьлар ішіндегі даңқтылардан да даңқтыға, сеньорлар ішіндегі өжеттерден де өжетке, тағы да жалбарынам: кеңпейілдікпен берген уәдеңізді іске асырыңызшы.

— Мен қашан да дайынмын ғой, — деді Дон Кихот, — тек не істеуім керегін ғана айтыңыз, сеньора, ал қайтпас-қайсар батылдығым сізге қызмет көрсетуден аянып қалмайды.

— Әңгіменің мәнісі мынада боп тұр, — деп мәлім етті Құсавана. — Егер құрлықпен жүрсең осы арадан Кандайя корольдігіне дейін бес мың немесе соған жуық миль болады, ал әуемен және төтелей ұшсаң, онда бар болғаны үш мың екі жүз жиырма жеті миль шығады. Одан соң мынадай нәрсені де біліп қойған жөн: Бәлеқұмар маған тағдыр өзіме құтқарушы-рыцарьды жолықтырса, онда ол, Бәлеқұмар, әлгі рыцарьды дығал мініс атына отырғызатынын және одан жалға берілетін аттарда кездесіп тұратындай кемістік табылмайтынын айтқан еді, өйткені бұл тап сол айбынды Пьер айдай сұлу Магелонаны алып қашқан және маңдайына бекітілген, тізгіннің орнына жүретін, қазық арқылы басқарылатын ағаш ат болмақ; ал бұл аттың әуеде көз ілеспес шапшаңдықпен ұшатыны сонша, бейне бір оны шайтандар алып ұшқан секілді көрінеді. Ежелгі аңыздың айтуынша, бұл атты данагөй Мерлин өз қолымен жасап, досы Пьерге уақытша пайдалануға беріпті, сөйтіп анау онымен ұзақ уақыт сапар шегіп, әлгінде айтқанымдай, айдай сұлу Магелонаны аттың сауырына отырғызып алып қашыпты және оны отырғызған бойда бірден аспанға самғай жөнелгені сонша, осы кезде оларға төменнен көз салып тұрғандар таңғалғаннан талып түсе жаздапты. Алайда Мерлин атын тек өзі жақсы көретіндерге немесе бұл үшін өзі бірдеңе алатындарға ғана беретін болған, әйтсе де атышулы Пьерден кейін оған басқа біреу мінді ме, жоқ па, ол жағы бізге беймәлім. Бәлеқұмар оны сиқыршылық айла-амалдар арқылы қолына түсірген, енді өзі жеке-дара меншіктеніп, оған мініп шартарапты шарлап жүр: бүгін осында болса, ертең Францияда, бүрсігүні Потосиде жүреді. Ал, ең бастысы, аталмыш ат жем де жемейді, көз де ілмейді, тағаны да тоздырмайды және қанаты жоқ болғанына қарамай әуеде төрт аяғы тең жорғалап ұшатыны сонша, оған мінген адам қолына су толы тостақ ұстап отыра алады және судың бір тамшысы да төгілмейді, — ол аттың жүрісінің жайлылығы мен бірқалыптылығы осындай. Айдай сұлу Магелонаның бұл атпен қуана-қуана сапар шеккені де содан.

Осы арада Санчо сөзге араласты:

— Жайлы да бірқалыпты жүріске келсек, сұр жорғам аспанда ұша алмағанымен, әйтеуір, жер бетінде кез-келген жорғамен бақ сынасуға дайын.

Бәрі мәз боп күлді, ал Құсавана сөзін сабақтады:

— Міне, дәп сол ат (егер тек Бәлеқұмар азап-ақиретімізді аяқтауға бейіл берсе) қараңғылық түскеннен кейін жарты сағатқа жетпейтін уақыттың ішінде осы арадан табылады, өйткені Бәлеқұмар маған атты еш кідіріссіз жіберетінін алдын-ала ескерткен еді: ал аттың келуі — іздеп жүрген рыцарымды ақыры тапқанымды өзіме сездіретін белгі-нышан болуға тиіс.

— Сонда атыңызға қанша адам жайғаса алады? — деп сұрады Санчо.

Құсавана былай деп жауап берді:

— Екеу ғана. Біреуі аттың еріне, екіншісі сауырына отырады, егер алып қашатын әлдебір қыз ұшырасып қап жүрмесе, әдетте, бұл екеу — рыцарь мен атқосшы боп келеді.

— Білгім кеп тұрғаны, сеньора Құсавана, ол тұлпарыңыздың аты қандай? — деп сұрады Санчо.

— Оның аты Беллеропонттың Пегас деп аталған тұлпарының атындай емес, — деп жауап қатты Құсавана, — Ұлы Александрдың Буцефал деп аталған тұлпарының да атындай емес, Қаһарлы Роландтың да Брильядор деп аталған тұлпарының атындай емес, сондай-ақ, ол Ринальд Монтальванскийдің тұлпары Баярд деп аталғандай да емес, Руджердің тұлпары Фронтин деп аталғандай да емес, Күннің сәйгүліктері, ұмытпасам, Боотос және Перифой деп аталғандай да емес, сол сияқты, готтардың соңғы королі сормаңдай Родригоның өмірінен де, корольдігінен де айрылған шайқасқа мініп шыққан тұлпарының атымен Орелья деп те аталмайды.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий