Knigionline.co » Казахские книги » Дон Кихот ІІ

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот ІІ» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Мистер Дон Кихот полюбил рыцарские романы и решил стать рыцарем. Он отправляется вместе со своим оружейником Санчо Пэнси в путешествие во имя любви к Дульсинеи Тобосской. Это путешествие и в наши дни пленяет читателя.

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Сен дуэньяларды жек көреді екенсің, достым Санчо, — деп құлаққағыс етті герцогиня, — толедолық дәріханашының нағыз жақтасы екеніңді қазір анық көрсетіп бердің. Бірақ, әділін айтайын, мұның дұрыс емес, өйткені менің үйімде үлгілі дуэньялар бар: міне, донья Родригесті көріп отырсың, — кім екенін кескін-кейпінің өзі-ақ көрсетіп тұр емес пе.

— Сіздің айтайын дегеніңізден де көбірек көрсетіп тұр, мәртебелі ханым, — деп іліп әкетті Родригес, — әлбетте, жаратқан иемізге аян ғой бәрі де, онан соң біздер, дуэньялар, қандай болсақ та: жақсы болайық, жаман болайық, сақалды болайық, сақалсыз болайық, мейлі, басқа әйелдер жарық дүниеге қалай келсе, бізді де аналарымыз өмірге солай әкелген еді, ендеше, құдай бізге өмір тарту етсе, не үшін тарту еткенін өзі білетін болғаны ғой, сондықтан мен әлдекімдердің сақалынан емес, жаратқанның мейірім-қайырымынан ғана үміт күтем.

— Бұл әңгімені осымен доғарайық, сеньора Родригес, — деді Дон Кихот. — Сеньора Үшфальдиге және оның нөкері боп табылатын мына сіздердің бәріңізге айтарым, жасаған иеміз қайғы-қасіретіңізге аяушылықпен қарар және қандай бұйрық бермейін, Санчо оны бұлжытпай орындар деп сенем. Тек Клавиленьо тезірек келсе екен, Бәлеқұмарды сол бойда-ақ шайқасқа шақырар едім; семсерім Бәлеқұмардың басын қас пен көздің арасында қырқып тастар еді — ешқандай ұстара сақалыңызды ондай жылдам қыра алмас еді, оған еш күмәнім жоқ, — жаратқан жауыздарға шыдамдылық көрсетіп бағады, бірақ шыдамның да шегі болады.

— Аһ! — деп дауыстап жіберді осы жерде Құсавана. — Айбынды рыцарь, құдіреттілер мекен еткен әлемнің барша жұлдызы мәртебелі жүзіңізге жылы шырайлы назарын салса нетті, әманда жолыңызды оңғарып, рухыңызды ерлікке деген құштарлықпен нықтаса нетті, сонда сіз дәріханашылар жек көретін, малайлар қаралап күйе жағатын, паждар алдап жіберетін, қара бет болған және қыспаққа түскен дуэньялар қауымының қалқаны мен қорғанына айналар едіңіз. Ал, болып-толған жасында монастырьға кетудің орнына, дуэнья болуға ең тұңғыш тілек білдірген сол бір сұмпайыны қарғыс атсын! Бақытсыз сорлымыз ғой біз, дуэньялар! Тіпті әке жағынан троялық Гектордың өзінен тараған ұрпақ болсақ та, бәрібір, сеньораларымыз бізді жай күтуші секілді жайдақтап, бізге “Былай ғой, бикеш” деп сөйлейді, құдды бір осылай тәлімсігенде өздері королеваға айналып кететіндей-ақ! Беу, Бәлеқұмар дәу! Сен өзің сиқыршы болғаныңмен уәдеңе сондай беріксің, ендеше азап-ақиретіміз аяқталуы үшін ғажайып Клавиленьоны жіберсеңші бізге, өйткені күн ысып кетсе, ал жағымызды әлі сақал жауып тұрса, онда қырсығы арылмаған біз бейбақтың көрген күніміз құрысын!

Бұл сөздерді Үшфальдидің ерекше тебіреніс үстінде айтқаны сонша, сол арада тұрғандардың бәрінің де көзіне жас үйірілді, тіпті Санчо екеш Санчо да көзіне жас алды, сөйтіп ол осынау мейірбан әлпеттердегі жүн-жыбырды аластауға пайдасы тиер болса, жер түбіне барса да мейлі, мырзасының қасынан қалмауға өзіне-өзі іштей уәде етті.

ХLІ тарау

Клавиленьоның қалай пайда болғаны және осынау ұзаққа созылған шытырман оқиғаның немен аяқталғаны жайында.

Бұл екі аралықта күн қараңғы тартқан, яғни Клавиленьо аталатын атақты тұлпардың пайда болатын мезгілі туған, ал оның кешігуі Дон Кихотты абыржыта бастаған да еді, — Бәлеқұмар атты жіберуге асықпай жатқандай немесе бұл шытырман оқиға басқа бір рыцарьдың сыбағасына бұйыратындай немесе Бәлеқұмардың өзі мұнымен жекпе-жекке шығудан жүрексініп қалғандай көрінген еді оған. Бірақ дәл осы кезде ойда жоқ жерден баққа дығал ағаш атты иықтарына салған, шырмауықтың жасыл сабағына оранған төрт жабайы кіріп келді. Олар ағаш атты жерге түсіргеннен кейін жабайының бірі тұрып:

— Бұған тек батылы жеткен рыцарь ғана отырсын, — деді.

— Мен отырмаймын, — деп Санчо оны бөліп жіберді, — біріншіден, батылым жетпейді, ал, екіншіден, рыцарь емеспін.

Жабайы сөзін сабақтады:

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий