Knigionline.co » Казахские книги » Дон Кихот ІІ

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот ІІ» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Мистер Дон Кихот полюбил рыцарские романы и решил стать рыцарем. Он отправляется вместе со своим оружейником Санчо Пэнси в путешествие во имя любви к Дульсинеи Тобосской. Это путешествие и в наши дни пленяет читателя.

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Сеньор! Бізді шырқау биікке көтеріліп кетті дейтіндері қалай, шындығында, олардың дауысын әлі естіп отырмыз ғой және ап-анық естілетіні соншалық, осы арада, тап жанымызда сөйлесіп тұрған секілді.

— Бұған көңіл аударма, Санчо: мына шытырман оқиғалар мен ұшулардың бәрі дағдылы өмір құбылыстарына қарама-қайшы келетін жайлар, сондықтан нені болсын мың мильден астам қашықтықтан да көзің шалып, құлағың ести береді. Сосын тым тығылыспа, өйте берсең құлатып та жіберерсің. Шынында да, неге сонша елегізіп, неге сонша зәре-құтың қалмай тұрғанын түсінбей отырмын, — жүрісі осыншама бірқалыпты атқа өмірі мініп көрмегеніме ант ішуге әзірмін: тіпті орнымыздан қыл елі қозғалмаған секілдіміз. Қорқа бергенді қой, достым: рас айтамын, желіміз оңынан тұрып, бәрі ойдағыдай өтіп жатыр.

— Мұныңыз рас, — деп қоштай кетті оны Санчо, — мына жақтан маған сондай қатты жел соғып тұр, құдды бәленбай көрік бір мезгілде жел үрлеп жатқандай.

Шын мәнінде де солай болатын: жел тұрғызып жатқан бірнеше үлкен көрік еді; герцог пен герцогиня екеуі үй басқарушымен бірігіп бұл шытырман оқиғаны жан-жақты ойластырып, ұсақ-түйегіне шейін мейлінше нанымды боп шығуын қарастырған-ды.

Желдің лебін сезген Дон Кихот былай деді:

— Әуенің бұршақ пен қар туындайтын екінші қатпарына жеткенімізге еш күмәнім жоқ, Санчо; ал, үшінші қатпарда күннің күркірі, найзағай мен күн сәулесі туындайды, егер осындай керемет жылдамдықпен ұша беретін болсақ, онда ұзамай от-жалын қатпарына жетеріміз анық, бірақ өртеніп кетер жерге барып қалмас үшін қазықты қай жаққа қарай бұру керегін білмей отырмын.

Дәл осы кезде Дон Кихот пен Санчо нар қамыстардың басына байланып, от қойылған зығыр талшығының қызуынан ыстықтай бастаған да еді, ал зығыр талшығының тез тұтанатыны және оны жырақтан жылдам өшіре қоюға болатыны мәлім. Қызуды сезген Санчо былай деді:

— Олла-біллә, от-жалын қатпарына еніп кеткеніміз немесе соған жақындап қалғанымыз кәміл: сақалымның жартысы күйіп қалды, сондықтан, сеньор, таңғышты шешіп, қайда тап болғанымызға қарағым келіп отыр.

— Олай істеме, — деп қарсылық білдірді Дон Кихот, — лиценциат Торральбаның бастан кешкен бір өтірігі жоқ хикаясын есіңе ал; шайтандар оны көзін байлап, шыбыққа отырғызып әуеге көтерген еді: он екі сағаттан кейін ол Римге жетіп, Тор ди Нонда — көшенің аты осындай, — жерге түсті, әйгілі шабуыл мен қырғынға, сондай-ақ герцог Бурбонскийдің қазасына куә болды, ал ертеңіне таңертең Мадридте жүрді және не көріп, не қойғанын баяндап берді. Сөз арасында ол әуеде ұшып келе жатқанда шайтанның бұған көзін ашуға әмір еткенін, бұл көзін ашқан кезде айдың қол созым жерде тұрғандай көрінгенін хабарлады, бірақ басым айналар деп қорыққандықтан жерге көз жіберуге ақыры жүрегі дауаламапты. Сондықтан, Санчо, бізге таңғышты шешуге болмайды. Бізге кім кепілдік етсе, сол бәріне жауап береді, оған қоса, сұңқардың немесе қырғидың тырнаға шырқау биіктен шүйілетіні секілді, бәлкім, біз де кейін қас қағым ішінде Кандайя корольдігіне құлдилау үшін осынша биіктікке көтеріліп, қалықтап жүрген болармыз; ал екеуіміздің бақтан ұшып шыққанымызға жарты сағаттан аспағандай көрінгенімен, тым-тым жыраққа шығандап кеткенімізде шүбә жоқ.

— Нендей құпиясы бар екеніне басым жетер емес, — деп ағынан жарылды Санчо Панса, — бірақ, бір білетінім: егер сеньора Миғұлонаға — айтпақшы, қалай еді: Магелона ма еді? — мына аттың сауырында отыру керемет ұнаған болса, онда оның құйымшағы аса бір нәзік болмаған-ау деп ойлаймын.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий