Knigionline.co » Казахские книги » Дон Кихот ІІ

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот ІІ» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Мистер Дон Кихот полюбил рыцарские романы и решил стать рыцарем. Он отправляется вместе со своим оружейником Санчо Пэнси в путешествие во имя любви к Дульсинеи Тобосской. Это путешествие и в наши дни пленяет читателя.

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

Бақтағылардың бәрі секілді, герцог пен герцогиня да қос батырдың әңгімесін бір сөзін қалдырмай естіп, одан ләззат тауып отырған-ды; сосын осынау аса бір шетін әрі аса бір шеберлікпен іске асырылған шытырман оқиғаны тәмамдауға ниет қылған олар Клавиленьоның құйрығына жанып тұрған зығыр талшығын тигізуге әмір етті, ал оның құрсағы шартылдақ ракетаға толы болатын, сондықтан сол сәтінде-ақ сұрапыл қатты гүрс еткен жарылыс шығып, ағаш ат быт-шыт боп бөлшектеніп кетті, азды-кем жалын шарпыған Дон Кихот пен Санчо жерге құлап түсті.

Бұл екі аралықта Үшфальди бастаған сақалды дуэньялар тобы бақтан дереу қарасын батырып та үлгерген-ді, ал өңгелерінің бәрі талып қалғандай кейіпте жерде сұлап жатқан болатын. Дон Кихот пен Санчо құлаған кезде денесін қатты ауыртып алған еді; ақыры бас көтеріп, орындарынан тұрып жан-жағына қаранған олар не дерді білмей аңтарылып қалды: қарсы алдарында — өздері сапарға аттанған сол баяғы бақ, ал жерде адамдар қатар-қатар боп тырайып жатыр; бірақ оларды әсіресе қайран қалдырған нәрсе бақтың бір бұрышында жерге шаншулы тұрған ұзын сапты найза болды: оған екі жасыл жібек жіп байланыпты, ал жіптерде жылтыр ақ пергамент салбырап тұр, онда алтын түстес ірі әріптермен мынадай сөз жазылыпты:

«Мұқым елге мәшһүр Ламанчалық Дон Кихот осы сапарға тәуекел етуі арқылы қосалқы есімі дуэнья Құсавана боп табылатын графиня Үшфальди мен оның серіктеріне қатысты шытырман оқиғаны тәмамдап, ақыр аяғына дейін жеткізді. Бәлеқұмардың оған енді ешқандай өкпе-реніші жоқ, дуэньялардың иегі татаусыз қалпына келіп, жүн-жыбырдан арылды, ал ерлі-зайыпты корольдер дон Шалдуарио мен Метонимия әу бастағы қалпына қайта оралды. Атқосшының өзін-өзі қамшымен шықпыртуы аяқталған бойда ақ көгершін қазір өзін тырнағында тұтып отырған сасық кезқұйрықтың шеңгелінен сытылып шығады да, гүркілге салып тұрған ғашығының құшағына барып құлайды, өйткені сиқыршы атаулының ең атақтысы данагөй Мерлин солай ұйғарым етті».

Пергаменттегі жазуды оқып шыққан Дон Кихот әңгіме Дульсинеяның жадысын қайтару жайында болып тұрғанын түсіне қойды, сөйтіп осындай теңдесі жоқ қарекетті онша жан қинамай атқарып шығуына және қадірменді дуэньяларға, — айта кетерлігі, олар зым-зия жоғалған болатын, — беттерінің әу бастағы татаусыз қалпын қайта таптыруына жәрдем еткен жаратқанға алғысын жаудырған ол герцог пен герцогиняның қасына келді, ал олар талмаусыраған күйден әлі арылмаған-ды, — соны көрген Дон Кихот герцогты қолынан алып, былай деді:

— Жә, болар, мейірбан сеньор, тұра қойыңыз, ештеңеден қорықпаңыз! Мемориалдық ұстындағы жазудан айқын көрініп тұрғанындай, шытырман оқиға ойдағыдай аяқталды.

Терең ұйқыдан әзер оянғандай болған герцог ақыры көзін ашты, герцогиня да, бақ ішінде сұлап жатқан басқалар да оның қарекетін аунытпай қайталады; қатты үрейленіп әрі таңырқанып тұрғанын олардың мейлінше шыншылдықпен бейнелегені сонша, жоғарыда суреттелген жайды шектен тыс шеберлікпен іске асырылған әзіл-қалжың емес, шын мәнінде болған оқиға деп ойлап қалуға болатын. Герцог жаңағы мадақнамадағы жазуды көзі жартылай жұмық қалпында оқып шықты да, құшағын айқара ашқан күйі Дон Кихотқа қарай қадам басты, сосын оны құшағына алып, жер бітіп, су аққалы дәл өзіндей айтулы рыцарь болмағанын айтты. Бұл екі арада Санчо көзімен Құсавананы іздей бастаған: сақалынан арылған кездегі кейпі қандай екенін, бетінің ажары тұлғасының сымбатына сай шығар-шықпасын көргісі келген, алайда оған от-жалынға оранған Клавиленьо күйреген бойда дуэньялардың Үшфальди бастаған тобының бірі қалмай тайып тұрғаны, әйтсе де беттеріндегі жүн-жыбырдың ізі де қалмағаны, — дуэньялар беті аса мұқият түрде қырылғаны мәлім етілді. Герцогиня осынау ұзақ саяхатты Санчоның қалай өткергенін білмекке ынтықты. Санчо оған былай деп жауап қатты:

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий