Knigionline.co » Казахские книги » Дон Кихот ІІ

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот ІІ» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Мистер Дон Кихот полюбил рыцарские романы и решил стать рыцарем. Он отправляется вместе со своим оружейником Санчо Пэнси в путешествие во имя любви к Дульсинеи Тобосской. Это путешествие и в наши дни пленяет читателя.

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Қара басып қателесіп жүрмесем, Вергилийдің троялық Палладиум жайында жазғандарын оқығам: ол — гректер ару-құдай Палладаға тарту еткен ағаш ат болатын және оның ішінде кейін Трояны тас-талқан етіп қиратқан қарулы сарбаздар отырған, сондықтан Клавиленьоның құрсағында не бар екенін алдын-ала біліп алғанның артығы болмас еді.

— Оны білудің қажеті шамалы, — деді Құсавана келіспей. — Бәлеқұмардың әлденендей бір опасыз сатқын еместігі маған жақсы мәлім және оған кепілдік бере алам. Ештеңеден қауіп ойламай-ақ отыра беріңіз атқа, сеньор Дон Кихот, — ешқандай зиян шекпейтініңізге басымды бәске тігуге бармын.

Қауіп айта берсе, жұрт арасында берік қалыптасқан, өзін көзсіз батырға балайтын пікірге сызат түсіп қалар деп ойлаған Дон Кихот көп сөзді қойып Клавиленьоға мініп алды, сосын қазықты қозғап көрді: бақса, қазық оп-оңай бұралады екен; ал үзеңгі болмағандықтан Дон Кихоттың аяғы салбырап қалған-ды, осы қалпында ол әлдебір фламанд кілеміне салынған немесе, дәлірек айтқанда, тоқылған Рим триумфын кескіндейтін бейнеден аумайтын. Санчо атқа ырғалып-жырғалып әрі ықылассыз мінді, ақыр соңында сауырға ыңғайын тауып жайғасты, алайда аттың сауыры әсте жұмсақ емес, керісінше тіптен қатты екен, осы себепті герцогтан өзіне сеньора герцогиняның дивандар қойылған бөлмесінен болсын немесе күтуші қыздарының біреуінің кереуетінен болсын көпшік әкеп берілуін өтінді, өйткені мына аттың сауыры ағаштан гөрі мәрмәрға көбірек ұқсас екен, дегенді айтты. Бұған жауап ретінде Үшфальди Клавиленьо басына жүген, арқасына тоқым салуға көнбейтінін ескертті, — бұдан шығар жалғыз ғана жол, атқа әйелдерше отыру екенін, сонда оған жұмсақтау болатынын құлаққағыс етті. Санчо тап солай жайғасты, сосын жұрттың бәрімен қоштасып, көзін байлатуға кеңшілік жасады, бірақ оны сол бойда шешіп алып, бақ ішінде тұрғандарға жалынышты жүзбен жаутаңдай қарап, кемсең қағып тұрған күйі олардан осынау сын-сынақтан аман-сау оралуын тілеп мінәжат етуді, “Pater noster” дұғасы мен “Ave Marіa” дұғасын әлденеше қайталап оқуды сұрады, ал мұның өтеміне жаратқан оларға осындай сын-сынаққа тап болған кездерінде өздері үшін мінәжат ететін адам тауып беретінін тілге тиек етті. Бірақ сол арада Дон Кихот килікті:

— Мұндай өтініш айтатындай не көрінді саған, жексұрын-ау: әлде сені біреу дарға асуға әкетіп бара ма, әлде жан тәсілім еткелі жатырмысың? Ау, ар-ұяттан жұрдай кембағал сорлы, сен дәп сол анау айдай сұлу Магелона жайғасқан орында отырған жоқпысың, осы орыннан ол, жылнамашыларға сенер болсақ, әсте көрге қарай емес, француз тағына қарай қадам басқан жоқ па еді? Ал, қасыңда отырған мына мен дәл қазір өзім жайғасқан орынды иеленген айбынды Пьерден қалыса қоям ба екем? Қане, байла көзіңді, қоян жүрек найсап, бірдеңеден қорқатыныңды ең болмаса өзім тұрған жерде байқатпа.

— Жә, бопты, байлаңдар көзімді, — деді Санчо. — Құдайға мінәжат етейін десем — хош көрмейді, басқа жұрт мен үшін мінәжат етейін десе, оны да хош көрмейді, — бұдан соң жолда бір қора жын кездесіп, бізді Перальвильоға қарай сүйрей жөнеле ме деп қорқатыныма таңғалатын не бар?

Екеуі де көзін байлап алды, сосын бәрі де ойдағыдай екеніне көңілі кәміл сенген Дон Кихот қазықты қозғады, сөйтіп оның қазыққа қолы жанасуы мұң екен, дуэньялар мен сол арада тұрғандар жапатармағай былай деп айқайға басты:

— Сақтай гөр құдай, айбынды рыцарьды!

— Құдай жар болсын саған, жаужүрек атқосшы!

— Мінекей, жерден көтеріліп те кеттіңдер, енді қазір ауаны жебедей жарып барасыңдар!

— Сендерге жерден көз салып тұрғандардың бәрі таң-тамаша боп таңырқанысып тұр!

— Қозғалмай тыныш отыр, айбынды Санчо, шайқалақтама! Байқа, құлап қалма, әйтпесе, сенің құлағаның әкесінің, яғни Күннің, күймесін айдауға тәуекел еткен өжет жігіттің құлағанынан да өкініштірек болады!

Бұл айқайды естіген Санчо мырзасына қарай лықсып, оны екі қолымен құшақтай алды да, былай деді:

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий