Knigionline.co » Казахские книги » Дон Кихот ІІ

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот ІІ» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Мистер Дон Кихот полюбил рыцарские романы и решил стать рыцарем. Он отправляется вместе со своим оружейником Санчо Пэнси в путешествие во имя любви к Дульсинеи Тобосской. Это путешествие и в наши дни пленяет читателя.

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Бұл түсінікті ғой, әрине, — деді Санчо өзіндік тұжырымға келіп, — бірақ, аспан мен жердің ешкілерінде айырмашылық болуы керек емес пе.

— Ал, айтшы, Санчо, сол ешкілердің арасында мүйізді теке болған жоқ па? — деп сұрады герцог.

— Болған жоқ, сеньор, — деп жауап қатты Санчо, — бірақ айдың мүйізіне жердегі мүйізділердің ешқайсысы да мүйізін түйістіре алмайды, дегенді естігенім бар.

Саяхатқа қатысты басқа сұрақ қойылған жоқ; Санчоның бақтың ішінде отырып-ақ аспан астымен серуен жасап, онда болып жатқан жайларды түгел баяндап беруге қабілетті екенінде күмән қалмады.

Дуэнья Құсаванаға қатысты шытырман оқиға осылай аяқталды; бұл хикмет герцог пен герцогиняның тек сол кезде ғана емес, өмір бойы мәз бола күліп жүруіне жететін азық болды, сондай-ақ бұл оқиға жайындағы әңгіме Санчо Пансаға да бірнеше ғасыр бойы айтуға жетер еді, әрине, тек егер осынша өмір сүрсе; ал, Дон Кихот болса, Санчоның қасына жақындап, құлағына былай деп сыбырлады:

— Санчо! Аспанда көргендеріңіз жайындағы әңгімеңізге жұрт сенсін десеңіз, Монтесинос үңгірінде көргендерім жайындағы менің әңгімеме де сенетін болыңыз. Айтайын дегенім осы ғана еді.

XLІІ тарау

Дон Кихоттың Санчо Пансаға аралды басқаруға аттанар алдында айтқан ақыл-кеңесі турасында, сондай-ақ басқа да мейлінше маңызды нәрселер жайында.

Құсаванаға қатысты шытырман оқиға көңілдегідей аяқталғанына дән риза болған және осынау әзіл-мазақтың шындық екеніне зәредей шүбә келмейтінін көрген герцог пен герцогиня әзіл-мазағын әрмен жалғастыра түспекке ниеттенді; осы мақсатта герцог малайларына Санчо уәде етілген аралды басқаруға кіріскен кезде оның алдында өздерін қалай ұстауы керегі жөнінде нұсқау берді, ал Клавиленьо ұшқан күннің ертеңіне Санчоға үсті-басын тәртіпке келтіріп, губернатор қызметіне кірісуге дайын болуы қажеттігін мәлім етті, өйткені аралдықтар оны мамырдағы жаңбырдай асыға күтіп отыр, деді. Санчо оған еңкейе басын иіп құрмет көрсеткен соң, мынадай әңгіме айтты:

— Аспаннан жерге түскелі бері және сонау шетсіз-шексіз шырқау биіктен жерді көзбен шолып, оның қандай бәлекей екенін көргелі бері губернатор болсам деген ықыласым суыңқырап қалды: шынтуайтында да, қышаның дәніне қожа болуда тұрған қандай керемет өпіремдік бар, жаңғақтай ғана бес-алты адамды басқару деген неғылған зор мансап және неғылған ала-бөтен билеп-төстеушілік? Өйткені, сонда өзіме жер бетінде басқа ешқандай адам жоқтай көрінген еді. Ал, егер сіз, шарапатты мырзам, маған аспанның титтей ғана, көлемі жарты мильдей-ақ, бөлігін тарту етсеңіз, бұған әлемдегі ең үлкен аралды алғаннан бетер қуанар ем.

— Бері қара, достым Санчо, — деп сөйлеп кетті герцог, — аспанның қандай бөлігін де, тіпті көлемі қара тырнақтайын да, кімге де болсын үлестіруге менің құқым жоқ, — мұндай мырзалық пен шүлеңгірлік тек жаратқан иеміздің ғана тарапынан жасалуы мүмкін. Саған қолымда бар нәрсені ғана, атап айтқанда, дөңгелек те теп-тегіс, аса бір құнарлы да несібелі нағыз аралдың өзін бергелі отырмын, оны меңгеріп кетсең, жер бетіндегі осынша игілікке ие болуың арқылы аспандағы игілікке де қол жеткізе аласың.

— Мейлі енді, арал болса арал болсын, — деді Санчо, — алаяқтар атаулыға қасақана түрде жаным жұмақта жай табуы үшін ғаламат губернатор болуға барымды салам. Дөкей бастық атануға және шонжардың сәнді сарайына бас сұғуға мені пайдакүнемдік итермелеп тұрған жоқ, — губернаторлық деген не екен өзі, соны байқап көргім ғана келеді.

— Бір байқап көрсең, дәмі өмірі таңдайыңнан кетпейді, — деп құлаққағыс етті герцог, — бұйрық беруден және жұрттың саған сөзсіз бағынатынын көруден асқан ғанибет жоқ. Көр де тұр, қожайының император атанған кезде, — істің барысына қарағанда, оның міндетті түрде сондай болары кәміл, — бұл лауазымды одан ешқандай амал-айламен қайтарып ала алмайсың, ал өзі іштей тым кештеу император атанғанына өкініп жүретін болады.

— Сеньор! — деп мәлім етті Санчо. — Мен өзім, тіпті қотандағы қойға болсын, бұйрық бергеннен артық жанға жағымды ештеңе жоқ деп білем.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий