Knigionline.co » Казахские книги » Дон Кихот ІІ

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот ІІ» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Мистер Дон Кихот полюбил рыцарские романы и решил стать рыцарем. Он отправляется вместе со своим оружейником Санчо Пэнси в путешествие во имя любви к Дульсинеи Тобосской. Это путешествие и в наши дни пленяет читателя.

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

Іс қарағанда жеке басыңның пайдасын күйттеушілік алға түсіп кетпесін, ондайда қателікке ұрынасың, ал мұны жөндеу көпшілік жағдайда мүмкін болмайды, егер мүмкін боп жатса, жақсы атыңа, тіпті дүние-мүлкіңе де зардабы тиеді.

Егер әлдебір сұлу араша түсуіңді сұраса, көзіңді сұлудың көл боп аққан жасынан, құлағыңды аһ ұрған ащы даусынан аулақ ұста, сөйт те өтінішінің мән-жайын салқынқандылықпен сарапта, әйтпесе ақыл-парасатың оның көз жасына тоғытылып, ізгілігің — күрсінісіне көміліп қалады.

Егер біреуді іс-әрекетің арқылы жазаласаң, онда оған қоса сөзбен де сазайын беруден сақтан, өйткені сормаңдайға тән жазасының өзі-ақ жеткілікті, уытты сөздер арқылы оған жан жазасын қосарлаудың қажеті аз.

Әділ үкіміңді есту үшін алдыңа келетін айыпкерге жарасымы бұзылған жаратылысымыздың кемшіліктерінен арыла алмаған, аяушылық көрсетуге лайық адам ретінде қара және оған, мүмкін болғанынша, талапкерге залал келмейтін дәрежеде, мейірім білдір, өйткені жаратқан иеміз бойымызға дарытқан қасиеттің бәрі тең құқылы болғанымен, біз үшін, алайда, аяушылықты білмейтін әділдіктен гөрі қайырымдылық әлдеқайда сүйкімді әрі тартымды.

Егер де, Санчо, осынау ақыл-кеңестер мен қағидаларды бұлжытпай орындасаң, онда ғұмырың сенің ұзақ болады, абырой-атағың мәңгіге кетеді, керемет зор игілікке кезігесің, айтып жеткізгісіз жан рақатына кенелесің, балаларыңды өз қалауыңмен үйлендіресің, балаларың мен немерелерің құрметті атаққа жетеді, жанға жайлы тіршілік пен жұрттың сый-құрметін сыбаға етесің, сосын әбден қартайып тыныш тапқаннан кейін, уақыт болғанда сені ажал келіп алып кетеді, шөберелеріңнің нәзік те жұмсақ қолы кірпігіңді жабады. Бұл ғибратты сөздің бәрі жаныңды көркейтуге қызмет етпек, ал енді тәніңді көркейтуді мұрат тұтатын ғибратты сөзге құлақ сал.

XLІІІ тарау

Дон Кихоттың Санчо Пансаға айтқан ақыл-кеңесінің екінші бөлегі жайында.

Дон Кихоттың жоғарыда келтірілген пайымдауларын естігендер арасында оны кәдімгі ақыл-есі бүтін, жүрегі ізгі мұраттарға толы адам қатарына қоспайтындар табылар ма екен? Алайда, бұл жайында теңдесі жоқ осынау хикаямыздың өне бойында әлденеше мәрте құлаққағыс етілгеніндей, әңгіме ауаны рыцарьлық жайына ойысқанда ол мағынасыз бірдеңені шатып кететін, ал бірақ басқа кез-келген тақырыптан сөз таратқанда ақыл-парасатының айқындығы мен ауқымдылығын паш ететін, сондықтан іс-әрекеті ой-пікірімен, ой-пікірі іс-әрекетімен әрдайым қабыспай жататын; ал енді Санчоның құлағына құйған ережелерінің екінші бөліміне келсек, бұл жерде ол шектен тыс тапқырлық танытып, парасаттылықтың да, ақылдан алжасқандықтың да шырқау шыңына көтерілді. Санчо оны зейін қоя тыңдап, ақыл-кеңестерін қаперінде сақтап қалуға тырысты: жаңа губернатордың өмірге келуінде кінәрат болмауы үшін бұларды жақсылап есте сақтамақ ниеті бары байқалып тұрды. Ал Дон Кихот сөзін одан әрі жалғастырды:

— Үйіңе және өзіңе қандай күтім жасау қажеттігі жайына келсек, Санчо, саған ең алдымен айтарым: тазалық сақта және тырнағыңды алып жүр; әлдекімдерге ұқсап оны ешқашан ұзын ғып өсіруші болма, олар өз надандығына бағып, тырнақтың ұзындығы қолдың сәнін келтіреді деп ойлайды, ал шындығында, уақытылы алып отырмаса бұлар жыртқыш құстың тырнағына ұқсап кетеді: бұл — жан шошырлық сиықсыздық әрі настық.

Ешқашан, Санчо, белбеуленбей алқам-салқам жүруші болма: киім киюге жүрдім-бардым қараушылық — рухтың әлсірегендігінің белгісі, егер бұл тек енжарлық пен жүгенсіздік көрінісі боп шықпаса, — Юлий Цезарьға, мысалға, сондай айып тағылған-ды.

Қызметіңнің маңызы қандай екеніне анық көз жеткіз, егер қоғамда алып отырған орның адамдарыңның ливрей киіп жүруіне мүмкіндік берсе, онда ливрейдің ашық түсті, сәнді болғанынан гөрі, оңды әрі төзімді болғанына қам жаса және бұларды малайларың мен кембағалдарыңа бөліп бер, яғни алты малайды киіндірудің орнына үш малай мен үш кембағалды киіндіргенің жөн, сонда сенің жерде де, аспанда да малайың болады: ливрей үлестірудің бұл жаңа әдісін түсінуге атаққұмар адамдардың ақылы жетпейді.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий