Knigionline.co » Казахские книги » Дон Кихот ІІ

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот ІІ» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Мистер Дон Кихот полюбил рыцарские романы и решил стать рыцарем. Он отправляется вместе со своим оружейником Санчо Пэнси в путешествие во имя любви к Дульсинеи Тобосской. Это путешествие и в наши дни пленяет читателя.

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

Сарымсақ та, пияз да жеме, өйткені бұлардың иісі қара табан шаруадан шыққаныңды білдіріп қояды.

Адымыңды жаймен ал, асықпай сөйле, бірақ өзіңді өзің тыңдап отырғандай тым баяулап қалма, өйткені тәлімсу жеркеніш туғызады.

Түскі асты шамалап іш, ал кешкі асты одан да шамала, себебі денеміздің саулығы асқазанымыздың көрігінде шыңдалады.

Қызыңқырап қалған адамның құпия да сақтамайтынын, уәдесін де орындамайтынын ескеріп, ішімдік ішкенде шектен шықпа.

Тағамды ұртыңды толтырып шайнаңдап жеме, Санчо, сондай-ақ, ол кім болса да мейлі, басқа бір адамның көзінше эрутирлеме.

— Эрутирлеме дегеннің не білдіретінін ұқпадым, — деп мәлім етті Санчо.

Дон Кихот оған түсіндірді:

— Эрутирлеме, Санчо, кекірме дегенді білдіреді, ал мұның өзі әжептәуір бейнелі сөз болғанымен, күллі испан тіліндегі ең анайы сөздердің бірінен саналады, осы жағдайға байланысты құлағы нәуетектеу адамдар латын тіліне жүгініп, “кекірді” деген сөзді эрутирледі деген сөзбен, “кекіру” дегенді эрутация деген сөзбен ауыстырған; ал жаңадан пайда болған сөздерді жұрттың көбі әлі түсінбейтіндігінен қорқудың қажеті жоқ, уақыт өте келе бұл сөздер қолданысымызға енеді де, баршаға бірдей ұғынықты боп кетеді: тіл — дәстүр билігі мен қара халық билігіне бағынады, осындай жолмен байи түседі.

— Шын сөзім, сеньор, — деді Санчо, — барлық айтқан ақыл-кеңесіңіздің ішінен анау әлгі кекірмеу жайындағысын есімде әсіресе жақсы сақтап қалуға тырысармын, себебі ондай жағдай менде жиі болып тұрады.

— “Кекірмеу” демесеңші, Санчо, эрутирлемеу десеңші, — деп түзетті оны Дон Кихот.

— Бүгіннен бастап эрутирлемеу деп айтатын болам, қам жемеңіз, ұмытпаймын, — деді Санчо.

— Сол сияқты, Санчо, сөз арасына не қилы мақалды қиыстыра беретін ғадетіңді қойғаның жөн, өйткені мақалдың өзі шағын ғана нақыл сөз болғанымен, сен оны көп ретте орынсыз қыстырасың, соның салдарынан сенің аузыңнан шыққанда олар әдемі нақыл сөзге емес, әншейін бір пақыр сөзге айналып кетеді.

— Бұдан мені тек жасағанның өзі ғана құтқара алады, — деп қарсылық білдірді Санчо, — себебі менің басымда кітаптағыдан да көп мақал бар, сөйлеп тұрған кезімде солардың бәрі түгел тілімнің ұшына келіп үйіріледі де, бірін-бірі кимелеп, бұрын ұшып шықпақ боп арпалысқа түседі, ал тілім болса орынды-орынсызына қарап жатпастан алғаш кездескен біреуін ытқыта салады. Енді мен, әрине, жеке басымның қадір-қасиетіне зардабы тимейтін мақалды келтіруге тырысам ғой, өйткені дәулетті үйдің дастарқаны да жылдам дайын болады, кішкентай тастан қауақтай бас жарылады, қоңырау соғып жатқанның өрт сөндіруге бармасы анық, сондай-ақ, есті адам есесін жібермейді.

— Жарайсың, Санчо! — деп Дон Кихот дауыстап жіберді. — Сөзіңе қосып өр мақалды, сөз арасында тізбектет мақалды, сөзіңді шырма мақалмен — тіліңді тұсап тұрған ешкім жоқ! Шешем сабаймын деп зәремді алып жатыр, мен болсам әлі зырылдауық ойнап отырмын! Мен саған мақалдан аулақ жүр дегенді айтам, ал сен болсаң қас қағым сәтте оның бір дорбасын бір-ақ лақ еткізесің және бұл мақалдарыңның әңгімеміздің тақырыбына сиырға ер салғандай жараспайтынына да қарап жатпайсың. Сен мынаны түсін, Санчо: орынды жерінде қолданылған мақалға ешқандай қарсылығым жоқ, бірақ қалай болса солай үйіп-төгіп, тізбектей берсең — сөзің мәнсіз боп шығады әрі ұзарып кетеді.

Атқа мінген кезіңде ердің артқы қасына қарай шалқалақтаушы болма, аяғыңды алшайта созып жіберме, аттың бүйіріне жақынырақ ұста, одан соң сұр жорғаңа мініп келе жатқан кезіңдегідей мықырайма, өйткені адамның ат үстінде қалай отырғанына қарап, оның атқұмар ақсүйек пе әлде қарапайым атшы ма — кім екенін бірден біле қоюға болады.

Ұйқыңды шекте: таңмен таласа тұрмаған адам ол күннің қызығынан құр алақан қалады; одан соң, Санчо, мынаны қаперіңе ал: сәттіліктің серігі — жинақылық боп табылады, ал оның қас дұшпаны — жалқаулық ізгі мұратқа жетуге қашан да кедергі келтірумен болады.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий