Knigionline.co » Казахские книги » Дон Кихот ІІ

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот ІІ» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Мистер Дон Кихот полюбил рыцарские романы и решил стать рыцарем. Он отправляется вместе со своим оружейником Санчо Пэнси в путешествие во имя любви к Дульсинеи Тобосской. Это путешествие и в наши дни пленяет читателя.

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Екеуіміздің, Санчо, талғамымыз ұқсас екен және өзіңнің не нәрседен де тәп-тәуір түсінігің бар, — деп құлаққағыс етті герцог. — Аузыңнан шыққан сөз қандай парасатты болса, басқаруда да сондай парасаттылық танытарсың деп сенем. Әзірше айтарым осы, тек мына бір жайды — аралды басқаруға күні ертең аттанатыныңды ұмытпа, ал бүгін кеште саған жаңа лауазымыңа лайық киім-кешек береді және өзіңді жолға дайындайды.

— Қалай киіндірсе олай киіндіре берсін, бәрібір сол баяғы Санчо Панса қалпымда қала берем, — деді Санчо.

— Бұл да жөн сөз, — деп келісті герцог, — дей тұрғанмен, киім-кешегің айналысатын кәсібің мен атқаратын қызметіңе сай келуі керек қой: мысалға айтсақ, заң маманына солдат секілді, ал солдатқа священник секілді киінген жараспайды. Ал, сен, Санчо, жартылай сот, жартылай әскер басы тәрізді киінуге тиіссің, өйткені өзіңе тарту еткелі тұрған аралым ғалымдарға қандай мұқтаж болса, әскерилерге де сондай мұқтаж, әскерилерге қандай мұқтаж болса, ғалымдарға да сондай мұқтаж.

— Анау әлгі ғалымдық деген мәселе менің осалдау жерім, — деп ағынан жарылды Санчо, — мен тіпті әріп екеш әріпті де танымаймын. Әйткенмен, жақсы губернаторға қол қоюдың орнына крест сала білудің өзі жетіп жатыр. Ал егер маған қару берілсе, онда оны, жаратқан иеміз жар болса, қашан құлап түскенімше қолдан шығара қоймаспын.

— Қашанда осындай биік ұстанымдарды басшылыққа ал, Санчо, сонда қателік жібермейсің, — деді герцог.

Осы кезде ішке Дон Кихот кіріп, әңгіменің ау-жайынан Санчоның шұғыл түрде билікке ие болғалы жатқанын білген соң оны қолынан жетелеп алды да, бұл қызметте өзін қалай ұстауы қажеттігі жайында ақыл-кеңес бермекке герцогтың рұқсатымен өз бөлмесіне ертіп кетті. Сөйтіп, жатын бөлмесіне кіріп, есікті кілттеп алғаннан кейін, Санчоны күштеп дерлік қасына отырғызып, байыппен, баппен былай деп сөйлеп кетті:

— Қолыма бақыт қонардан көп бұрын және ертерек осындай сәттілікке тап болғаның үшін құдайға айтар алғысым шексіз, достым Санчо. Адал қызметің үшін өзіңе сый-сияпат жасауға қолайлы жағдай кездесіп қалар деп үміттеніп жүргем, сөйтіп, міне, енді-енді ғана жолым оңғарыла бастаған кезде сенің арманың мезгілінен бұрын және парасат-пайымға керіғалаң түрде іске асып та үлгерді. Біреулер пара беру арқылы әрекет жасайды, мазаны алады, тыным таппайды, таң атпай тұрады, жалынып-жалпаяды, қыр соңынан қалмайды — мақсатына, алайда, ақыры жете алмайды, ал енді біреу қалай және неліктен екені белгісіз, талайлар битін салған лауазым мен қызметке аяқ асты ие бола кетеді, осы араға “таудай талап бергенше, бармақтай бақ бер” деген мақал өзінен-өзі сұранып тұр. Менің түсінігімде, сен — можантопай біреусің, басқа ешкім де емессің: сен таң атпай тұрған жоқсың, түн ортасы ауғанша үстел басында да отырмадың, талаптанып талпынған да емессің, бірақ саған кезбе рыцарьлықтың рухы шарапатын тигізді — міне, енді сен, ал керек болса, аралдың губернаторысың. Мұны саған айтып отырған себебім, Санчо, өзіңе жасалған жақсылықтың бәрін өз қадір-қасиетім арқылы таптым деп ойлаушы болма, — жоқ, сен әуелі не нәрсені де әкелік қамқорлықпен игілікке бағыштап отыратын жаратқан иемізге рақмет жаудыр, сосын ең ізгі қасиеттерді бойына жинақтаған кезбе рыцарьлық орденіне алғысыңды білдір. Сонымен, осы айтқанымның бәрін шын ықыласыңмен қабыл алуға тырыс; одан соң, балам, өзің қадам басуға ниет қылған осынау буырқанған теңізден жайлы да тыныш жағалауға қарай бағыт сілтейтін әрі соған алып шығатын жетекші және жол көзер жұлдыз болуға ынталы Катоныңның ақыл-кеңесіне бар ынты-шынтыңмен құлағың сал, өйткені жоғары лауазым мен жоғары қызметтер — жанжал мен шатақтың шеті де, шегі де жоқ ми батпағы есепті нәрсе.

Ең алдымен, балам, сен құдайдан қорқуға тиіссің, өйткені даналық құдайдан қорқудан туындайды, ал дана болсаң қателіктен де ада боласың.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий