Knigionline.co » Казахские книги » Дон Кихот ІІ

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот ІІ» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Мистер Дон Кихот полюбил рыцарские романы и решил стать рыцарем. Он отправляется вместе со своим оружейником Санчо Пэнси в путешествие во имя любви к Дульсинеи Тобосской. Это путешествие и в наши дни пленяет читателя.

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Құдай ақы, Санчо, — деді Дон Кихот, — мына соңғы лебізің үшін сені бір емес, мың аралдың губернаторы етіп тағайындауға болады-ақ. Сенің жүрегің мейірімге толы, ал мұнсыз ешқандай тағылымның көкірекке қонбайтыны мәлім. Өзіңді құдайға тапсыр және әу баста қабылдаған шешіміңнен ауытқымауға тырыс: айтайын дегенім, бұлжытпай орындайтын қағидаң, нақтылы бағыт-бағдарың болуы керек, ол — қандай істе де көздеген мақсатқа жету; ал жаратқан иеміз ізгі ниеттен жәрдемін қашан да аямайды. Енді барып түстік ішейік, қожайындар бізді күтіп те қалған шығар.

XLІY тарау

Санчо Пансаның билікке қалай ие болғаны жайында және герцогтың қамал-сарайында Дон Кихот тап болған таңғаларлық шытырман оқиға жөнінде.

Жұрттың айтуынша, хикаяның түп нұсқасымен салыстырып қарағанда, тәржімашы бұл тарауды Сид Ахметтің жазғанындай етіп аудармаған көрінеді, ал мавр болса оны Дон Кихоттың бастан кешкендері секілді жақсы атақ әпермейтін әрі тар шеңбердегі тақырыпты қайдан ғана таңдап алғанына өзіне өзі шағымданғандай түрде жазыпты, өйткені өне бойы тек Дон Кихот пен Санчо жайында ғана айта беруге мәжбүр болатынын, шегіністер жасау және маңыздырақ әрі қызықтырақ әр-алуан басқа эпизодтар енгізу мүмкіндігінен айрылғанын сөз етіпті; бұған қоса, мавр ой-қиялдың, қол мен қаламның тек жалғыз осы тақырыпты сипаттауға бағытталуын қас қақпай қадағалап отыру және саусақпен санарлық басты кейіпкерлердің атынан сөйлеу — айта қаларлықтай ауыр жұмыс екенін, нәтижесі автордың еңбегін ақтамайтынын, осы себепті алғашқы бөлімде, бір қарағанда, хикая желісінен шеттеу тұратын “Пәруайсыз әуестік жайындағы хикаят” және “Тұтқын капитан жайындағы хикаят” тәрізді бірнеше хикаятты сыналап енгізу тәсіліне жүгінгенін, ал оған кірген өзге хикаяттар Дон Кихоттың басынан өткен жағдайлар екенін, осы себепті суреттелуге тиіс болғанын құлаққағыс етеді. Одан әрі мавр: өз ойынша, Дон Кихоттың ерлік істеріне еліккен оқырманның көпшілігі даралық сипаты бар хикаяттарға жете көңіл бөлгісі келмейді: асығыс, тіпті кейістікпен көз жүгіртіп өтеді де, бұлардың қаншалықты көркем де шебер жазылғанын байқамай қалады, ал бұл хикаяттар Дон Кихоттың делқұлы әрекеті мен Санчоның сандырақ сөзінен іргесін басы бүтін аулақ салып, өз алдына бөлек жарық көргенде аталмыш қасиеттері барынша айқын көзге ұрып тұратын болады, дегенді айтады — осы себептен де, ол, автор, дара және жалғамалы хикаяттардың орнына екінші бөлімге тек оқиғалардың, өз ойынша, табиғи даму барысынан туындайтын бірнеше эпизодты ғана енгізуге ұйғарым жасапты, тіпті солардың өзін мейлінше ықшам, қысқа да нұсқа түрде баяндағанды жөн көріпті; міне, енді күллі әлемді сипаттап беруге шеберлігі де, қабілеті де, ақыл-ойы да әбден жететіндігіне қарамастан, өзін-өзі хикаяның тар шеңберіне қамап, шектеп тастаған ол өз еңбегіне қорсына қарамауды және өз атына мақтау айтыла қалса жазып отырған нәрсесі үшін емес, көп нәрсені жазбай тастап кеткені үшін айтуды сұрайды.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий