Knigionline.co » Казахские книги » Дон Кихот ІІ

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот ІІ» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Мистер Дон Кихот полюбил рыцарские романы и решил стать рыцарем. Он отправляется вместе со своим оружейником Санчо Пэнси в путешествие во имя любви к Дульсинеи Тобосской. Это путешествие и в наши дни пленяет читателя.

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Шаршаған дәнеңем жоқ, сеньора, — деді Дон Кихот келісіңкіремей. — Шын сөзім, жоғары мәртебелім, Клавиленьо секілді соншалықты жуас, аяғын соншалықты бірқалыпты алатын жануарға өмірі ешқашан отырып көрмегем, — мұндай желаяқ әрі асыл туған мініс атымен қош айтысуға және оны себепсізден-себепсіз өртеп жіберуге Бәлеқұмарды не итермелегенін түсінбеймін.

— Менің ойымша, — деді герцогиня, — Бәлеқұмар, шамасы, Үшфальдиді, оның құрбыларын және басқа да адамдарды қайғыға батырғанына, сол сияқты, сиқыршы әрі көз байлаушы ретінде не қилы зұлымдық жасағанына өкініш білдіріп, тәубеге келсе керек, сөйтіп кәсіби құралдарының көзін құртпақ болған ол, ең әуелі негізгі құралы — өзіне бір сәт мігір таптырмай бір елден екінші елге ұшыртып алып барып, алып келіп жүрген Клавиленьоны өртеп жіберсе керек, ал Клавиленьоның күлі мен Бәлеқұмардың олжа есебіне жатқызуға болатын мадақнамасы даңқты Ламанчалық Дон Кихоттың ерлік істерінің мәңгілік ескерткіші боп қала береді.

Дон Кихот герцогиняға тағы да алғыс жаудырды, сосын кешкі асын ішіп, жалғыз өзі жатын бөлмесіне кетті, кетерінде өзіне қызмет көрсетуге ешкімді жібермеуді екінші мәрте өтінді, — жүрегінің әміршісі Дульсинеяға пәктігін сақтау жөнінде берген сертін бұзуға әлденендей бір кездейсоқтық түрткі боп, өзін соған мәжбүр етіп жүре ме деген ой оны керемет қатты үрейлендіріп тұрған, өйткені кезбе рыцарьлардың бетке ұстары һәм шарайнасы Амадистің ізгі қасиеттері оның санасына қайта өшпестей боп сіңген еді. Ол есігін іштен кілттеп алды да, қос балауыз шырақтың жарығында шешінді, ал аяқ киімін шешіп жатқан кезде естілген (неткен қисынсыз қырсық!), күрсініске ұқсас немесе кіршіксіз тәрбиесіне көлеңке түсірерлік басқадай бірдеңеге ұқсас дыбысты шығарған оның өзі емес-ті, бұл дыбыс шұлығының ойда жоқта жиырма шақты ілмегі бірден тарқатылып кетуі салдарынан шыққан-ды, сөйтіп шұлығы терезе торына ұқсады да қалды. Мейірбан сеньорымыз бұған қатты қапаланды: ол қазір жасыл түсті жібек жіптің бір сабағына бір унция күміс бере салуға әзір еді, жасыл түсті деп тұрмын — себебі, шұлығы жасыл болатын.

Осы арада Бен-инхали былай деп саңқ ете түседі:

“Беу, кедейлік, кедейлік! Кордовалық ұлы ақынның өзің жайында:

Қасиетті де қадіріне ешкім жетпеген сый, —

деуіне не түрткі болғанын білмеймін.

Мен өзім мавр болсам да христиандармен аралас-құралас жүргендіктен, әулиелік дегеннің қайырымдылық, бой ұсыну, сенім, тәубеге келу және кедейлік секілді ерекшеліктердің жиынтығынан тұратынын жақсы білем, әйтсе де кедейліктен көңіл хошын табатын адам көп сипатында құдайға ұқсас болуға тиіс деп есептеймін, егер бұл тек данышпан әулиелердің бірі айтып кеткен кедейліктің түрі боп жүрмесе, ал аталмыш кедейліктің сыңайы: “Бұл дүниенің қызығын көріп жүргендер ол қызықты көрмей жүргендер секілді болмақ”, яғни рухани қайыршылық дейтін нәрсе. Әй, сен, кедейліктің екінші түрі (қазір сен жайында айтып отырмын)! Неге ғана сен өз құрбандығың етіп көбінесе идальголар мен басқа да текті тұқымнан шыққан жандарды таңдап аласың осы? Неге ғана сен оларды аяқ киімін күйе жағып тазартуға және жібектен, қылдан, әйнектен істелген әрқилы ілгек тағылған киім киюге мәжбүр етесің? Неге олардың жағалары қатпарлы болмай, көбіне-көп тегіс боп келеді?”

Осы айтылғаннан крахмал мен қатпарлы жағалардың ерте заманнан қолданыста келе жатқаны аңғарылып тұр.

Бен-инхали сөзін сабақтайды: “Үйінде оны-мұнымен жүрек жалғап, көшеге шыққан соң маңғаз да паң кейіпке еніп, екіжүзділеніп мәсуекпен тісін шұқып тұратын дворян қандай бейшара — өйткені ол тісін шұқуға мұқтаждық туатындай түк ештеңе жемеген еді ғой! Сондай-ақ, меніңше, арланғыш та намысқой, шәркейінің жамауы барын, қалпағының терден жылтырап кеткенін, жамылғысының жырымдалғанын және қарнының шұрылдап тұрғанын жұрт анадайдан байқап тұр-ау деп қыпылықтайтындар да — бейшара!”

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий