Knigionline.co » Казахские книги » Дон Кихот ІІ

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот ІІ» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Мистер Дон Кихот полюбил рыцарские романы и решил стать рыцарем. Он отправляется вместе со своим оружейником Санчо Пэнси в путешествие во имя любви к Дульсинеи Тобосской. Это путешествие и в наши дни пленяет читателя.

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

Беу, антиподтардың ежелгі шолғыншысы, дүние жүзілік алау, аспанның жанары, сүйкімді құмыра айналдырғыш, мына жақта — Тимбрий, ана жақта — Феб, біреулер үшін — мерген, екіншілер үшін — дәрігер, поэзияның атасы, музыканың әкесі, сен, мәңгі бақи тек жоғары өрлеумен ғана болатын, көзімізге солай көрінгенмен, ешқашан батпайтын аспан шырағы! Беу, өз жәрдеміңнің арқасында адамнан адам жаралатын қасиетті күн, саған жалбарынам мен! Сұңғыла Санчо Пансаның ел басқару тарихын алғашқы адымынан бастап егжей-тегжейлі қарастыруыма қамқорлық жаса, ақыл-парасатыма жарық сәулеңді төк деп жалбарынам саған, өйткені сен қолдау көрсетпесең өзімді сүлесоқ, қауқарсыз және қолайсыз сезінем.

Сонымен, Санчо барлық нөкерін ертіп, мыңға жуық тұрғыны бар, герцогтың тәуір иеліктерінің бірі боп табылатын қалашыққа келіп жетті. Санчо Пансаға аралдың Баратария деп аталатыны мәлім етілді: бұл атау қалашықтың атына байланысты пайда болуы мүмкін, бәлкім, тіпті губернаторлықтың Санчо Пансаға арзанға түскенін де меңзеп тұрған шығар. Губернатор нөкерімен бірге қаланы айналдыра қоршаған тас қабырғаның қақпасына жақындағанда қарсы алдынан құшақ жайып жергілікті билік өкілдері шықты, қоңыраулар қаңғырлады, шат-шадыман, мәз-майрам тұрғындар Санчоны зор салтанатпен соборға алып барды, сол жерде ырзашылық уағызы оқылды, одан соң күлкіге қарық қылар рәсімдер арқылы оған қаланың кілті табыс етіліп, ол Баратария аралының өмірлік губернаторы боп жарияланды. Жаңа губернатордың киімі, сақалы, қабақтай қарыны мен тәпелтек бойы кілтипан неде екенін білмейтін адамдарды ғана емес, сонымен қатар, бұдан жақсы хабардар жандарды да, — ал мұндайлар өте көп болатын, — қайран қалдырды. Ақыры олар Санчо Пансаны собордан сот палатасына ертіп келіп, креслоға жайғастырды; сол арада герцогтың үй басқарушысы былай деді:

— Біздің аралда, сеньор губернатор, ертеден келе жатқан мынадай дәстүр бар: осынау атақты аралға билік жүргізуге келген адамға әжептәуір күрделі әрі қиынға соғатын түрлі сұрақ қойылады, әйтсе де анау бұған жауап қайтаруға міндетті, қала тұрғындары сол жауапқа қарап жаңа губернатордың парасат-пайымы турасында өзіндік тұжырым жасайды: келгеніне қуанады немесе, керісінше, жабығып қалады.

Үй басқарушы осыны айтып тұрған кезде Санчо креслоның қарсы бетіндегі қабырғаға үлкен әріптермен бедерленген ұзын-шұбақ жазбаға тесіле қараумен болған; бірақ өзі әріп танымайтындықтан онда не шимайланғанын сұрады. Оған мынадай жауап қайтарылды:

— Сеньор! Онда сіздің, жоғары мәртебелім, аралға иелік етуге ырзашылық білдірген күніңіз жазылып қойылған, жазбада: “Бүгін, бәленінші жылдың түгенінші айы мен күнінде, сеньор дон Санчо Панса осы аралға билік жүргізуге кірісті, өмір жасы ұзақ болғай”, делінген.

— Дон Санчо Панса дегендері кім сонда? — деп сұрады Санчо.

— Сіз, жоғары мәртебелім, — деп жауап қатты үй басқарушы, — мына креслода шалжиып отырған адамнан басқа ешқандай Панса біздің аралға келген жоқ.

— Ендеше, есіңде болсын, бауырым, — деп мәлім етті Санчо, — мен дон емеспін және тұқымымда да ешкім дон болған емес: мені жай әншейін Санчо Панса деп атайды, әкемнің де есімі Санчо-тұғын, атам да Санчо еді және бәрі де, ешқандай дон-монсыз-ақ, Панса болатын. Байқауымша, аралдарыңызда дон дегендер кесек тастан да көп секілді, жә, көре жатармыз, құдай ойымды құп көрсе және мұнда құрығанда бірнеше күн губернаторлық етсем, бұл дон дегендеріңнің басына су құярмын: олар мұнда қаптап жүргендіктен масадай ызыңдап жұрттың бәрін ығыр қылған шығар. Ал, енді, сеньор үй басқарушы, қане, қоя бер сұрақтарыңды, мен бәріне хал-қадерімше жауап берем, ал қала тұрғындары неғылады — жабыға ма, жабықпай ма, оны өздері білсін.

Осы сәт сот палатасына екі адам келіп кірді: бірі шаруа адамша киініген-ді, екіншісі тігіншідей киініп, қолына қайшы ұстап тұр еді; сөзді де сол бастады:

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий