Knigionline.co » Казахские книги » Дон Кихот ІІ

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот ІІ» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Мистер Дон Кихот полюбил рыцарские романы и решил стать рыцарем. Он отправляется вместе со своим оружейником Санчо Пэнси в путешествие во имя любви к Дульсинеи Тобосской. Это путешествие и в наши дни пленяет читателя.

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Әңгіме былай, шырағым: мына шиланды қорғау барысында байқатқан жауынгерлік рухың мен өжеттігіңнің ең құрығанда жарты бөлігін өз тәніңді қорғауға жұмсағаныңда тіпті тау қопарардай қайратты Геркулестің өзі де саған түк ештеңе істей алмаған болар еді. Бара бер жөніңе, жоға, дұрысы: қайда кетсең онда кет, әйтеуір қараңды батыр — аралдың өзінде де, аралға алты миль жақын жерде де төбең көрінбейтін болсын, әйтпесе екі жүз қамшы дүре жейсің. Қане, жоғал деймін саған, ардан безген алдамшы һәм алаяқ!

Әйелдің зәресі ұшып кетті, налалы да наразы кейіпте шығар есікке қарай бет алды, ал губернатор малшыға қарап былай деді:

— Ақшаңа абай бол, туысқан, енді асықпай деревняңа қайта бер; бірақ болашақта есіңде болсын: ақшаңнан айрылып қалмайын десең қатындармен құшақтасуға құштар болма.

Малшы алғысын былдыр-былдыр жеткізіп жөнін тапты, ал сол жерде жиналып тұрғандар жаңа губернатордың шешімдері мен үкімдеріне тағы да таң-тамаша болысты. Мұның бәрі жылнамаға түсірілді де, түзушісі оны тағатсыздана тосып отырған герцогқа кідіртпестен жөнелтіп жіберді.

Бірақ біз осы арада мейірбан Санчоның жайын қоя тұрамыз да, Альтисидораның әнінен өте ыңғайсыз жағдайда қалған мырзасының жайын білмекке асығамыз.

XLYІ тарау

Дон Кихоттың ғашықтық дертіне шалдыққан Альтисидораға арналған сөзін бөліп жіберген, қоңыраулар шылдыры мен мысықтар әлегінен туған сұмдық ала топалаң жайында.

Біз Дон Кихоттан ғашықтық сезім баураған Альтисидора бикештің әніне бола терең ойға шомған жерінде қол үзгенбіз. Ол осындай жабырқау көңілмен ұйқыға жатқан, бірақ бүргедей талаған бұл ойлардан оған жөнді ұйқы да, демалыс та болмап еді, ол аздай, бұған шұлық ілмектерінің тарқап кетуіне қатысты өкініш қосылған; алайда уақыттың желаяқтығы сондай және күллі дүниеде оған кедергі боларлық қандай да бір жарғабақтың жоқтығы соншалық, түнгі сағаттарды лезде-ақ артқа тастап, асқан шапшаңдықпен таң ағарып ататын сағатқа да келіп жетті. Сол мезгілде Дон Кихот құс төсегінен тұрып, түйе жүнінен тоқылған киім-кешегін тездетіп киіне бастады және шұлығындағы өкінішті олқылықты жасыру үшін жорық етігін киіп алды; бәрінің сыртынан алқызыл мантияны жамылды, басына жасыл барқыттан тігілген, күміс зер төгілген телпек киді, байырғы болат семсері тағылған қайыс таспаны мойнына ілді, қашан да өзімен бірге жүретін таспиығын қолына ұстады, сосын мейлінше маңғаз да тәкаппар кейіпте қонақ бөлмеге қарай беттеді: онда өзін кәдімгідей киініп те алған герцог пен герцогиня күтіп отырған шығар деп ойлаған. Алайда, өзі өтуге тиіс болған галереяда оны жанында құрбы қызы бар Альтисидора тосып тұр еді; сөйтіп, Дон Кихотты көзі шалған Альтисидора тұтқиылдан талықсып кеткендей бола қалды, ал құрбысы оны шап беріп ұстай алды да, жанталасып корсажының бауын ағыта бастады. Дон Кихот мұның бәрін байқап үлгерген; қыздарға жақындап келген ол:

— Мұндай талықсудың неден болатынын жақсы білем, — деді.

— Ал, мен білмеймін, — деді құрбысы. — Альтисидора — қамал-сарайдағы денсаулығы ең мықты қыз, екеуіміз танысқалы бері оның ыңқыл-

сыңқылға бой алдырғанын ешқашан көрген емеспін. Егер бәрі шетінен осындай тасжүрек болса, дүниедегі күллі кезбе рыцарь атаулының барлығын түгел қарғыс атсын! Өте беріңіз, сеньор Дон Кихот: сіз мына арада тұрғанда бұл бейшара қыз есін жия қоймас.

Дон Кихот оған былай деді:

— Кешкісін жатын бөлмеме лютня әкелінуіне қам жасаңызшы, сеньора: сүйіспеншілік дертіне шалдыққан бұл бикешті қолымнан келгенінше жұбатып бағайын, өйткені махаббаттың ең алғашқы кезеңінде-ақ күдер үзуден асқан дару жоқ бұған.

Бұдан соң ол өзін біреу-міреу көріп қоймасын деп бұл жерден тезірек кетуге асықты. Талып жатқан Альтисидора анау ұзап кеткен бойда-ақ есін жиып алды да, құрбысына:

— Оған лютняны міндетті түрде апару керек: шамасы, Дон Кихот музыкамен құлағымыздың құрышын қандырмақ қой; бәлкім, шынымен-ақ тым-тәуір өнері бар шығар, — деді.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий