Knigionline.co » Казахские книги » Дон Кихот ІІ

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот ІІ» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Мистер Дон Кихот полюбил рыцарские романы и решил стать рыцарем. Он отправляется вместе со своим оружейником Санчо Пэнси в путешествие во имя любви к Дульсинеи Тобосской. Это путешествие и в наши дни пленяет читателя.

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Бұл сөзіңіз өте орынды, сеньор губернатор, — деді дәрігер, — сондықтан, өз ойымша, сізге қоян етінен әзірленген әне бір рагуды жеудің қажеті жоқ деп білем, өйткені ол ауыр қорытылады. Ал мына бір бұзау етін, егер ол қуырылмаған бұзау еті болса және үстіне тұздық құйылмаса, жеуіңізге де болар еді, бірақ мынадай түрдегісіне — қарсымын.

Санчо оған былай деді:

— Әне бір жерде, әрменіректе, буы бұрқыраған үлкен табақ тұр, — қателеспесем, сол олья подрида секілді, ал олья подридаға не түрлі нәрсе салынады, содан өзіме ұнайтын дәмді де пайдалы бірдеңе табарым кәміл.

— Absіt!39 — деп дауыстап жіберді дәрігер. — Оны тіпті ойыңызға да алушы болмаңыз: бұл дүниеде олья подридадан асқан зиянды тағам жоқ. Оны канониктердің, оқу орындары ректорларының немесе деревнядағы үйлену тойларының дастарқанына қоя берсін, бірақ оған губернатордың бәрі түгел кемелдік пен талғампаздықтың үздік үлгісіндей болуға тиіс дастарқанында орын жоқ, өйткені, қай жерде де, қашан да жұрт құрама дәрі-дәрмектен гөрі жай дәрі-дәрмекке ерекше ден қояды: себебі жай дәрі-дәрмек жасауда қате жіберу мүмкін емес, ал құрамада оның құрамына енетін заттардың мөлшерін шатастырып алу оп-оңай. Ал, сеньор губернаторға қазір қандай тамақ ішуге болады дегенге қайта оралғанда айтарым мынау: егер денсаулығын сақтауды және нығайтуды хош көрсе, оған жүз вафли мен алқорының бірнеше жұқалау тілімі жарап жатыр, — бұл асқазан жұмысын жақсартып, ас қорытуға жәрдемдеседі.

Мынадай әңгімені естіген Санчо креслоның арқалығына шалқайды да, дәрігерге оқты көзбен қарап, қатқыл дауыспен аты кім екенін, қайда оқып, білім алғанын сұрады. Дәрігер оған былай деп жауап қатты:

— Сеньор губернатор, менің есімім — дәрігер Педро Қатыбезеро де Ғылым, Каракуэль мен Альмодовар дель Кампо аралығында, сәл оңға қарай орналасқан Тиртеафуэра деген елді мекенде туып-өскем, ал дәрігер дәрежесін Осуна университетінде алғам.

Ыза қысқан Санчо сол арада былай деп айқайлап жіберді:

— Ендеше, әңгіме былай, Каракуэльден Альмодовар дель Кампоға бара жатқанда оң жақта қалатын Тиртеафуэра немесе Қиянтүкпірио деген елді мекенде туып-өскен, Осунада дәреже алған сеньор дәрігер Педро Қатыбезеро де Дәлдүріш: дереу қараңызды батырыңыз бұл жерден, әйтпесе, шоқпарды алам да, басымды бәске тігуге даярмын, өзіңізден бастап осы аралда қанша емші бар, бәрін, бәрін болмаса да, әйтеуір, өзім топас деп тапқандарымды, түгел айдап шығам, ал ақылды, пайымды және парасатты дәрігерлерді көздің қарашығындай сақтаймын, киелі адамдай құрмет тұтатын болам. Қайталап айтам, Педро Қатыбезеро, көрінбеңіз көзіме, өйтпеген жағдайда мына өзім отырған креслоны алам да, басыңызға ұрып сындырам және сот та мені ақтап жібереді: надан емшіні, мемлекетімнің қас жауын, өлтіру — құдайдың өзі хош көретін нәрсе, деймін. Ал, енді маған ішетін тамақ беріңдер немесе губернаторлықты қайтып алыңдар, өйткені иесін асырай алмайтын лауазымның құны қара бақыр.

Губернатордың қатты ашуға мінгенін көрген дәрігердің иманы ұшып, алды-артына қарамай зыта жөнелмек болған, бірақ дәл осы мезетте көшеден пошта сырнайының сарнаған дауысы естілді, аға малай терезеден сыртқа көз салды да, Санчоның қасына жақындап:

— Сеньор герцогтан шабарман келді, сірә, маңызды хабар әкелсе керек, — деп мәлім етті.

Бетін тер басқан, әлденеден абыржулы шабарман ішке кіріп, қойнынан пакет шығарып, губернатордың қолына ұстатты, Санчо оны, өз тарапынан, герцогтың үй басқарушысына беріп, адресін оқуға әмір етті; ал оның адресі мынадай болатын: “Баратария аралының губернаторы дон Санчо Пансаға, өз қолына немесе хатшысына табыс етілсін”. Сол арада Санчо:

— Ал, менің хатшым кім? — деп сұрады.

Бұған сол жерде тұрғандардың бірі:

— Мен ғой, сеньор: оқи да, жаза да білем, оған қоса бискайлықпын, — деп жауап қатты.

— Мұның керемет болды ғой, — деп құлаққағыс етті Санчо, — ондай жағдайда сіз тіпті императордың өзіне хатшы бола алады екенсіз. Пакетті ашып, онда не жазылғанына көз салыңызшы.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий