Knigionline.co » Казахские книги » Дон Кихот ІІ

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот ІІ» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Мистер Дон Кихот полюбил рыцарские романы и решил стать рыцарем. Он отправляется вместе со своим оружейником Санчо Пэнси в путешествие во имя любви к Дульсинеи Тобосской. Это путешествие и в наши дни пленяет читателя.

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Қалай суреттегің келсе, солай суреттей бер, — деді Санчо, — мен де өзім сурет өнеріне кетәрі емеспін, егер қазір түстік ішіп алғанымда, маған өзің бейнелеп берген қыздың портретінен асқан тәтті сусын болмас еді.

— Бұл әншейін кіріспесі ғой, — деп іліп әкетті шаруа, — ең тәттісін соңына сақтап отырмын. Сөйтіп, сеньор, егер оның сымбаты мен мүсінін бейнелеп берсем, сіз тіптен таңғалған болар едіңіз, бірақ бұл мүмкін емес, өйткені ол құныс боп бүкірейіп қалған, екі тізесі иегіне тиіп тұр, алайда оған көз тоқтатып қарағандар егер оның бойын тіктер шамасы болса, басы төбеге барып тірелер еді дегенді айтады. Және ол бакалавр ұлыма қолын беруден де қашпас еді, бірақ бере алмайды, себебі қолы семіп қалған. Есесіне тырнағы сондай ұзын әрі науалы, ал мұндай тырнақ тек мейірімді әрі мүшелерінде мін жоқ адамдарда ғана болады.

— Жарайды, — деді Санчо, — бірақ, бір нәрсені ұмытпа, бауырым, сен оны басынан аяғына дейін сипаттап шықтың. Тағы не айтқың келеді? Астарламай, тұспалдамай, бүкпесіз және әсірелемей дереу шаруаңды баянда.

— Сізден мынадай жәрдем сұрағалы келгем, тақсыр, — деп мәлім етті шаруа, — рақымшылық жасап, болашақ құдама хат жазып, осы некеге келісім беруін өтінсеңіз етті, — өйткені, тағдырдың берген сыйы жағынан да, табиғаттың берген сыйы жағынан да біз олардан еш кем түспейміз: ақ-адал шынымды айтсам, сеньор губернатор, баламның құтырма ауруы бар еді, құдайдың құтты күні үш-төрт мезгіл жын-пері жабылып жанын көзіне көрсетеді; ол да аз болғандай, отқа құлап түскен-ді, содан бері беті түгел пергамент секілді боп бырысып қалды, ал көзі жасаурап, іріңдей береді. Әйтсе де, мінез-құлқында зәредей кінәрат жоқ, егер өзін-өзі оңдырмай ұрып, жұдырықтап алатын дағдысы болмаса, оны әулие санау артық етпес еді.

— Ей, байғұс-ай, осы ма еді айтпағың? — деп сұрады Санчо.

— Бар ғой, әлі де, — деп жауап қатты шаруа, — бірақ, айтуға қорқасоқтап тұрмын, әй, жарайды, не болса ол болсын, көңілімде кір қалмасын, айтсам айтайын. Әңгіме былай, сеньор: сізден сол бакалавр ұлымның жасау-жабдығы үшін, жоға, өз керек-жарағын құрап алуы үшін дегенім ғой, үш жүз, абзалы — алты жүз дукат сұрағым келеді: өйткені, жас жұбайлардың ата-анаға қарап жаутаңдай бермей, өз алдына түтін түтеткені дұрыс қой.

— Байқа, тағы бірдеңеңені ұмыт қалдырған жоқсың ба, айта бер ұялмай. — деді Санчо.

— Бәрін түгел баяндадым-ау деймін, — деп мәлім етті шаруа.

Әлгінің осыны айтып, аузын жабуы мұң екен, губернатор орнынан атып тұрып, отырған креслосына жармаса кетті де, былай деп бақырып жіберді:

— Өй, сен, пәлен-пәштуан, арсыз, ұятсыз, көргенсіз! Жоғалт көзіңді, қараңды батыр бұл жерден, әйтпесе мына кресломен басыңның мылжа-мылжасын шығарам! Өй, сен, иттен туған, жексұрын, сүмелек суретші, менен алты жүз дукат сұрайтын мезгілді тапқан екенсің! Ау, қайдан тауып берем оны саған, мақұлық-ау? Ондай ақша өзімде болған күнде де, не себепті оны саған сыйға тартуға тиіспін, мәттақам болғаныңмен мәнжубас неме? Ау, менің Мигельтурраға және мұқым Перлалитико тұқымына қандай қатысым бар? Кет деп тұрмын саған бұл жерден, әйтпесе, сеньор герцогтың өмірімен ант етейін, жаңағы айтқанымды қолма-қол іске асырам! Оған қоса, сен Мигельтуррадан шыққан адамға ұқсамайсың, күнәға батыру үшін жын-шайтан өзіме арнайы жіберген әлдебір әзәзілсің. Өзің ойлап көрсеңші, кісәпір-ау: губернатор болғаныма бар-жоғы бір жарым ғана тәулік, бұл екі арада алты жүз дукат менде қайдан пайда болмақшы?

Аға малай шаруаға кете бер деп ымдады, анау басын тұқыртып алды да, губернатордың қаһарынан шынымен қорыққан жандай түр көрсетіп, залдан шығып жүре берді: алаяқ өз міндетін ойдағыдай атқарған болатын.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий