Knigionline.co » Казахские книги » Дон Кихот ІІ

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот ІІ» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Мистер Дон Кихот полюбил рыцарские романы и решил стать рыцарем. Он отправляется вместе со своим оружейником Санчо Пэнси в путешествие во имя любви к Дульсинеи Тобосской. Это путешествие и в наши дни пленяет читателя.

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

Жаңадан пайда болған хатшы бұйрықты орындап, жолдауды оқып шықты да, мұның құпия мәлімет екенін хабарлады. Санчо залды босатуға әмір етті, тек герцогтың үй басқарушысы мен аға малайды ғана қалдырды, ал өңгесі, оның ішінде дәрігер де бар, шығып кетті; сол бойда хатшы мынадай мазмұндағы хатты дауыстап оқып берді:

«Сеньор дон Санчо Панса, екеуімізге өш жаулар аралыңызға түн жамылып жойқын шабуыл жасағалы жатқаны жайында мәлімет алып отырмын, ал қашан — ол жағы белгісіз, осы себепті қапыда қалмас үшін сергек болуыңыз және күзетте тұруыңыз қажет. Оған қоса, жалған айтпайтын жансыздарым арқылы аралыңызға киім ауыстырып киген төрт қаскүнемнің өтіп кеткенін біліп отырмын, мақсаты - Сізді өлтіру, өйткені ақыл-парасатыңыздан қауіптенетін көрінеді. Мейлінше сақ болыңыз, өзіңізге өтініш айта келгендер мұқият тексерілсін, сондай-ақ ұсынылған тағамның бәрінен бас тартыңыз. Сізге қатер төнген жағдайда мен дереу көмекке барам, ал Сіз өз ақылыңызбен әрекет жасай беріңіз. Біздің қамал-сарайда, тамыздың он алтысы күні, сағат таңғы төртте жазылды.

Досыңыз герцог».

Хат Санчоны есеңгіретіп жіберді, жанында тұрғандар да таңырқанып қалғандай көрінді; сол арада Санчо үй басқарушыға қарап былай деді:

— Бізге ең алдымен және шұғыл түрде дәрігер Қатыбезероны түрмеге тығу керек, себебі мені өлтіруге ниеттенген бір адам болса, ол — тап соның өзі ғана және, оған қоса, мені ұзаққа созылатын, ең азапты өлім, яғни аштан қатыру арқылы өлтірмекші.

— Әйтсе де, менің ойымша, — деді аға малай, — сіз, тақсыр, үстелде тұрған тағамның бірде-біреуінен дәм татпауға тиіссіз: бұларды монах әйелдер әзірлеген еді, крестің тасасында шайтан тұрады, деген сөз тегін айтылмаған ғой.

— Дауым жоқ, — деді Санчо, — әйтсе де, маған әзірше нанның кішкене құрышы мен бірнеше фунт жүзім бере тұрыңдар: бұларда у болуы мүмкін емес. Шын мәнінде де, нәр татпай жүре алмаймын ғой, оның үстіне алдағы айқастарға да дайын болуымыз керек — ендеше, бізге жүрек жалғап алу қажет: өйткені ерлікке асқазан дем береді, асқазанға ерлік дем бермейді. Ал, сіз, хатшы, сеньор герцогқа жауап қайтарыңыз және берген бұйрығының бәрі, ештеңесі елеусіз қалмай, өзі қалай бұйырса солай, мүлтіксіз орындалатынын жазыңыз. Сондай-ақ, сеньора герцогиняға да қолынан сүйетінімді және зайыбым Тереса Пансаға менің атымнан хат пен түйіншек тапсыру үшін арнайы адам жіберу жайын ұмытпауын өтінетінімді айтыңыз: сөйтсе, ол маған үлкен жақсылық жасаған болар еді, ал енді оның өтемін кейін бірдеңе ғып қайтара жатам ғой. Осымен бірге, мырзам Ламанчалық Дон Кихот мені рақметі жоқ адам екен деп ойлап қалмасы үшін оны қолынан сүйетінімді де қыстырып жіберуіңізге болады, мұның соңына өзіңіз, мейірбан хатшы һәм мейірбан бискайлық ретінде, ойыңызға не келсе соның бәрін тіркей беруге еріктісіз. Қазір енді үстелдегі тағамдарды алып кетсін де, маған жейтін басқа бірдеңе әкелсін, ал өзіме және аралыма тап бермекші жансыздар, кісі өлтірушілер мен сиқыршыларға келсек, олардың бәрін түгел тәубаға келтірерім кәміл.

Осы кез ішке малай кіріп:

— Сізге бір шаруа өтінішпен келіп тұр, айтуынша, өте маңызды бір іске байланысты өзіңізбен сөйлескісі келеді, — деді.

— Бұл сұраншақтар өзі қызық жандар, — деді Санчо. — Апырай, осындай беймезгіл уақта шаруамен келуге болмайтынын түсінбейтіндей бұлар соншалықты кеще ме еді? Әлде олар бізді, билеушілер мен соттарды, тірі адам деп, бұлар да белгілі бір сағаттарда табиғи мұқтаждығын өтеуге ділгер-ау деп ойламай ма екен, тас сияқты сезімсіз болғанымызды қалай ма екен? Құдайдың және ар-ұятымның атымен ант етейін, егер болашақта да губернатор қызметін атқарсам (алайда, бұған күмәндана бастадым), онда сұраншақтарымды міндетті түрде тәртіпке шақырам. Ал, енді бір жолға жібер әлгі адамды, бірақ әуелі жансыз немесе кісі өлтіруші еместігіне көз жеткізіп ал.

— Саспаңыз, сеньор, — деп қарсылық білдірді малай, — меніңше, ол ақ көңіл, жайдары адам секілді; байқауымша, қой аузынан шөп алмас біреу.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий