Knigionline.co » Казахские книги » Дон Кихот ІІ

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот ІІ» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Мистер Дон Кихот полюбил рыцарские романы и решил стать рыцарем. Он отправляется вместе со своим оружейником Санчо Пэнси в путешествие во имя любви к Дульсинеи Тобосской. Это путешествие и в наши дни пленяет читателя.

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

Алайда ашуға мінген Санчоны жайына қалдыра тұрайық, аралында қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған мамыражай тіршілік орнағанын тілейік оған, сөйтейік те, Дон Кихотқа оралайық; біз одан мысықтар бетіне салған жарақатты таңып жатқан жерде қол үзіп едік қой, бұл жарақаттан ол тек бір аптадан кейін ғана оңалды, бірақ сол аптаның ішінде тағы бір шытырман оқиғаға тап болды: Сид Ахмет осы хикаяға қатысты барлық оқиғаны, соның ішінде тіпті елеусіздеуін де, қалай егжей-тегжейлі және барынша шыншылдықпен баяндаса, бұл шытырман оқиғаның жайын да тап солай баян етпекші.

XLYІІІ тарау

Дон Кихот пен герцогиняның дуэньясы донья Родригес арасында болған жағдаят жөнінде, сондай-ақ қағазға түсіруге және мәңгілікке қалдыруға лайықты басқа да оқиғалар жайында.

Қатты жарақаттанған Дон Кихот бұл күндерді түпсіз терең уайым мен қайғы құрсауында өткізіп жатты: беті таңылып тасталған еді және оған белгі соғылған болатын, бірақ бұл құдайдың қолымен емес, мысықтың тырнағымен соғылған белгі еді, — қысқасын айтқанда, ол кезбе рыцарьлар өмірінде көптеп ұшырасатын келеңсіз жағдайдың біріне кезіккен-ді. Алты күн бойы ол жұрт көзіне көрінбеді, сөйтіп бір күні түнде, көзі жұмық, көңілі ояу қалпында жаңадан тап болған тақсіреттері турасында және Альтисидораның жабысып қалмай жүргені жайында ой кешіп жатқанында, әлдекім жатын бөлмесінің есігін кілт салып ашып жатқандай көрініп кетті, сол бойда оған бұл өзін алдап-арбау арқылы аяулы ханымы Дульсинея Тобосскаяға деген адалдығынан айныту үшін келіп тұрған ғашық бикеш шығар деген ой келді.

— Жоқ! — деді ойдан шығарған өтірігіне құлай сенген ол өзіне-өзі, бірақ басқалар да еститіндей етіп қатты дауыстап. — Асыл бейнесі жүрегімнің түкпіріне таңбаланып, жанымның құпия қойнауларында жатқан аяшымды ардақ тұтудан тандыра алатындай айдай сұлу ару дүниеге әлі келе қойған жоқ; әміршім менің, жуа сасыған шаруа әйелге немесе алтындай жылтыраған Тахоның алтын және жібек жіптерден кесте төгіп отырған нимфасына айналып кетсең де, Мерлин немесе Монтесинос сені қай қиянға жасырып тастаса да мейлі, қайда жүрсең де сен мендіксің, ал мен қайда жүрсем де сендік болдым және бола берем.

Ол сөзін аяқтай берген сәтте есік те ашылды. Дон Кихот сарғыш атлас көрпеге басынан аяғына дейін оранып алды да, кереуеттің үстіне шығып түрегеп тұрды; басында төбетей, беті мен мұртында таңғыштар бар-тын: бетіндегісі — жарақатқа арналса, мұртындағысы — мұрты тым төмен салбырап кетпеуі үшін байланған еді; осындай түр-сықпытымен ол үш ұйқтасаң түсіңе кірмейтін алабөтен кейіптегі елеске ұқсап тұрған. Дон Кихот есік жаққа тесірейе қарап қалды, бірақ ынтызарлықтан күйіп-жанып, ада-күде еркінен айрылған Альтисидораның орнына бөлмесіне жесірлер жамылатын, етегі кесілген, бірақ ұзындығы сонша, басынан аяғына шейін кіреукелеп, бүркемелеп тұрған жамылғысы бар қадірменді дуэнья келіп кірді. Сол қолына шырақтың тұтатылған тұқылын ұстап, оң қолымен қомақты көзілдірік киген көзін жарықтан көлегейлеген ол жай басып, жеңіл адымдап жүріп келе жатты.

Оған жоғарыдан көз сап тұрған Дон Кихот киген киімдері мен тіл қатпайтын тұнжыр түріне қарап, оны өзіне осы кейіпте әлденендей бір жауыздық жасауға келген мыстан кемпір жә болмаса сиқыршы шығар деп ойлап қалды да, үсті-үстіне шоқына бастады. Ал елес болса, бұл кезде жаймен жақындап келе жатты; бөлменің ортасына кеп тоқтаған ол басын көтеріп, Дон Кихоттың асығыс-үсігіс шоқынып жатқанын көрді: Дон Кихот әйелдің сұлбасын көріп сескеніп қалса, Дон Кихотты көрген бейшара дуэньяның одан бетер зәре-құты кетті; сырықтай ұзын, реңі ақшылтым-сарғыш, көрпе жамылып алған, бет-аузын адам шошырлық таңғыштар жапқан міскінді көзі шалған бойда ол:

— Құдай-ай! Бұл не сұмдық? — деп дауыстап жіберді.

Қатты толқып кеткендіктен шырағын қолынан түсіріп алған дуэнья тас қараңғыда шығар есікке қарай беттеді, бірақ бойын үрей билеп, абдырап, белдемшелеріне шырматылып қалды да, жерге құлап түсті. Зәресі зәр түбіне кеткен Дон Кихот сол арада оған былай деп тіл қатты:

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий