Knigionline.co » Казахские книги » Дон Кихот ІІ

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот ІІ» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Мистер Дон Кихот полюбил рыцарские романы и решил стать рыцарем. Он отправляется вместе со своим оружейником Санчо Пэнси в путешествие во имя любви к Дульсинеи Тобосской. Это путешествие и в наши дни пленяет читателя.

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Өзімді өзім ұстай алмағанымды кешіріңіз, сеньор Дон Кихот: сол сормаңдай күйеуім есіме түссе болды, көзімнің жасын тия алмай қалам. Құдай-ай десеңші, ханымды көмірдей қара дығал қашырдың сауырына отырғызып алып, қандай маңғаз кейіпте көшеге шығатын еді ол! Ол кезде қазіргідей күйме де, зембіл де болған жоқ қой, — ханымдар қашырға салт мініп жүретін: алда — атшы малай, артта — ханым. Жоқ, бұл жайында сізге міндетті түрде айтып беруге тиіспін, сонда сүйікті күйеуімнің қандай тәрбиелі әрі ыждағатты адам болғанына өзіңіз де көз жеткізесіз. Бір жолы Мадридтегі Әулие Иаков көшесіне қарай бұрылған кезінде алдында екі альгуасилі бар алькальд қарсы ұшырасады, ақкөңіл жұбайым оны шығарып салуға ниеттеніп дереу қашырының басын бұрады. Артта отырған ханым оған сыбырлап: “Қайда бет алдың, ақымақ? Баратын жағым басқа екенін білмейсің бе?” дейді. Алькальд та ізеттілікпен тізгін тартып: “Өз жолыңмен жүре бер, бауырым, мені сеньора донья Касильда емес, менің оны шығарып салғаным жарасымды” (біздің ханымды солай атайтын), дегенді айтады. Алайда жұбайым, бас киімін сыпырып алған қалпы, алькальдты шығарып салу керек деп тұрып алады, бұған қатты ыза болып, қызбаланып кеткен ханым қорапшадан жуан түйреуіш шығарып, оны кәдімгі біздің өзі десе де болғандай еді, бар күшімен күйеуімнің арқасына шаншады; күйеуім шыңғырып жібереді де, екі бүктетілген күйі жерге гүрс етіп құлап түседі, ханымды да өзімен бірге ала кетеді. Екі малай ханымға қол ұшын бермекке тұра ұмтылады, сондай-ақ алькальд пен альгуасилдер де көмекке келеді. Гуадалахар қақпасы азан-қазан болады, әрине, мен қақпаның өзін емес, сол арада ермек іздеп сенделіп жүрген жұртты айтып отырмын. Ханым үйге жаяу кетеді де, күйеуім жүгіріп шаштаразға барып, оған түйреуіш іш құрылысын тесіп өткенін айтады. Жұбайымның кішіпейілдігі жайындағы қауесеттің ауыздан-ауызға тез тарап кеткені сонша, балалар көшеде соңынан қалмай жүгіріп жүретін болды, міне осы себептен және оған қоса, көзі алыстан онша көрмейтіндіктен, ханым онымен есеп айырысып, жұмыстан шығарып жіберді, оның құсадан өлгенінде еш күмәнім жоқ. Осылайша жастай жесір боп қызымды құшақтап қала бардым, ал қызымның көркі гүл шанағындай күн өткен сайын ажарлана түсті. Ақыр соңында, сол тұста сеньор герцогқа күйеуге шыққан сеньора герцогиня, айтулы ісмерлігім жайындағы дақпырт кең жайылып үлгергендіктен, қызым екеуімізді өзімен бірге Арагон корольдігіне ала кетуді ұйғарды; міне, тап осы жерде, арада жылдар өткенде, қызым да толған айдай толықсып бой жетті, ал енді оның қандай сүйкімді қыз боп өскенін мынадан-ақ көре беріңіз: ән салса — бозторғай ма дейсің, билесе — от-жалынға айналып, құлап түскенше бір тынбайды, оқу мен жазуда мектеп мұғалімінен қалыспайды, есеп-қисапта саудагермен бірдей. Тазалығы жайында айтып та жатпаймын: ағын судың өзі де одан таза емес. Қателеспесем, қазір оған он алты жас, бес ай, үш күн толды, — шатыссам, күнінен шатысқан шығармын. Бір сөзбен айтқанда, қызалағымды осы араға жақын маңайдағы, сеньор герцогтың иелігіндегі деревнялардың бірінде тұратын дәулетті шаруаның ұлы ұнатып қалды. Олардың бір-бірін қалай тапқандарын білмеймін, әйтеуір әзіл-күлкісі жарасып, жұбы жазылмайтын болды, ұзамай жігіт оған үйленетінін айтты, бірақ алдап соққан екен, қазір уәдесін орындау жайын ойына да алмайды. Сеньор герцог та бұдан жақсы хабардар, себебі оған әлденеше мәрте шағынып, әлгі жігітке қызыма үйленуге әмір етуін сұрағам, бірақ бұл өтінішім герцогтың бір құлағынан кіреді де, екінші құлағынан шығып кетеді. Өйткені, кілтипан мынада боп тұр: алдамшының әкесі асқан бай, герцогқа қарызға ақша береді, оны-мұны шаруасын шыр айналдырады, сондықтан герцог оны ашуландырып алам ба деп қорқады. Міне, өзіңізден өтінерім де, мархабатты мырзам, осы бір міндетті мойныңызға алып, сендіру арқылы ма әлде қарудың күшімен көндіру арқылы ма, әділдік орнатыңызшы: өйткені, сіздің мына жарық дүниеге жалғандықтың тамырына балта шабу үшін, қисық-қыңырды түзетіп, үлестен қағылғанды қорғау үшін келгеніңізді жұрттың бәрі біледі. Оған қоса, тақсыр, қызымның жетімдігін қаперге алыңыз; сондай-ақ, әлгінде ғана өзім сипаттап берген сүйкімділігі мен өндірдей жастығын, басқа да ерекше қабілеттерін ұмыта көрмеңіз, — құдайдың атымен және арыммен ант етем, қожайын ханымның күтуші қыздарының қай-қайсысы да, тіпті соның ішінде Альтисидора дейтіні де, оның басқан ізіне татымайды: әлгіні мұндағылар ең еркін де ерке, ең көркем қызға балайды, бірақ оның өзі де менің қызыммен бәске түсе алмайды. Біліп қойғаныңыз артық болмас, мархабатты мырзам, жылтырағанның бәрі алтын емес: анау әлгі Альтисидора дейтін өңділігімен емес, өпіремдігімен дақпыртқа көбірек ие боп жүр ғой және оның қарапайымдылығынан қарабайырлығы басымдау, оған қоса денсаулығы да онша емес: аузынан алап жаман иіс шығатыны сонша, қасында қатар тұрудың өзі ақирет. Тіпті, сеньора герцогиняның өзін алсақ та... Жә, жетер, аузымды жабайын, үй артында кісі бар, дегендей.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий