Knigionline.co » Казахские книги » Дон Кихот ІІ

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот ІІ» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Мистер Дон Кихот полюбил рыцарские романы и решил стать рыцарем. Он отправляется вместе со своим оружейником Санчо Пэнси в путешествие во имя любви к Дульсинеи Тобосской. Это путешествие и в наши дни пленяет читателя.

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Ондай бірдеңені іске асырсаңдар немесе ойластырсаңдар нағыз ақымақ сендер болар едіңдер, — деді Санчо. — Ендеше, тағы да қайталап айтам, өзіме және сұр жорғама қажетті азық-түлік жағын естен шығармаңдар, тәмам шаруаның ішіндегі ең маңыздысы да, ең шұғылы да осы болсын, ал белгіленген уақытта сіздермен қаланы аралауға шығамыз: аралды әр қилы азғындардан — қаңғыбастардан, жалқаулар мен қырсыздардан арылтқым келеді. Біліп қойғандарың артық болмас, достарым, мемлекеттегі не істерді білмей зеріккен жұрт та бір — жұмысшы аралар жиған балды жалап-жұқтап жеп қоятын омартадағы еркек ара да бір. Мен шаруаларға қамқорлық жасамақпын, идальго қауымының атаулы құқын қорғамақпын, ізгі ниетті адамдарға сый-сияпат жасамақпын, ал ең бастысы — дінге құрметпен қарап, діни қызметшілерге қошемет көрсетпекпін. Ал қалай, достарым? Дұрыс айттым ба әлде шатып кеттім бе?

— Сізді тыңдап отырған адам, сеньор губернатор, — деп жауап қатты герцогтың үй басқарушысы, — таңырқанбай қала алмайды: өзіңіз секілді сауатсыз кісінің, — білуімше, тақсыр, сіз оқи да, жаза да алмайсыз ғой, — ойламаған жерден осыншама көл-көсір ғибратты да лұғатты сөзді үсті-үстіне түйдектеткені қайран қалдырады: бізді осында жіберген жандар да, өзіміз де сізді мұндай пайым-парасат иесі деп ойламаған ек. Күн сайын бір жаңалыққа тап боламыз: әңгіме әзілден басталады да, арты шынға айналып кетеді, біреуді ақымақ қылғың келеді — қалай ақымақ боп қалғаныңды артынан бір-ақ білесің.

Сонымен, кеш түсіп, сеньор дәрігер Қатыбезероның рұқсатымен губернатор кешкі асын ішті. Одан соң шолғын жасайтын топ құрылды; губернатормен бірге аралды аралауға үй басқарушы, хатшы, аға малай және Санчоның іс-әрекетін тарих тақтасына түсіріп отыру тапсырылған жылнамашы, сондай-ақ альгуасилдер мен сот қызметшілерінің тұтас бір отряды аттанды; қолына жезл ұстаған Санчо қақ ортада қораздана қадам басып келе жатты. Сөйтіп олар бірнеше көшені артта қалдырған кезде қаржасқан қылыштардың шақыр-шұқыры құлаққа шалынды; бәрі сол тұсқа қарай борсаңдап, айқасқа түскендердің бар-жоғы екі-ақ адам екенін көрді; әлгілер өкімет адамдары келгенін біліп, төбелесті доғара қойды да, біреуі былай деп саңқ етті:

— Құдайдың және корольдің атымен ант етем! Қаламызды азғындық жайлап алған: адамға көшенің қақ ортасында тарпа бас салады, қаптаған жұрттың көз алдында тонап кетеді!

— Сабыр ет, туысқан, — деді Санчо, — әуелі маған не нәрсеге бола ұстасқандарыңның жайын мәлім қыл. Мен — губернатормын.

Сол арада қарсы жақ сөзге араласты:

— Сеньор губернатор! Сізге бәрін қысқаша түрде айтып берейін. Білгіңіз келсе, тақсыр, осы жаңа ғана мына мырза әне жердегі, қарсы беттегі ойын үйінде мың реалдан астам ақша ұтып алды, оны қандай жолмен ұтқанын бір құдайдың өзі біледі. Мен сол арада тұрдым және бірқатар күмәнді нәрсені ардан аттап мұның пайдасына шешіп бердім. Мынау ұтысын күреп қалтасына салып алды, одан құрығанда бір эскудо сыйақы алармын деп үміттенгем: ойын кезіндегі жүрістің дұрыстығын қадағалайтын, заңсыздықтарға жол бермейтін және дау-дамайдың алдын алатын мына мен сияқты маңызды тұлғаларға сый-сияпат көрсету — ежелден қалыптасқан дәстүр ғой, ал мынау ақшаны алып тайып тұрды. Мен ызаланып кеттім, қуып жетіп, мейлінше сыпайы да биязы тілмен ең болмаса сегіз реал беруін сұрадым, ал менің адал адам екенімді, ешқандай лауазымды қызметімнің жоқтығын, көлденең табыс таппайтынымды, — өйткені, ата-анам маған ештеңе үйретпеген және еш нәрсе қалдырып та кетпеген, — бұл өте жақсы білетін еді, бірақ әртүрлі арамзалықта Кактың өзін, картадағы залымдықта Андрадильяның өзін тақырға отырғызып кететін бұл алаяқ маған төрт реалдан артық қимады. Ойлап көріңізші, сеньор губернатор, неткен ұятсыздық, неткен арсыздық! Шын сөзім, тақсыр, егер өзіңіз келіп қалмағанда, ұтысты мұның өңешінен суырып алатын едім, тәубасына келтіретін едім!

— Ал, сен не дейсің? — деп сұрады Санчо.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий