Knigionline.co » Казахские книги » Дон Кихот ІІ

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот ІІ» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Мистер Дон Кихот полюбил рыцарские романы и решил стать рыцарем. Он отправляется вместе со своим оружейником Санчо Пэнси в путешествие во имя любви к Дульсинеи Тобосской. Это путешествие и в наши дни пленяет читателя.

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

Хикаяда Санчоны сот палатасынан аумағы ат шаптырым бөлмесінің біріне көз жауын аларлық ас та төк мол дастарқан әзірленген салтанатты сарайға алып келгендері айтылады; Санчо бөлме табалдырығын аттаған бойда музыка ойнап қоя берді, оны қол шаюға қажет асай-мүсейлерін дайын ұстаған төрт малай қарсы алды, бұл рәсімді Санчо қадір-қасиетіне қылау түсірмей атқарып шықты. Музыка тына қалды да, Санчо төрдегі орынға барып отырды; айта кетерлігі, үстел жанында ешқандай басы артық орындық та, дастарқанда ешқандай басы артық прибор да жоқ-ты. Санчоның қасына қолында кит мұртынан жасалған таяқшасы бар әлдебір адам келіп тұрды, — кейін белгілі болғанындай, бұл дәрігер еді. Үстелден жеміс пен алуан түрлі тағам салынған табақшалардың бетін жауып тұрған, аса қымбат матадан тігілген ақ дастарқан алынып тасталды. Тағы бір бейтаныс, түріне қарағанда — діни лауазымы бар адам, асқа бата берді, бір малай Санчоның мойнына шілтерлі салфетка байлады, ал сарайдың аға малайы міндетін атқарып жүрген екінші малай оның алдына жеміс салынған табақшаны әкеп қойды, алайда Санчо оған ұмсынғанша болмай, табақшаға кит мұрты тық ете қалды да, бір малай оны зып еткізіп үстелден алып кетті; аға малай сол бойда оның алдына басқа табақшаны қойды. Санчо одан дәм татып көруге оқталған, бірақ ауыз тимек түгіл, қолын созып та үлгермеді: әлгі таяқша оған жедел тық етті де, жаңағы малай алғашқы жолғыдай ылдым-жылдым қимылдап, оны үстелден ала жөнелді. Санчо аң-таң боп аузын ашып қалды, сосын сол арада тұрғандарға қарап: бұл немене өзі, маған түстік бермексіздер ме әлде қолдың ептілігін көрсетпексіздер ме, деп сұрады. Оған таяқшасы бар адам былай деп жауап қатты:

— Сеньор губернатор! Губернатор билік жүргізетін арал атаулының бәрінде түстік ішудің тәртібі осындай. Мен, сеньор, — дәрігермін, осы аралдағы губернаторларға қызмет етем және сол үшін жалақы алам, сондықтан өз денсаулығымнан гөрі губернатордың денсаулығына көбірек уайым жеймін: мен губернаторды күндіз-түні бақылаймын, ауырып қалғанда емдеп жазу үшін дене бітімін зерттеймін, ал ең басты міндетім — оның түскі және кешкі асында бірге болам, өзім жөн деп тапқан тағамдарды ғана жеуіне рұқсат етем, ал, өз ойымша, оған зиян келтіретін және асқазанын бұзатын тағамдар болса, ондайды дастарқаннан алдырып тастаймын. Міне, осы себепті жеміс салынған табақшаны алып кетуге әмір еттім, өйткені жемісте ылғал шамадан тыс көп болады, сондай-ақ тағы бір тағамды да жаратпадым, себебі ол денені шамадан тыс қыздырып жібереді, оның үстіне, таңдай кептіретін түрлі дәмдеуіш қосылған, ал суды көп ішетіндер өз бойындағы туа бітті ылғал қорын азайтып, бірте-бірте жойып алады — өмірге икемділігіміз осы ылғал қорына тікелей байланысты.

— Ендеше, әне бір қуырылған құр, түріне қарағанда керемет дәмді тағам секілді, содан маған сірә да ешқандай зиян келмейтін шығар, — деді Санчо Панса.

Алайда, дәрігер бұған:

— Көзім тірі тұрғанда, сеньор губернатор одан татып та алмайды, — деген уәж айтты.

— Ау, не себепті? — деп сұрады Санчо.

Дәрігер оған былай деп жауап қатты:

— Себебі, ұстазымыз Гиппократ, бүкіл медицинаның шамшырағы және жол көзер жұлдызы, нақыл сөздерінің бірінде былай деген еді: Omnіs saturatіo mala, perdіcіs autem pessіma. Бұл: “Күпті болудың қандай түрі де зиянды, ал құрдың етіне күпті болудың зардабы тіптен жаман”38, деген мағына береді.

— Олай болса, сеньор дәрігер, — деп тұжырды Санчо, — мына үстелде тұрған тағамдардың ішінен ең пайдалы және ең зиянсыз дегендерін маған өзіңіз таңдап бере қойыңыз, сосын оны таяқшаңызбен соққыламай, тыныш отырып жеп алуыма мұрсат беріңіз, себебі, губернатордың өмірімен ант етейін, құдай ғұмырымды ұзақ қылғай, өзегім талып барады және сіз не демеңіз мейлі, сеньор дәрігер, қалайсыз ба мұны, қаламайсыз ба, бәрібір, ішкім келген тамақты ішкізбеуіңіз арқылы өмірімді ұзартудың орнына, керісінше, қысқарта түсетініңіз анық.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий