Knigionline.co » Казахские книги » Дон Кихот ІІ

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот ІІ» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Мистер Дон Кихот полюбил рыцарские романы и решил стать рыцарем. Он отправляется вместе со своим оружейником Санчо Пэнси в путешествие во имя любви к Дульсинеи Тобосской. Это путешествие и в наши дни пленяет читателя.

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Олла-біллә, қожайын, түкке арзымас нәрсеге бола бұлқан-талқан боп отырсыз. Сол да сөз бе екен! Өз байлығымның пайдасын көргенімді қызғанасыз ба? Ал мендегі бар байлық пен дүние-мүлік осы мақалдар ғой. Міне, қазірдің өзінде бірнешеуі тілімнің ұшында тұр және әңгімемізге сай келетіні сонша, құдды арнайы өлшем бойынша жасалғандай-ақ, бірақ бұларды сізге айтып жатпаймын: “Ізгі ниетпен үндемесең, атанасың Санчо сен”.

Дон Кихот бұған былайша қарсылық білдірді:

— Сен — Санчосың, бірақ ана Санчо емессің: ізгі ниетті үндемес еместігің өз алдына, парықсыз мылжың, парықсыз қиқарсың. Әйтсе де, әлгінде өзі сұранып тұр дегендеріңнің қандай мақал екенін білуге сондай құмартып қалдым: ал өзім қаперімді қопарыстырып көргеніммен, лайықты ештеңе таппай қойдым, ал менің қаперім әжептәуір екенін білесің ғой.

— Бұлардан артық орынды мақалды табу да қиын болар, — деді Санчо: — “Абайла-байқа, ақыл тістің астына саусағыңды салма”, сосын тағы: “Саған біреу: қане, аман-сау тұрғаныңда жөніңді тап және әйеліме де бір ауыз тіл қатпа, десе, — аузыңа төрт елі қақпақ қой”, деген бар; одан соң: “Жер тепкілегеннен тас жарылмайды”, — бұлардың бәрі осы араға өзі сұранып тұрған жоқ па? Губернатормен немесе басқа да бастықтармен ешқашан байланыспа, әйтпесе ақыл тістің астына саусағыңды салғандай шыңғыратын боласың, — жалпы алғанда, ақыл тіске салу шарт емес, әңгіме — азу тісте. Сосын, құдды біреу саған: “Қане, аман-сау тұрғаныңда жөніңді тап және әйеліме де бір ауыз тіл қатпа!” деген кездегідей, губернатор не айтса да оған қарсы келуге болмайды. Ал, енді жер мен тас жайына келсек, бұл енді соқырға таяқ ұстатқандай нәрсе ғой. Әңгіме қайда, жұрт өзі туралы: “Жығылып жатып сүрінгенге күліпті” демес үшін, біреудің басындағы шоқты көре қоятындар, әуелі өзінің басындағы отты көріп алғаны абзал емес пе, оған қоса, тақсыр, біреудің үйінде отырған ақылдыдан гөрі өз үйінде отырған ақымақтың ойы ұшқырлау болатыны да сізге бек жақсы белгілі ғой.

— Жоға, оныңа келіспеймін, Санчо, — деді Дон Кихот, — өз үйінде де, басқаның үйінде де ақымақтың басына ақылды ой кірмейді, себебі: кещеліктің іргетасына келісті ғимарат тұрғыза алмайсың. Жә, бұл әңгімені осымен доғаралық, Санчо: дұрыс басқармайтын болсаң — жауабын өзің бересің, масқарасы менде қалады. Дегенмен, қолымнан келгеннің бәрін жасағанымды, сені терең мағыналы және мейлінше парасатты ақыл-кеңестермен қамтамасыз еткенімді көңіліме медеу тұтам: парызым мен уәдемді орындап шықтым. Құдай өзі жар болғай саған, Санчо, билік жүргізген жеріңде ол сені өз билігінде ұстап тұрғай және менің алаңға толы көңілімді тыныш таптырғай, өйткені күндердің күнінде аралыңмен бірге аяғың аспаннан келіп жүрмей ме деген ойдан ала көңіл боп алдым ғой әбден, ал, шынтуайтына келгенде, герцогқа сенің кім екеніңді айтып берсем, етженді, тұлғалы түріңе қарамастан сенің бар-жоғы мақал-мәтел мен айла-шарғы толы қапшықтан басқа ештеңе емес екеніңді түсіндірсем, мұның алдын алуыма да болар еді.

— Сеньор! — деп қарсылық білдірді Санчо. — Мені губернаторлыққа лайық емес деп ойласаңыз, онда бұл лауазымнан тап осы отырған жерімде, қолма-қол бас тартайын, себебі жанымның қара тырнақтай бөлегінің өзін бүкіл тәнімнен қымбат санаймын: әншейін ғана Санчо боп қала берейін, нан мен пияз жеп-ақ қуырылған құр мен семіртілген қораз жейтін губернатордан кем тірлік кешпеспін, олай дейтінім: ұйқыға батқан кезде бәріміз бірдейміз ғой — бастық та, бағынышты да, бай да, кедей де. Егер сіз, тақсыр, бұл төңіректе ой кешіп көрсеңіз, мені губернаторлыққа итермелеген мына өзіңіз екенін еске түсірер едіңіз, өйткені шошқаның апельсин жайындағы түсінігі қандай болса, губернаторлықтар мен аралдар жайындағы менің түсінігім де сондай, ал егер мені губернатор болуымның қырсығынан шайтанның шырмауына ілігіп кетеді деп ойласаңыз, онда губернатор ретінде тамұққа аттанғанша, қарапайым Санчо ретінде пейішке барғаным жөн деп білем.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий