Knigionline.co » Казахские книги » Дон Кихот ІІ

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот ІІ» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Мистер Дон Кихот полюбил рыцарские романы и решил стать рыцарем. Он отправляется вместе со своим оружейником Санчо Пэнси в путешествие во имя любви к Дульсинеи Тобосской. Это путешествие и в наши дни пленяет читателя.

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Жә, жетер, сеньор! — деді Санчо. — Мен қара табан атқосшымын, мұндай ілтипат-ықыласыңызға дәрежем сай келмейді. Қожайыным отырсын атқа, сосын менің көзімді байлаңыздар, құдайға мен үшін мінәжат етіңіздер; одан соң мынаны айтыңызшы: ана жақта, зеңгір көкте ұшып жүрген кезімізде өзімді құдайға тапсыруға, періштелерді көмекке шақыруға қақым бар ма?

Үшфальди оған былай деп жауап қатты:

— Сенің, Санчо, өзіңді құдайға және кімді қаласаң соған тапсыруға толық қақың бар: Бәлеқұмар өзі сиқыршы болғанымен, бәрібір христиан ғой, шатаққа қалмас үшін арбаушылық айла-амалдарын ол алды-артын байқап, асқан сақтықпен жасайды.

— Онда ештеңе емес екен, — деді Санчо. — Өзіме жаратқан ием мен Гаэтаның үш кейіптегі әулие бейнесі жар болсын!

— Шұға басатын шеберханаға қатысты есте қаларлық сол оқиғадан бері, — деді Дон Кихот, — Санчоның дәл қазіргідей үрейге бой алдырған кезін ешқашан көрген емеспін, егер басқа біреулер секілді ырымшыл болсам, онда мұның сужүректігі менің ержүректігімнің еңсесін түсіріп те жіберер еді. Қане, бермен келші, Санчо! Мына сеньорлар рұқсат етсе, саған оңашада бір ауыз бірдеңе айтайын деп ем.

Сөйтіп, ол Санчоны ағаш аясына алып барып, екі қолынан ұстап тұрып оған былай деді:

— Байқаған да шығарсың, бауырым Санчо, сапарымыз ұзаққа созылғалы тұр ғой, қашан қайтып оралатынымызды да және бос уақыт, қолайлы жағдай табылар-табылмасын да құдай біледі, осы себепті қазір жолға бірдеңе ала шыққың келетінін сылтауратып өз бөлмеңе барып, мойныңда жүрген үш мың үш жүз дүренің, бастапқы үлес ретінде, құрығанда бес жүзін қас қағым сәттің ішінде өзіңе-өзің шықпырта салғаныңды жөн көріп тұрмын, — сонда, қалай дегенмен де, әйтеуір, азды-кем бірдеңе жасалған есепті болады ғой, — ал қандай істі болсын бастау — оны жартылай аяқтап тастаумен бірдей.

— Апырай, шынымен анандай екенсіз ғой! — деп дауыстап жіберді Санчо. — Бұныңыз: “Айым-күнім жетіп әрең отырсам, балиғатың бар ма дейсің” деген мақалды есіме салып тұр. Маған қу тақтайға қонжиюға тура келеді, ал сіз болсаңыз құйрығымды қан-жоса қылуды талап етесіз, ә? Оллаһи, тақсыр, мұны мүлде ойланбай айттыңыз. Одан да әуелі дуэньялардың сақалын қырайық, сосын, өзіміз қайтып оралған соң, — атқосшылық адал сөзім, — борышымнан барынша тез құтылатыным сонша, өзіңіз риза боп арқамнан қағатын боласыз, сонымен әңгіме де тәмам.

Бұған Дон Кихот былай деді:

— Не деуге болады енді, мейірбан Санчо, уәдеңді қанағат тұтам және оны орындарсың деп сенем, — шындығына келсек, аңқаулау көрінгеніңмен, сен өзің басалқалы адамсың.

— О не дегеніңіз, әсте басбұзар емеспін, өз жөнін білетін жуас адаммын, — деп қарсылық білдірді Санчо, — ал, жалпы, қандай болсам да, әйтеуір, айтқан сөзімде тұрам.

Одан соң олар Клавиленьоға қарай бет алды, Дон Кихот оған мінгелі жатып былай деді:

— Көзіңді байла да, отыр атқа, Санчо: анадай алыс елдерден арнайы алдыртқалы жатса, бізді ешкімнің алдамайтыны сөзсіз, өйткені өзіңе имандай сенетін адамды алдау — абырой әперетін іске жатпайды, тіпті олай болмай, басқаша болған күннің өзінде де, осындай ерлікке тәуекел етуіміз арқылы бөленер даңқымызға қандай зымияндық та қара күйе жаға алмайды.

— Қане, жүрелік, сеньор, — деді Санчо, — мына сеньоралардың сақалы мен көзінен төгілген жасы жанымды қоярға жер тапқызбай тұр, бұлардың беті туа бітті татаусыз қалпын қайта тапқанын өз көзіммен көрмейінше, нәр татып алмауға да бармын. Әуелі сіз отырыңыз, тақсыр, сосын көзіңізді байлап алыңыз: мен сауырға отырам ғой, ендеше, ерде кім отыратын болса, сол бірінші боп мінуі керек.

— Дұрыс айтасың, — деп келісті Дон Кихот.

Сосын қалтасынан орамал шығарды да, Құсаванадан көзін жақсылап байлап беруін өтінді; бірақ, анау өтінішін орындаған кезде, ол ойда жоқ жерден таңғышты жұлып алып, былай деді:

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий