Knigionline.co » Казахские книги » Дон Кихот ІІ

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот ІІ» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Мистер Дон Кихот полюбил рыцарские романы и решил стать рыцарем. Он отправляется вместе со своим оружейником Санчо Пэнси в путешествие во имя любви к Дульсинеи Тобосской. Это путешествие и в наши дни пленяет читателя.

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Мен де, — деді Санчика. — Тұра тұрыңыздар, мен қазір сауаты бар біреуді: не священниктің өзін не бакалавр Самсон Каррасконы шақырып келе қояйын, — олар қуана-қуана келеді, өйткені әкем жайындағы хабарға ынтық екендері күмәнсіз.

— Оларды шақырудың қажеті жоқ, — деп қарсылық білдірді паж. — Менің жіп иіре білмейтінім рас, бірақ есесіне оқи білем және сіздерге хатты оқып берем.

Шынында да ол оны бастан-аяқ оқып берді, алайда аталмыш хат ілгеріде келтірілгендіктен бұл жерге оны орналастырмаймыз; одан соң ол қалтасынан герцогиня жазған мынадай мазмұндағы хатты шығарды:

«Досым Тереса! Зайыбыңыз Санчоның жан-дүниесі мен ақыл-парасатының айрықша қасиеттері күйеуім герцогқа оны сансыз көп аралының біріне губернатор етіп тағайындау жөнінде өтініш айтуыма түрткі болды және соған мәжбүр етті. Маған оның жай әншейін губернатор емес, нағыз марқасқа әкім екендігі жөнінде мәлімет келіп түсті, әрине, бұған өзім дe, күйеуім герцог та қатты қуанып қалдық. Губернатор таңдауда қателік жібермегенім

үшін Құдайға ризашылығым шексіз. Өйткені, біліп отырғаныңыз артық болмас, сеньора Тереса, жақсы басшылар өте сирек кездеседі, ал Санчоның өте жақсы басқаратыны сонша, өзім де сондай жақсы әкім атансам арманым болмас еді.

Өзіңізге, аяулы ханым, алтын ілгішегі бар маржан моншақ жолдап отырмын; Сізге тіпті Шығыстың жауһарларын сыйлаудан да бас тартпас едім, бірақ қолымызда барды қанағат тұтамыз ғой. Кейін өзіңізбен танысып, достасып кетеріміз кәміл. Оның бәрі де бір

Құдайдың еркінде. Қызыңыз Санчикаға менен сәлем айтыңыз және дайындалып жүруін ескертіңіз: күндердің күнінде оны бір ақсүйекке тұрмысқа берем.

Естуімше, сіздің жақта ересен ірі емен жаңғағы көп деседі: маған жиырма шақтысын беріп жіберіңізші, бұларды өзіңіз жинағаныңызды құрметпен еске алып жүрер едім; хал-жайыңыз қалай екені жайында, қалай тұрып жатқаныңыз жөнінде маған егжей-тегжейлі жазып жіберіңіз. Егер әлденеден мұқтаждық көріп жүрсеңіз, бір ауыз тілек айтсаңыз болды, тілегіңіз сол бойда бұлжытпай орындалады. Жаратқан өзі жар болсын Сізге.

Менің қамал-сарайымда жазылды.

Өзіңізді ерекше сыйлайтын досыңыз герцогиня».

— Аһ, — деп айқайлап жіберді Тереса хат оқылып болғаннан кейін, — бұл неткен қайырымды, қарапайым және сыпайы сеньора еді! Мұндай сеньоралармен адамша сыйласып, тату-тәтті тұрмыс кешуге болады, ал біздегі дворян әйелдердің сұрқы тіптен басқа, олар дворян болғандықтан маңымыздан ешкім жүрмеуге тиіс деп ойлайды, ал шіркеуге барғанда тіптен мардымсып кететіні сонша — оларды королева екен деп қала жаздайсың; шаруа әйелге көз тастаудың өзі оларға қорлық секілді, ал мынау, көрмейсіз бе, қандай сүйкімді сеньора: өзі — герцогиня, ал мені досым деп атайды және маған өзімен тең адамша хат жазады, бұл ниеті үшін құдай оны күллі Ламанчадағы ең биік лауазыммен теңгергей-дағы. Ал, емен жаңғақтың, мархабатты мырзам, аяулы ханымға мен тұтас бір дорбасын және жұрт таңғалып, талып түсердей ең ірілерін, жіберем. Ал, әзірше, Санчика, сеньорға күтім жаса, атын жайғастыр, сарайдан жұмыртқа әкел, сосын шошқа майын көп қылып тура — жақсылап қонақ етейік оны, еңбегі сіңді оның бұған: бізге өте жақсы хабар әкелді, өзі де жақсы жігіт екен, ал мен оған дейін көрші әйелдерге кіріп шығайын, қуанышыммен бөлісейін олармен, сосын священнигіміз бен шаштараз маэсе Николасқа соғайын — олар әкеңмен баяғыдан дос-жар болатын, әлі дос-жар боп қалып отыр.

— Жарайды, апа, — деді Санчика, — бірақ тек, ұмытпа, алқаның жартысын маған бересің, — алқаның бәрін бір өзіңе жіберетіндей сеньора герцогиня соншалықты су ми емес шығар.

— Бұл түгелімен сенікі болады, қызым, — деді Тереса, — тек кішкене шыда, екі-үш күн өзім таға тұрайын, — шынымды айтсам, бұған қарасам болды, қуаныштан жүрегім атқақтап кетеді.

— Мына жол қапшықта не жатқанын көрсеңіздер, — деп іліп әкетті паж, — екеуіңіз де одан кем қуанбайсыздар: онда сапалы шұғадан тігілген шекпен жатыр, губернатор мұны бір-ақ рет аңға киген, енді сеньора Санчикаға жіберіп отыр.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий