Knigionline.co » Казахские книги » Дон Кихот ІІ

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот ІІ» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Мистер Дон Кихот полюбил рыцарские романы и решил стать рыцарем. Он отправляется вместе со своим оружейником Санчо Пэнси в путешествие во имя любви к Дульсинеи Тобосской. Это путешествие и в наши дни пленяет читателя.

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Ол менің мың жылдық игілігіме жарағай, — деді Санчика, — оны маған алып келген адамның да сонша жыл, ал егер қаласа, тіпті бір мың емес, екі мың жыл ғұмыр кешуін тілеймін.

Бұдан соң Тереса алқасын мойнына таққан қалпы үйден ытқып шықты да, хаттарды саусағымен дабыл құсатып шерткілеген күйі жүгіре жөнелді; ойда жоқта оған священник пен Самсон Карраско ұшыраса кетті, олардың алдында бұл аяғын билей басып тұрып мынаны айтты:

— Біздің де күніміз туды! Енді біз губернатормыз! Сенбесеңіздер, осы араға ең кербез деген дворян әйелді алып келіңіздер, жынын басып берейін!

— Саған не болған, Тереса Панса? Неге бұлай құтырып жүрсің және қолыңдағы мына қағаздарың немене?

— Бұл ешқандай да құтыру емес, ал қолымдағы — герцогинялар мен губернаторлардың хаттары, мойнымда “Құдай ананы” оқитын керемет көркем маржан, “Әкемізді” оқуға арналған — алтыннан құйылған моншақтар, ал менің өзім — губернатор айымымын.

— Не деп тұрғаныңды бір құдайдың өзі біледі, Тереса, біз сені түсінуден қалдық.

— Міне, көріңіздер, онда, — деді Тереса.

Осыны айтып, оларға хаттарды ұсынды. Священник бұларды Самсон Карраскоға дауыстап оқып берді, сосын екеуі бұған қатты таңырқанып, бір-біріне көз тастап қойды, ал бакалавр хаттарды кім әкелгенін сұрады. Тереса екеуін үйіне барып, шабарманды өз көзімен көруге шақырды: ол өзі жігіт емес, алтын, маған тағы бір баға жетпес сыйлық алып келді, дегенді айтты. Священник оның мойнынан алқаны шешіп алды да, аударып-төңкеріп мұқият қарап шықты, сосын мұның нағыз маржан екеніне әбден иланғаннан кейін, тағы да қайран қалып, былай деді:

— Діни дәрежеммен ант етейін, бұл хаттар мен сыйлықтар жайында не айтарымды да, қандай долбар жасарымды да білмеймін: нағыз маржан екенін көзіммен көріп, қолыммен сезіп тұрмын, сонымен бір мезгілде әлдебір герцогиняның өзіне жиырмашақты емен жаңғағын беріп жіберуін өтінген хатын да оқып тұрмын.

— Ал, шешіп көр мұның жұмбағын! — деді Карраско да аңтарылып. — Не істейміз енді, барып шабарманмен танысайық: дағдарыстан шығуымызға, бәлкім, соның көмегі тиіп қалар.

Осыған бәтуаласқаннан кейін Тереса оларды үйіне ертіп барды. Олар келгенде паж атына сұлы елеп жатыр еді, ал Санчика қонақты тамақтандырмақ боп, жұмыртқаға аралас қуырылатын майды турап жатқан; шабарманның сырт пішіні мен киген киімі священник пен бакалаврға жақсы әсер қалдырды; олар бұған сыпайыгершілікпен бас иді, бұл да сөйтті, одан соң Самсон Дон Кихот пен Санчо Панса жайында не жаңалық барын сұрады: Санчо мен сеньора герцогиняның хатын оқығандарын, алайда Санчоға тиген неғылған губернаторлық екенін түсінбей дал боп қалғандарын айтты, оның үстіне оған аралдағы губернаторлық берілгенін, ал шынтуайтына келгенде, Жерорта теңізіндегі барлық арал түгелдей немесе түгелге жуық ұлы мәртебелі ағзамның меншігіне жататынын құлаққағыс етті. Паж оның бұл сауалына былай деп жауап қатты:

— Сеньор Санчо Пансаның губернатор екендігінде ешқандай күдік-күмән болмауға тиіс. Ал, енді ол қай жерде губернаторлық етіп жатыр — аралда ма әлде басқа аймақта ма, оның жайын біле қоймайды екем. Әйтеуір, қарамағында мыңнан астам адам мекендейтін қала бар екенін айтсам да жеткілікті болар. Ал, емен жаңғағына келсек, сеньора герцогиня өте қарапайым, тәкаппарлық дегеннен мүлдем ада...

Тоқ етері, шаруа әйелден емен жаңғағын сұрауды ол өзіне айып санамайды, тіпті бір жолы көрші селоға адам жіберіп, тарағын уақытша ұстай тұруға бір әйелге өтініш айтқан да кезі болған.

— Біле жүрген артық етпес, мырзалар, біздің Арагондағы небір айтулы ақсүйек ханымдардың өзі де Кастилиядағыдай паң, өр көкірек емес: шетінен сыпайы, шетінен сынық.

Осы әңгіменің кезінде жүгіре басып ішке Санчика кірді, етегін толтырып жұмыртқа алып келіпті.

— Айтыңызшы, сеньор, — деп сұрады ол, — губернатор атанғалы бері әкейім ұзын балақты шалбар киіп жүрген шығар, солай ма?

— Көңіл аудармаппын, сірә, ұзын болуға тиіс, — деп жауап қатты паж.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий